Әлеумет

Тазалыққа да тиянақтылық керек

«Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» дегенді атамыз қазақ бекерге айтқан жоқ. «Тазалық – иманның жартысы» деген де сөз бар. Мұның баршасы қоғамда тазалықтың бастапқы орында тұратынын көрсетеді. Тазалық бар жерде, сапалы жұмыс та, береке де бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Біз бүгін тазалыққа жауапты еңбек адамы Гүлнар Жақыпова жайлы сөз қозғамақпыз.

Гүлнар Бескемпірқызы 1985 жылы 19 жасында босаға аттап келін болған. Міне, осы жылдан бастап еден жуушы ретінде еңбекке араласқан. Әуелі қазіргі Ақбастау ауылдық округіне қарасты Бірлесу-Еңбек ауылындағы мекемелердің бірінде тер төксе, көп ұзамай «Аса» кеңшарының кеңсесінде тазалыққа жауапты болды. Кейіннен 15 жыл бойы аталған ауылдағы орта мектепте кіші қызметкер болып жұмыс істеді. Ал 2018 жылдан бері Бірлесу-Еңбек ауылында орналасқан Ақбастау ауылдық округінің кеңсесінде еден жуушы болып еңбек етеді. Қай мекемеде жүрсе де Гүлнар өз жұмысына өте жауапты.

Әр бөлменің тазалығына ерекше мән береді. Жұмысына ерте келіп, кеш қайтады. Ат үсті қимылдап, жүрдім-бардым істей салу бұл кісіде атымен жоқ. Кеңсеге келетін адамдар да әртүрлі. Біреу сыпайы, біреу дөрекі. Тазалыққа жауапты адамның жұмысын бағалайтындар да бар, бағаламайтындар да аз емес. Біреу былғаныш етігін тазаламай кіріп кетеді. Сөйтіп, кеңсенің кіреберісін, бөлмелерді аймандай етіп былғайды. Ондайға да қабақ шытып жатқан Гүлнар жоқ. Бір езу тартып алып, қайтадан тазалап шығады.

Былай қарасаңыз, «өртеніп кеткен ештеңе жоқ. Тазаласа өзінің жұмысы ғой» деуге де болады. Бірақ әр адамның өзі таза болуы, айналасындағы тазалыққа көңіл аударуы, ең құрығанда таза тұрған жерді бүлдірмеуі маңызды емес пе? Осы тұрғыдан алғанда мұнтаздай болып тұрған жерді алшаң басып бүлдіріп кететін, жүрген жерлерінде айғыз-айғыз ұсқынсыз із қалатын жағымсыз адамдардың жағасынан ала түскің келетіні бар. Бірақ ең жаманы олардың өз қателігін түсінбейтіні. Гүлнар Бе скемпірқызы секілді айналасына жылы шуақ пен тазалық сыйлап жүрген кісілерді көргенде көңіліміз күндей жадырап шыға келеді. Бұл ретте еңбек адамының да сөзіне назар аудардық.

Еңбек адамы туралы басшылықтың да пікірі оң екен.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы