Малы бар, жайылымы жоқ шаруаларға үлкен қолдау
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында егіс алқаптары мен ағын су мәселесіне ерекше мән берген болатын. «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», – деген еді Президент.
Бұл жерде агроөнеркәсіп саласын субсидиялауда әуелі өнім өндіруші фермерлерге нақтылай және тікелей берілуі тиіс деп ойлаймын. Сонымен қатар өнімді ұқсата пайдаланушыларға және қалдықсыз технологиямен жұмыс істеушілерге, диқандарға маусымдық далалық жұмыстарды атқаруына дизель отынын жеңілдікпен беруі керек.
Бұл шын мәнінде қолдауға тұрарлық жайт. Себебі бір-бірімен тәжірибе алмаспайтын, өзара томаға тұйық жұмыс істейтін диқандар мен фермерлердің күйі төмен. Себебі техникасы тозған. Жері құнарсыз. Міне, сондықтан ондаған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өзара ұжымдасуы – үлкен жетістіктерге жеткізуде. Мәселен, Ақтөбе мен Ақсай ауылдық округінде құрылған ауыл шаруашылығы кооперативіне ондаған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің бірігуі олардың үлкен инвестицияға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Бұл да техникасы бар, жері жоқ, малы бар, жайылымы жоқ шаруаларға үлкен қолдау, үлкен демеу болғалы тұр. Жер де, жайылым да қолынан іс келетін шаруа қожалықтарына берілуі керек. Сонда ғана жер өз ырзығын береді. Жерді баптай білетін диқан ғана оның бағасын біліп жұмыс істейді. Президентіміздің де Жолдауда айтып отырғаны осы. Осы аталған мәселелерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысқан сәтте де тоқталған болатын.
Президент:
Жалпы қарайтын болсақ, бүгінде ауыл шаруашылығына бөлінген дұрыс көзқарастың арқасында елімізде еңбек өнімділігі соңғы үш жылда 37,3 пайызға артқан. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш.
«Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзімен сөзімді қорытындылайтын болсам, соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсіп, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейген. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыру жоспарлануда. Қалай десек те еліміздің, Президентіміздің Ұлттық даму жоспары бар, мақсат-міндеттеріміз де айқын. Бізге керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже.
Кемелбек ДӘУРЕНОВ
Б. Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері.
Жуалы ауданы