Жаңалықтар

Болашақ чемпиондар ордасы

Әулиеата топырағы талантты футболшыларға да бай өлке. Осы өңірден Сейділда Байшақов, Евгений Яровенко, Нүркен Мәзбаев, Азамат Ниязымбетов бастаған керемет талантты аяқдоп шеберлері шыққаны – жамбылдықтарға мақтаныш. Бұл үрдіс алдағы жылдары дарынды жас футболшылармен жалғасатыны даусыз. Себебі, Тараз қаласында футбол академиясының құрылысы басталды. Бұл жоба Қазақстан футбол федерациясы, Halyk қайырымдылық қоры және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге аспақ. Жобаның жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайды.

Таразда футбол академиясының құрылысы басталды

Тараз қаласында болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін Футбол академиясы құрылысының капсула салу салтанатты рәсімі өтті. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, сөз сөйледі.

Мұнан соң Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория, Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов сөз сөйлеп, жобаға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория, Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов капсуланы салды. Келесі сәтте танымал футболшы Нүркен Мәзбаев аталған жобаның жамбылдықтар үшін үлкен игі шаруа екенін айтып, облыс басшысына және қонақтарға алғысын білдірді. Қазақстан футбол федерациясы тарапынан футбол ардагерлері мен «Тараз» ФК түлектеріне арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясы, Halyk қайырымдылық қоры және облыс әкімдігі арасындағы меморандумға қол қойылды.

 

Есет ДОСАЛЫ