Қоғам

Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттікті қалай жоямыз?

Жыл өткен сайын елімізде жасөспірімдер қылмысы көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Дерекке сүйенсек, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеледі екен. Оның үстіне бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың басым көпшілігі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу сияқты фактілерден тұрады. Ең сорақысы, жыл сайын заң талабымен жазаланатын жасөспірімнің кемінде біреуі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу үшін тәрбиелеу колонияларына жіберіледі. Айталық, осы жылдың қаңтар айында 8-сыныптың оқушысын ұрып, өлтірген үш бозбала сотталды. Оқиға Байзақ ауданына қарасты Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте болған. 14 жастағы Мирас Мәлікке жоғары сынып оқушылары даладағы әжетханада әлімжеттік жасаған. Бүгін күдікті деп танылған үш жасөспірімге сот үкімі шықты. Біреуіне ауырлығы орташа санаттағы қылмыс жасағаны үшін айып тағылғандықтан, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.