Мектептер онлайн-форматқа көшіп жатыр
Қараша айының орта шенінен бастап облыста жедел респираторлық вирустық инфекциялар деңгейі күрт өсіп, эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті. Әсіресе мектеп жасындағы балалар арасында сырқаттанушылық жоғарылап, бірнеше білім ордасы уақытша қашықтан оқыту форматына көшуге мәжбүр болды. Денсаулық сақтау мекемелері күшейтілген режимге көшіп, өңірде қосымша төсек-орын, мобильді бригадалар және фильтркабинеттер саны арттырылды.
Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері өңірде ЖРВИ жұқтырғандардың саны артып барады. Жалпы, тіркелген науқастардың 60 пайыздан астамын 14 жасқа дейінгі жасөспірімдерді құрап отыр. Қазіргі уақытта өңірде бірнеше мектеп онлайн оқыту жүйесіне көшкен. Сондайақ дертке шалдыққандардың біршама бөлігінен риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус белгілері анықталыпты.
Мамандардың айтуынша, қолданыстағы санитариялық талапқа сай мектептердегі оқу процесі бір сыныптағы балалардың 20- 30 пайызы сырқаттанғанда немесе жалпы науқастық деңгейі 30 пайыздан асқанда ғана уақытша тоқтатылады. Қазіргі кезде өңірде біршама мектеп онлайн оқу жүйесіне көшіп отыр. 20 қарашаға дейін 14 мектептегі 598 сынып ЖРВИ таралуына байланысты қашықтан оқытуға ауыстырылса, 20 қарашадан бері Тараз қалалық білім бөлімі бұйрығымен бұл сан одан әрі артты. Тараздан бөлек Меркі, Талас аудандарындағы бірнеше мектеп те онлайн форматқа көшкен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, өңірде тұмауға қарсы жұмыс күшейтілген. Инфекциялық стационарлардағы төсек саны артып, медициналық ұйымдардың қызмет ауқымы кеңейтілген.
Басқарма ұсынған мәліметке сәйкес, өңір бойынша 150 мобильді бригада жұмыс істейді. Жедел жағдайларға 60 арнайы көлік жұмылдырылған. 20 емханада балалар мен жүкті әйелдерге арналған екі деңгейлі фильтр ұйымдастырылған. Қордағы дәрі-дәрмек пен жабдық жеткілікті. 16 мыңнан астам тамифлю, 1 мың реленза, антивирустық препараттар, оксолин майы, 236 ӨЖЖ аппараты, 700 мыңнан астам бетперде, 300 мың шпатель мен термометр, 6 миллионнан аса дезинфекциялық таблетка бар.
Жергілікті бюджет есебінен 123 мың доза вакцина сатып алынып, 110 340 азаматқа екпе егілді. 1 қазан мен 18 қараша аралығында облыста 55 мың 571 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға жоғары. 14 жасқа дейінгі 34 250 бала, 2 797 нәресте, 2 396 жүкті әйел тіркелген. Зертханалық зерттеуден өткен 168 жағдайдың 61-інде А(H3N2) тұмауы анықталды. Өлімжітім жоқ. Соңғы күндері оқушылар арасындағы сырқаттанушылықтың артуы өңірдегі мектептердің жаппай қашықтан оқытуға көшуіне себеп болып отыр.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал әзірге тұрақтанар түрі жоқ. ЖРВИ жұқтырушылардың күн санап көбеюі, әсіресе балалар арасындағы сырқаттанушылықтың жоғары болуы білім беру ұйымдарын шұғыл шешімдер қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Дегенмен медицина мекемелерінің күшейтілген режимге көшуі, қосымша төсекорындардың ашылуы және вакцинация қарқынының артуы жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді дейді мамандар. Ең бастысы – тұрғындардың сақтық шараларын қатаң сақтауы мен өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы маңызды. Аурудың таралуын тежеу әрбіріміздің ортақ міндетіміз.
Мақпал СҮЙІНБАЙ