Тұмау тигендердің 60 пайыздан астамы балалар
Басты байлық денсаулық екенін өмір өзі дәлелдеп те жүр. Халқымыз да «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп, түрлі жұқпалы аурулардан сақтанудың жолдарын ұстанады. Алайда, дәл қазіргі уақытта өңірімізде жіті респираторлы вирустық инфекциялар өршіп тұр. Вирус жұқтырып, науқастанып қалғандар аз емес. Бұл жағдайды дәрігерлер де айтып, сақтанудың жолдарын елге хабарлап та жатыр.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше 1 қазаннан бері қарашаның ортасына дейін облыста жедел респираторлық вирустық инфекциялардың 47 мыңнан астам жағдайы тіркелгенін мәлімдеген. Ал 18 қарашада облыста 55571 ЖРВИ жағдайы тіркелді деген ақпарат тарады.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Сағыныш Нұрғабылова да кейінгі күндері жіті респираторлы вирустық инфекциялар жағдайларының көбейіп тұрғанын айтты.
Осы қараша айының басында Өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз алаңындағы брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек «облыста жедел респираторлық тұмауға жатпайтын вирустық инфекциялар мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық ахуал біршама тұрақты деңгейде сақталуда» деген болатын. Ағымдағы эпидемиологиялық маусымда, яғни биылғы 1 қазаннан 30 қазанға дейін облыс бойынша медициналық мекемелерге 30046 науқас жедел респираторлық вирустық инфекция диагнозымен келгенін айтқан еді. Өткен жылдың мұндай уақытында 27692 жағдай тіркелген екен.
Дәрігердің айтуынша, жедел респираторлық вирустық инфекциялар – әлемдегі ең кең таралған аурулар тобы. Олар тұмауды, тұмауға жатпайтын вирустық инфекцияларды және коронавирус инфекциясын біріктіреді, жоғарғы және төменгі тыныс жолдарында, өкпеде қабыну процестерін тудырады. Вирустар ауру адамнан сау адамға ауа-тамшылы және тұрмыстыққатынас жолдары арқылы жұғады. Белгілері – жөтел, қызу, мұрын бітелуі, ентігу. Барлық жастағы адамдар ауырады, әсіресе кішкентай балалар, егде жастағылар және иммунитеті әлсіз адамдар тез шалдығады. Уақытылы медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда инфекция бронхит, пневмония, менингит және басқа да ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Облыстың бас дәрігері инкубациялық кезең, яғни вирус жұққан сәттен бастап алғашқы белгілердің пайда болуына дейін 3-6 күнді құрайтынын айтты.
Асқынулардың алдын алу үшін алғашқы белгілер байқалғанда дәрігерге дер кезінде қаралу, үйге дәрігер шақыру және оның емдеу бойынша ұсынымдарын қатаң сақтау қажет. Өзін-өзі емдеуге және антибиотиктерді өз бетінше қабылдауға болмайды. ЖРВИ жыл бойы жұғуы мүмкін, алайда көбіне көктем және күз мезгілдерінде иммунитет әлсіреп, температура ауытқулары мен дәрумен жетіспеушілігі кезінде жиі тарайды. Дәл қазіргі уақытта облыста ЖРВИ мен тұмаудың таралуына байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен барлық медициналық ұйымдар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.
Нақты атқарылып жатқан шараларды атап айтсақ, науқастарға арналған төсек саны артты. Инфекциялық стационарларда 964 төсек-орын жұмыс істеп тұр, оның ішінде 65-і реанимациялық төсек. Балалар арасындағы аурушаңдықтың артуына байланысты қосымша 310 төсек, соның ішінде 80 резервтік төсек іске қосылды. Мырзатай реабилитациялық орталығы 100 төсекпен резервке дайын.
Медициналық ұйымдардың қызметі кеңейтілді. Емханалар дүйсенбі-жұма күндері 08:00-20:00 және демалыс күндері 09:00- 18:00 аралығында жұмыс істейді. Барлық емханаларда фильтр-кабинеттер ашылып, қызуы бар науқастар бөлек қабылдануда. Қосымша Call-орталық желілері іске қосылды, онлайн жазылу күшейтілді. Санитарлық талаптар қатаң бақылауда. Барлық медициналық ұйымдарда маскалық режим енгізілді. Эпидқауіпсіздік жоспарына сәйкес күнделікті мониторинг жүргізілуде. Медициналық персонал жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтылған. Жедел көмек және мобильді бригадалар да қызметке дайын. Облыс бойынша 150 мобильді бригада жұмыс істеп тұр. Жедел жағдайларға қызмет көрсетуге 60 арнайы көлік жұмылдырылды. 20 емханада балалар мен жүкті әйелдерге арналған екі деңгейлі фильтр ұйымдастырылды.
16 мыңнан астам Тамифлю, 1 мың Реленза, антивирустық препараттар мен оксолин майы, 236 ӨЖЖ аппараты, 700 мыңнан астам маска, 300 мыңнан астам шпатель мен термометр, 6 миллионнан аса дезинфекциялық таблетка бар. Жергілікті бюджет есебінен 123000 доза вакцина сатып алынып, 110340 тәуекел тобының адамы егілген. Вакцинация пункттері күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.
Қамар ҚАРАСАЕВА