Саясат

Әйел көшбасшыларды әлі де көбейту керек

Бүгінде әйелдердің қоғамдағы рөлі жыл сайын артып келеді. Біздің облыста 612 мыңнан астам әйел тұрады екен. Бұл – өңір халқының жартысынан көбі яғни, үлкен әлеуметтік-саяси ресурс. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің 82 пайызы – әйелдер. Гендерлік теңдік – тек әділдік қана емес, ол жақсы басқарудың, тұрақты дамудың кепілі. Әйелдердің дауысы естілген жерде әлеуметтік саясат тиімді жүреді, отбасы мәселелері дұрыс шешіледі, қоғамда тұрақтылық күшейеді. Осыған орай облыс әкімдігінің мәжіліс залында Amanat партиясының облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясында «Әйелдердің өңірлік деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуы» тақырыбында кеңейтілген отырысы өтті. Отырысты партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды.

Жиынға Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Amanat партиясы Әйелдер қанатының «Әйелдер денсаулығы мен отбасылық құндылықтарды насихаттау» бағыты бойынша тең төрағасы Гүлдара Нұрымова, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері, облыс әкімдігіне қарасты басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен өңірлік Әйелдер қанатының мүшелері қатысты.

Басқосуда алғашқылардың бірі болып Amanat партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Айман Әшімова «Әйелдердің өңірлік деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуы» тақырыбында баяндама жасады.

Мұнан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Алданышқызы сөз алып, әлі де болса барлық қызметте, кәсіпкерлікте, басшылықта әйелдердің үлес салмағын көбейту керектігін тілге тиек етті.

Бұдан кейін рет-ретімен әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау тетіктері мен өңірлік мүмкіндіктер туралы жеке кәсіпкер, «Білім» кәсіби- гуманитарлықтехникалық колледжінің директоры, Тараз қалалық Әйелдер қанатының үйлестірушісі Жанат Ертаева, «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, өңірлік Әйелдер қанатының «Инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу» бағытының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Анар Бексұлтанова, облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры А. Биғабылова сөйледі.

Бүгінгі пікір алмасу – жаңа идеяларға, жаңа бастамаларға және жаңа серпінге жол ашты. Ортақ мақсат – қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейту, олардың құқықтарын қорғау және мүмкіндіктерін кеңейту.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА