Жыл басынан бері 340 техника сатып алынды
Еліміз аграрлық сектордың тиімділігін арттыру жолында машина-трактор паркін жаңғырту жұмыстарын қарқынды қолға алуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы саланың әлеуетін арттыру мақсатында техниканы жаңарту және өндіріс процесіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді.
«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының деректеріне сүйенсек, былтыр еліміз бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 228,5 миллиард теңгеге 10,5 мың дана техника сатып алған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 37 пайызға артық. Әсіресе өздігінен жүретін техникаларға сұраныс артып, 4729 дана (2023 жылмен салыстырғанда +66 пайыз) трактор, 924 дана (+80 пайыз) комбайн алынған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне қарағанда, 2025 жылдың 10 ай қорытындысымен Жамбыл облысында өздігінен жүретін 340 техника, нақтырақ айтсақ, 10 комбайн, 330 трактор сатып алынып, машина-трактор паркі 5,9 пайызға жаңартылды.
Бұл бағытта негізгі құралдың бірі – инвестициялық субсидиялау. Ол бойынша 15 пайыздан 30 пайызға дейін сатып алынған техника құнының бір бөлігін өтеу көзделеді. Қосымша мемлекет кредит пен лизинг тәсілімен пайыздық мөлшерлемені басым техникалар бойынша 6 пайызға дейін, басқа түрлері бойынша 15 пайызға дейін субсидиялайды. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайыз, лизинг мерзімі 7 жылға межеленген жеңілдетілген лизинг бағдарламасы жалғасуда. Бұл бағытта еліміз бойынша 2025 жылға 250 миллиард теңге бөлінген.
Аталған шаралардың нәтижесінде машина-трактор паркін жаңарту қарқынды өсіп, көрсеткіш 6,5 пайызға жетті. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша елімізде 255 миллиард теңгеге 10100 дана техника лизингке берілді, бұл өткен жылғы о сы кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары.
Жалпы, 2025 жылы қазақстандық шаруашылықтар 25 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды, бұл сұраныстың тұрақты өсімін және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көрсетеді. Мемлекеттік ынталандыру бағдарламалары отандық ауыл шаруашылығы машина жасау саласына мультипликативтік әсер беріп отыр. Республикада өздігінен жүретін техника өндіретін 10 зауыт бар.
Трактор, комбайн, бүріккіш және басқа да техника түрлерінің өндірісі жолға қойылған. Сонымен қатар Қазақстан әлемдегі жетекші брендтер – John Deere және CLAAS техникасын құрастыру алаңына айналды. Нәтижесінде, отандық өндірушілер тракторлар мен комбайндар бойынша ішкі нарықтың 90 пайыз қажеттілігін қамтамасыз етіп, саланың технологиялық тәуелсіздігін күшейтуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосып отыр.
Aq jol-Aqparat