Жаңалықтар

Ақ бата мен сенімді ақтай берсін

Өткен аптада Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Тараз гарнизонына қарасты әскери бөлімдерінің 400-ден астам әскери қызметшісі Қазақстан Республикасына адал болуға ант берді.

Бұл рәсімнің аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы ескерткішінің іргесінде өтуі – бұрыннан қалыптасқан игі дәстүр. Оның символдық мәні зор, себебі Таразда орналасқан әскери бөлімдердің бірі – 5-механизацияланған бригада батырдың есімін иеленген.

Антты тек аталған бригаданың сарбаздары ғана емес, гарнизонның басқа бөлімдерінің де әскери қызметшілері қабылдады: оның ішінде байланыс полкі, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау батальоны, сондай-ақ жөндеу базасының сарбаздары бар.

Салтанатты шараға дейін күзгі шақырылым сарбаздары бір ай бойы жас жауынгер курсы дайындығынан өткен болатын. Мерзімді кезеңде сарбаздар тактикалық дайындықты, қарудың техникалық сипаттамаларын меңгерді және алғашқы тәжірибелік атыстарды жүргізу үшін полигонға шықты, сондай-ақ бронетехникамен жұмыс істеудің бастапқы кезеңінен өтті.

Дайындық барысында әскери жарғыларды тереңдетіп оқуға айрықша көңіл бөлінді. Осындай кешенді әзірліктің арқасында сарбаздар ант қабылдау сәтіне жақсы даярлықпен және жоғары моральдық күйде келді.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ибраев және Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен ардагерлер қатысты. Жиналған көпшіліктің алдында аймақ басшысы қысқаша құттықтау сөз сөйледі.

Маңызды оқиғаның куәсі болу үшін Қазақстанның әр өңірінен әскери қызметшілердің ата-аналары мен туыстары келіп, осы толқынысты әрі қуанышты сәтті өз ұлдарымен бірге бөлісті. Дәстүрге сай, ант қабылдағаннан кейін мерзімді қызметтегі сарбаздарға кешкі сағат 18:00-ге дейін демалыс берілді. Осыған байланысты олар бөлінген уақытта отбасы мүшелерімен бірге болуға мүмкіндік алды.

Жалпы ант қабылдау күні «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері бойынша бұл күні осы жылдың күзінде әскерге шақырылған екі жарым мыңға жуық сарбаз әскери ант қабылдады. Қолбасшылық бұл жауынгерлердің мерзімді әскери қызмет кезеңін абыроймен өтеп, қажетті дағдыларды меңгеріп, шыңдалып, Отан қорғаушысы деген атақты құрметпен алып жүретініне сенім білдіреді.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