Балалардың футболға деген қызығушылығын арттырады
Спорт – денсаулық кепілі. Заман талабына сай салынған ғимараттар мен алаңдар мыңдаған адамды қуанышқа бөлейді. Өңірімізде спортқа, оның ішінде футболға ерекше көңіл бөлініп отыр. Болашақ аяқ доп шеберлерін шыңдау үшін Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында жаңа футбол алаңы ашылды.
Футбол алаңының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысты.
Мұнан соң Серік Жақсылықұлы жас спортшыларға 50 дана спорттық сөмке табыс етті. Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория жаңа нысанның аймақтық футболдың дамуына қосатын үлесі қомақты екенін, футбол спортын қолдауда Әулиеата өңірі алдыңғы қатарда тұрғанын атап өтті. Жаңа алаң жергілікті спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға серпін береді.
Жаңа алаңнан чемпиондар шыға берсін. Бұл кешеннің ашылуы балалар үшін шексіз қуаныш болғаны анық.
Есет ДОСАЛЫ