Саясат

Бірлікті бір арнаға тоғыстырған...

Бірлікті бір арнаға тоғыстырған...

«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деп Елбасымыз айтқандай, Қазақстан көптеген ұлттардың басын бір шаңырақ астына біріктіріп отырған тұғырлы мекен. Ағымдағы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп аталып, оны тойлау әртүрлі салтанатты шаралардың ұйымдас­тырылуымен басталып та кетті. 

Мерейлі мереке аясында Абай атындағы орталық кітапхананың оқу залында «Қазақстан – ұлттар достығының киелі мекені» атты әдеби-сазды кеш өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толуына орай өткізілген шараға Ассамблеяның облыстағы хатшылығы мен аталмыш кітапхана қызметкерлері ұйытқы болды. Кештің мақсаты елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдеріне деген сыйластық пен құрметтің, парасаттылық пен имандылықтың көрінісін көрсетуге негізделді. Кештің ашылу салтанатында құрметті қонақтар рет-ретімен сөз алып, жүрек түкпіріндегі пікірлерімен бөлісті. – Қазақстан – көп этносты, көп дінді мемлекет. Талайдың тағдырын бір арнаға тоғыстырған осынау қасиетті жерде жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір мақсат-мүдде аясына бір кісідей топтасып келеді. Бұған біз әуелі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Ол басқа елдерде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, барлық этнос өкілдерін бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруге жағдай жасады. Солай ел бірлігін сақтап қалуда үлкен қадамға барды. Бүгінде бұл қоғамдық институт елдегі тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудың мызғымас тұрағына айналып отыр, – деді, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Ұлтуар Бабакулова. Басқа да өз ойларымен бөліскен өңіріміздегі әртүрлі этномәдени бірлестіктерінің өкілдері «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің – жүрегі бір» деген терең ойлы тәмсілдің әдемі үлгісін көрсете білді. Бұдан кейін өз өнерлерін ортаға салған Қ. Сармолдаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері мен Құрманғазы атындағы өнер мектебінің оқушылары әдеби кештің көрігін одан әрі келістіре түсті. Олар әртүрлі ұлттың биін билеп, әнін әуелетті. Қонақтарға қазақтың қара домбырасының қасиетін сезіндірді. Сондай-ақ, татулыққа үндейтін сахналық қойылымдармен көпшіліктің көкейіне ой тастай білді. Бұл ғана емес, кеш барысында кітапханашы Гүлнұр Советова көрермендерге арнап әзірлеген «Татулық – достықтың киелі бесігі» атты кітап көрмесіне шолу жасап, ондағы қызықты да құнды мәліметтермен бөлісті.

Жанғазы АХМЕТ,  «Ақ жол».