Мемлекеттің дамуы – тәртіп пен мәдениетке байланысты
Құқықбұзушылықтардың алдын алу және халық пен мемлекеттік органдар арасында тиімді өзара байланыс орнату мақсатында «Заң мен тәртіп» мобильді профилактикалық керуені өз жұмысын бастады. Жоба қоғамда заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және жастар арасында жалпы құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған. Керуен құрамындағы мамандар сапар барысында тұрғындармен кездесіп, нақты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, құқықтық кеңестер береді.
Облыстық полиция департаментінде керуеннің салтанатты түрде жолға шығу рәсімі өтті. Басқосуға облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, департамент ардагерлері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Жиында әуелі сөз алған департамент бастығы Қайсар Сұлтанбаев керуен сапарына сәттілік тіледі.
Керуеннің мақсаты – қылмыстың салдарымен емес, себептерімен күресу. Халықпен кездесулерде тұрғындарды алаңдатқан мәселелер анықталып, оларды шешу жолдары түсіндіріледі, құқықтық кеңестер беріледі. Атап айтқанда, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтық және кибербуллинг мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат ұсынылады. Керуен құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, прокуратура қызметкерлері, полиция, заңгерлер және психологтар енген. Департамент бастығы өз сөзінде әр сапардан кейін тұрғындарды мазалаған сұрақтар жинақталып, талданып, жұмыстың қай бағытта күшейтілуі керектігі анықталатынын атап өтті.
Жобаның авторы, облыстық полиция департаменті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор-психолог Айжан Түктібаева, әр адамның өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі құқықбұзушылықтардың алдын алуға үлкен септігін тигізетінін айтты.
Керуеннің жолға шығу рәсімі салтанатты жағдайда аяқталып, қатысушыларға үлкен миссияны атқарып, халыққа сапалы құқықтық қызмет көрсету тілектері айтылды. Бұл жобаның қоғам үшін маңыздылығы зор. «Заң мен тәртіп» мобильді профилактикалық керуені елімізде құқықтық мәдениетті нығайтып, жастар мен ересектердің қауіпсіз өмір сүруіне үлес қосатыны анық.
Мақпал СҮЙІНБАЙ