Білім

Жаңа өркениетке сенімді қадам

Қазақстан тарихында жаңа бет ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні құқықтық реттеуге арналған арнайы заңға қол қойып, елдің технологиялық дамуында жаңа дәуірді бастады. Бұл құжаттың қабылдануы кездейсоқ емес, әлем тез өзгеріп жатқан заманда жасанды интеллектінің ықпалы күн сайын артып, оның мүмкіндіктерімен қатар тәуекелдері де күрделене түсті. Сондықтан Қазақстанның бұл шешімі уақыт талабына сай жасалған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Заңның қабылдануы еліміздің цифрлық саясатын жаңа деңгейге көтеріп, халықтың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы іспетті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан цифрлық трансформацияны мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналдырғаны белгілі. Ал соңғы жылдары технологиялар бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен дамып, жасанды интеллект экономиканың, ғылымның, тіпті күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Осындай жағдайда ЖИ саласын дұрыс бағытқа бұратын, оның дамуына кедергі келтірмей, керісінше қоғам игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ететін құқықтық шеңбер қалыптастыру аса маңызды болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюымен қабылданған жаңа заң осы міндетті толық атқаруға бағытталған. Жаңа заң жасанды интеллектінің құқықтық мәртебесін айқындап ғана қоймайды, ол Қазақстанның технологиялық дамуына бағытбағдар беретін құжатқа айналды. Бұған дейін ЖИ сан түрлі бағытта қолданылғанымен, оның нақты құқықтық ережелері болмағандықтан, қолдану саласында бірқатар сұрақтар жиі туындайтын. Енді жасанды интеллект ресми түрде информатизация құралы ретінде танылып, оның қызметі мен қоғамдағы орны заң жүзінде бекітілді.

Бұл технологияны коммерциялық саладан бастап әлеуметтік қызметтерге дейін кең ауқымда қолдануға құқықтық мүмкіндік береді. Заңда жауапкершілік принципі ерекше орын алған. Жасанды интеллектінің шешімдері қандай жағдайларда кімге тиесілі, оның жұмысында қате кетсе кім жауап береді деген мәселелер көпшілік үшін маңызды болды. Енді бұл сұрақтарға нақты жауап беретін ережелер бар. Әзірлеушілер жүйенің сапасына, қауіпсіздігіне, сенімділігіне жауап береді. Жүйе иелері инфрақұрылымның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Пайдаланушылар технологияны жауапты түрде қолдануға міндетті. Мұндай міндеттерді нақтылау жасанды интеллектінің бақылаусыз қолданылуын болдырмай, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырады. Заң тек техникалық нормалармен шектелмейді, ол моральдық-этикалық талаптарды да қамтиды. Бұл құжаттың ең заманауи тұстарының бірі.

Әлем елдері ЖИдің қабылдайтын шешімдері әділ ме, жоқ па, оның артында қандай алгоритмдер тұр, ол адамға зиян келтірмей ме деген сауалдар төңірегінде қызу пікірталас жүргізіп жатыр. Қазақстан да бұл мәселелерден тыс қалмады. Жаңа заңда әділдік, ашықтық, түсініктілік, дербес деректерді қорғау, адамның әл-ауқатын сақтау принциптері арнайы көрсетілген. Аталған нормалар жасанды интеллектке соқыр сенім емес, саналы бақылау қажет екенін көрсетеді. Өркениетті елдер тап болған күрделі мәселелердің бірі – жалған ақпарат пен deepfake технологиялары. Бүгінде адамның дауысын да, бейнесін де қолдан жасап шығару қиындық тудырмайтын заманға жеттік. Мұндай қауіпті құбылыстар қоғамға қауіп төндірмей қоймайды. Қазақстан қабылдаған заң дәл осы проблемаларды шешуге бағытталған. Енді адамның келісімінсіз оның бейнесін, дауысын немесе жеке деректерін қолданған кез келген әрекет заң бұзушылық болып есептеледі. Жалған ақпарат таратуға, алдап-арбауға, адамның ерік-жігеріне әсер етуге бағытталған жүйелерге қатаң тыйым салынады. Жасанды интеллект арқылы жасалған контентті міндетті түрде таңбалау туралы талап қоғам үшін аса маңызды.

