Аймақ

Жаңадан ашылса да, келушілер көп

Ыбырай Алтынсаринге атасы Балқожа бидің «Үміт еткен көзімнің нұры балам, жаныңа жәрдем берсін хақ тағалам» деп хат жолдаған екен. Бүгінгі күні көп ата-ана өсіріп отырған ұл-қызынан үлкен үміт күтіп отыр. Бауыр етің балаң үшін қашанда ең жақсысын, ең мықтысын қалайтын ата-ана өзі ішіп-жемесе де, өзі кимесе де «балама жарасын, ұлым кисін, қызым жесін» деп барын да, нарын да баласының аузына тосып, ұрпағының жолында құрбан болуға даяр. Шетел асырып оқытып, өссін, өнсін деп отырған әке-шешенің өз баласы үшін тілеуі де көл-көсір.

Бір жыл бұрын Жаңатаста «Әмина» балалар орталығы ашылды. Жаңатас жыл санап ажарланып, көркейіп келеді. Моноқалаларға ден қойылғалы мұнда үлкен қалалардағыдай жағдай жасалған. Осының дәлеліндей, жаңа ашылған ойын алаңында секірмелі батуттар, әткеншектер, түрлі сырғанақтар бар. Қалаға жаңа леп әкеліп,бұрын соңды болмаған жоқ дүниені ашып отырған ерлі-зайыптылар Мейірлан Рахымбай мен Нұрай Бердіхан. Жас отбасының Әмина атты он айлық қыздары бар. Орталықтың аты осы бүлдіршіннің есімімен аталған. Бұл отбасылық бизнес. Мейірланның анасы Жанат Дүйсенбаеваның да бұл істі ашуға үлкен септігі тиді. Бәрі ойласа, ақылдаса келе бірауыздан балалар алаңын ашамыз деп шешкен.

Үйдің үлкені, отанасы Жанат Дүйсенбаева Абай атындағы мектептің шағын орталығында әдіскер болып жұмыс істейді. Қазір еңбек демалысында. Осыны пайдаланып, отбасылық кәсіптерін жүргізіп, ұлы мен келініне қолғабыс қылуда. Жаңатастықтар бұл қуанышты жаңалықты көптен күткен еді. Ерекше қуанған аналардың бірі – Жанерке Төлемұратова. Оның бес баласы бар. Мектеп уақыты бітіп, үш ай демалыс басталғанда балаларын ойнататын алаң ашылғанына дән риза.

Ерлі-зайыпты Мейірлан мен Нұрай грант алмады. Ешқандай жеңілдікке қол созбады. Өз армандарын несие алумен шешті. Болашақта кәсібімізді нығайту үшін мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдалансақ деп отыр. Алайда әзірге өз пұлдарымен істерін ширатпақ. Ашылғанына бір ай болмаған ойын алаңынан адам қарасы үзілмейді екен. Жанат Ботақанқызының айтуынша, дәмді дайын асты үйге жеткізумен тапсырыс беріп жатқандар көп екен. Тіпті өзінің жұмыс орны да әріптестерін қолдап, немерелерін әткеншек тебуге жіберіп, үйлеріне таңсық асқа тапсырыс беруде екен. Отбасылық кәсіп болғандықтан, құралып кетуге күштерін салған жанұя бүтіндей өздерін осы салаға арнапты. Бірі – ұйымдастырушы, бірі – кассир, бірі – SMM маманы, бірі балмұздақ пен тәттілер жасаушы болып қолдан келген істерін аямауда. Әзірге бір ғана аспазды толық жұмысқа қамтыпты.

Заманауи үлгіде жасалған айналмақ пен сырғанаққа мінген балалар мәз. Атаана үшін баласының қуанышты жүзін көруден асқан бақыт жоқ. Балалардың қауіпсіздігі де ескеріліпті. Күндізгі сағат 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін қызмет көрсететін балалар орталығында туған күнін атап өтіп жатқан балалар көп. Жасөспірімдерге де ойын түрлері бар. Керек десеңіз, балалардың бет әлпетіне сурет салып беретін мамандар да бар. Балалардың бәрі бақытты болуы үшін жаралған. Әлемде барлық бала шаттанып, езуіне күлкі үйірілсе, ғажап емес пе? Балалар орталығын ашқан ерлізайыптылар алдағы уақытта он шақты адамды жұмыспен қамтысақ деп отыр.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Сарысу ауданы