Жұмысшы болуға ұялмаймын
Ұзын да, ұзақ жол жатыр, бір-біріне жалғасқан әсем де, сәнді бой түзеген үйлері бар көшелер, қыбырлаған жан жоқ, бірлі жарым көліктер гүрілдеп көшенің тастақ жолымен ызғып барады. Таң алакеуімде көкжиектен көтерілген күнмен таласып, суық, тұнық ауаны сіміріп алып, таңғы жұмысына қуана, сүйсіне кірісетін адамдар да бар. Олар өз өмірлерін қала көшесінің тазалығымен байланыстыратын беттері күн қаққан, ойлы жанары алысты шолған, сары күртелі, сабырлы мінезді, екі қолына күрегі мен сыпыртқысын қару қылған қайсар мінезді адамдар – көше тазалаушылар. Ерік-жігері берік жандарды «күре жолдың сақшылары» деуге болады.
Бойына сабыр мен төзімді жиған, «таңғы нәсіпАлладан» деп тас жолдың топырақ, құмын сыпырып, қыста қарын күреп, қоқысын жинап, шашылған көшенің бойының сәнін келтіретіндер осылар. Иә, көшенің сәнін кіргізеді, себебі көшенің көзге көрінбейтін тазалығы, жұмысы өте көп. Жол бойы асфальт жиектерін, бордюрлардың құмын сыпыру, шөптерін жұлу, арық жүйелерінің қоқысын тазалау, қар күреу ісі. Шағын саябақтар мен демалыс орындарын тазалау, жаяу жүргіншілер жолын сыпыру, жол бойы қоқыс жәшіктерінің шашылған қоқысын жинап тазартып отырады. Қиындығы көп, ауыр жұмыс болса да, адал еңбектің нанын көше тазалығынан тауып отырған жандар ең үлкен құрметке ие дер едім.
Тазалық – ол әр адамның өн бойының, үйінің, ауласының, көшесінің тазалығынан, үлкен ауқымда алсақ, табиғат тазалығынан бастау алып, ой тазалығына дейін көтеріледі. Қоршаған орта тазалығына салғырт қарауға болмайды, жас жеткіншектер де мұны түсінгені абзал. Күнде дене еңбегімен шыныққан тазалықшылардың ой тазалығы да шыныққан адамдар. Сары күртесін тастамайтын сабырлы жандар – жылдың төрт маусымының төрт түрлі мінезін бағындырған ерен еңбектің адамдары. Табиғаттың тазалығы әрбір адамды ойландыруы керек. Табиғат тазалығы күнделікті қарапайым ісәрекеттен басталса құба-құп болар еді. Көшеде кетіп бара жатып, қолыңдағы ішілген сусыны мен желінген тәттінің пластик, шыны ыдыстарын, алюминий қалбырларды, тіпті қағаз қаптамалар, пакет-орамасы болса да, кез келген жерге, аяқ асты тастамай, арнайы қоқыс жәшіктеріне салып отырса, сіз бен біздің көше тазалығына қосқан үлкен үлесіміз осы болар еді.
Бұл мәдениетіміз бен адамгершілік құндылығымыздың жоғары көрсеткіші, әрі осы кәсіп адамына деген сый, құрмет болып табылады. Еңбектің жаманы жоқ, қолынан іс келмейтін, не істегісі келмейтін адам бар деп ойлаймын. Көше тазалықшылары әр ісіне ұқыпты, жауапты қарайды. Кейде бізден «осы еңбек несімен қызықты?» деп сұрайды. Сондағы берер жауабымыз біреу-ақ. «Жол біз үшін бітпейтін қызықтың бастауы, саяхат. Кейде жолда қызықты оқиғаларға тап болып, бейтаныс адамдарға да қол ұшын беріп көмектесеміз. Көше бойын аралап саяхат жасап, сыпырып жүріп жаңарып, гүлденген қаланың сәнін көреміз, сол қаланың көркіне үлес қосамыз». Адал, ауыр еңбектің нанын жеп жүрген жандардың берер жауабы осы. Бұл салада қолыма күрек ұстап, еңбек еткеніме тоғыз жылдың жүзі болыпты. Алғаш 2016-шы жылы қарапайым жұмысшыдан, көмекші болдым, енді жол тазалығы шебері қызметіне дейін көтеріліп табанды еңбек етіп келемін. Мен де осы еңбектің дәмін таттым, қысы-жазы, ыстық-суығына күйіп-жандым, жаңбыры мен қарын кештім. Тынымсыз еңбекпен, атқарған ісіме жауапкершілікпен қараудың арқасында, осы кәсіптің шыңына шығып келемін, оған өз маманымның білімі де әсер етті, табиғат тазалығына жақын эколог маманының иесімін.
Қазіргі «Жасыл Ел Тараз» мекемесінде жол тазалығы учаскесінде қызмет қылған адамдардың басым бөлігі – көпбалалы аналар, жалғыз басты жандар, еңбек демалысына бір-екі жыл қалған қария адамдар, осы мамандықты отбасын асырау үшін табыс көзі қылған ер азаматтар, ауыр еңбекті белі жазылмастан жасап, қоғамға үлес қосуда. Біздің ортамыз гүлденуі, көріктенуі үшін жанын аямауда. Жол тазалығының қиындығы да жоқ емес, күнделікті көлік апатынан да жарақат алып қалатын, қайғылы оқиға орын алатыны да бар. Көлік жүргізушілері де кейде жол беріп, тазалыққа ынта қосады. Кейде мейрам күндері, әсіресе 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесінде гүл шоғын сыйлық беріп, тазалықшыларды қуантатын қала тұрғындары мен жеке кәсіпкерлер, ұйымдар да бар. Қыстың суығында ыстық шайы мен тәттілерін ұсынып көңіл қошын көтеріп тастайды.
Ораза айында мешіттерден көмек көрсетіліп, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қаржылай көмек қолын созатын қайырымды жандар да кезігеді. Азға қанағат қылған ақжарқын жандардың өкініші де бар, еңбекақының аздығынан баспаналы болуды армандап жүрген отбасылар қаншама? Өз еңбегінің жемісін жеп, осы ортадан зейнетке шыққан жандар да көп, ауыл, аудан, облыс әкімінің марапаттарын алып, құрмет тақтасына суреті ілініп, бильбордта бейнесі жарқырағандар да баршылық. Телеарналарға сұхбат беріп, көше тазалығына үндеу айтып жүрміз. Еңбек еткен адамның үлкені немесе кішісі жоқ. Біз нағыз қара еңбектің адамымыз, сонымен мақтанамыз! Жол амандығын, жан амандығын тілеп, тұрғындардан адал еңбегіне «рақмет» деген бір ауыз жылы сөз естіп, алғыс алса, бұл көше тазалықшыларына үлкен мәртебе, құрмет болмақ.
Жанаргүл ТОЛАШҚЫЗЫ
жол тазалығы шебері.