Жаңалықтар

«Құмарланып, шаттанба, ойнап босқа күлуге»

Абырой болғанда, бірнеше жыл бұрын облыс орталығындағы «Фортуна», «Олимп» және «Зенит» секілді букмекерлік кеңселер жабылып тынды. Өкінішке қарай, талай отбасының талқанын шығарған осынау ойынханалардың кесірінен жамбылдықтар қаншама қаражатынан қағылды. Оңай олжа іздегендердің құмар ойынға жіпсіз байланып, барынан айырылғанын көз көрді. Ал бүгінде ұялы телефон арқылы логинмен ойнайтындардың бар екенін құлағымыз шалып қалады. Онлайн ойынның жетегінде жүргендерге қайтсек тосқауыл бола аламыз? Жалпы, өңірімізде заңсыз ойын бизнесімен күрес қай деңгейде жүргізіліп жатыр? Қай аудандарда заңды белден басқандар көп?

Өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиевтің айтуынша, Тараз және Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректері анықталған. Аталған дерекке қатысты еліміздің Қылмыстық Кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, 1 іс сотқа жолданған.

Деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда біздің елде құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады екен. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 миллион теңгені құрайды. Әрине бұл аз ақша емес. Халық саны небәрі 20 миллионға жуық елімізде құмар ойынның кесірінен қарызға батқандардың көбейе түсуі көңілге кірбің ұялатады. Себебі бұл көрсеткіш жыл санап артпаса, кемімейді. Иә, қалтадағы қаражатты көбейтіп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер батпаққа белшесінен батқанын кеш білетіні өкініштіақ. Кездейсоқ жетістік пен бос үмітке тәуелді олар қолындағы ақшасының құмдай сусып кететінін дер кезінде аңғармайды. Осыдан соң, «амалсыздан» қылмысқа баруға мәжбүр. Психолог Аделя Оспанның айтуынша, көп адамның ойынға әуестенуі балалық шағында ата-анасымен қарым-қатынас кезіндегі келіспеушіліктердің салдарынан туындайды. Ең жақын адамдарымен сырласпайтын жас жеткіншек бойын ойын арқылы бір сәтке болса да жағымсыз жайттардан аулақ салдым деп тұжырымдайды.

 Иә, құмар ойынға бір бас сұққан жан букмекерлік кеңсеге қайта-қайта барғысы келіп тұратын психологиялық дертке ұшырайтыны белгілі. Әуелі қолындағы барын берсе, кейін үйіндегі бағалы заттарға қол салады. Ал мұндай ойындардың кез келген смартфонда жарнамасы жарқырап жүруі жығылғанға жұдырық. Сондай ойындардың ішіне кірсең «карта нөміріңді жаз» деп тұрады. Кейінгісі белгілі ғой. Алғашында 5-10 мың, кейін есепшотыңдағы қаражатыңның қайда кеткенін білмей қаласың. Нәтижесінде, пайдаға кенелемін деп батпаққа батасың.

Жасыратыны жоқ, бүгінде адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қалтасын қампайтқысы келетіндердің қатары көбейген. Бәс тігуден алдына жан салмайтын мұндайлар букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың торына түсіп, тапқан-таянғанын желге ұшырып жатыр. Рас, «тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Бірақ бүгінгі «ойыншылар» құмарлықты тәуекелмен яки игі іспен шатастырып алғандай. Олай дейтініміз, отызында орда бұзбақ түгілі, қырық жасында қамал ала алмайтын масыл, бойкүйез буын өсіп келеді. Осыдан-ақ, құмарлық әрекеті әлеуметтік мәселеге айналғанын аңғара беріңіз.

Ендеше, бұл мәселеге бұдан әрі көз жұма қарауға әсте болмайды. Еңбекқор әрі ұстамды, нәпсісін тыя алатын ертеңгі ел жастарын тәрибелегеміз келсе, қоғам болып қозғау салатын уақыт жетті.

 

Есен ӨТЕУЛІ