Қазіргі ақпараттың көп заманында адам неден хабардар болып отырғанын анық білуі керек. Тұтынушы ақпараттың жасанды интеллект арқылы жасалғанын білгенде, оның мазмұнын саралай қарап, эмоциялық манипуляцияға жол бермейді. Бұл – ақпараттық қауіпсіздік пен медиамәдениетті қалыптастырудың маңызды шарты. Заңның тағы бір салмақты тұсы – ұлттық жасанды интеллект платформасын құру. Бұл бастама Қазақстанның технологиялық егемендігін күшейтеді. Платформа ондаған отандық жобалардың дүниеге келуіне, ғалымдардың зерттеу жүргізуіне, ITинженерлердің жаңа идеяларын тәжірибе жүзінде сынап көруіне мүмкіндік береді. ЖИ платформасы ұзақ мерзімді стратегиялық маңызы бар жобалардың орталығына айналады. Ол болашақта еліміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырады және Қазақстанды Орталық Азиядағы технологиялық хабқа айналдыруға үлес қосады. ЖИ туралы заң мемлекеттік органдардың да жұмысын өзгертуі мүмкін.

Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, деректерді тиімді пайдалану, халықпен қарым-қатынастың жаңа цифрлық форматтары жасанды интеллектінің көмегімен жүзеге асады. Бұл қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, әкімшілік процестердің ашықтығын күшейтеді. Халық үшін ыңғайлы, тез әрі әділ қызмет көрсету болашақта жаңа стандартқа айналады.

Экономика саласында да үлкен өзгерістер күтіледі. Бизнес жасанды интеллектіні заң жүзінде қолдана алатындықтан, стартаптар, финтехкомпаниялар, өнеркәсіптік кәсіпорындар жаңа технологияларды еркін әрі сенімді қолдана алады. Бұл – инвестициялық климаттың жақсаруына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңірлерде инновациялық кластерлердің пайда болуына әкеледі. Жасанды интеллект ауыл шаруашылығын да өзгертуі мүмкін. Деректерді талдау, өнімділік болжамы, су ресурстарын тиімді басқару сияқты бағыттар ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырады.

Білім беру саласына келетін болсақ, бұл заң жастардың жаңа технологияларға деген қызығушылығын арттырады. Университеттер мен мектептерде жасанды интеллект курстары күшейтіліп, жаңа мамандықтар пайда болуы ықтимал. Жасанды интеллект құралдарын етене қолдана алатын мамандар болашақта экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналады. Қазақстанда осындай кадрлар даярлау үшін құқықтық, институционалдық және техникалық негіздер кеңінен қалыптасып келеді.

Қоғам үшін бұл заңның қабылдануы үлкен жауапкершілік жүктейді. Технология дамып жатқанда, адамгершілік, қауіпсіздік және құқықтық тәртіп мәселелері қатар жүруі тиіс. Қазақстан қабылдаған заң жасанды интеллектінің даму қарқынын тежемей, оның қауіпсіз әрі гуманистік арнада дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы арқылы мемлекет цифрлық дүниедегі өз бағытын айқындап, азаматтардың құқықтары мен құндылықтарын қорғауды басты орынға қойғанын көрсетті. Жаңа заң – Қазақстанның тек бүгінгі күнге емес, болашаққа жасаған стратегиялық қадамы. Еліміз жаһандық технологиялық жарыста шетте қалып қоймай, өз орнын анықтауға дайын екенін дәлелдеді.

Жасанды интеллект заманында мемлекеттерді қуатты ететін ресурстар бұрынғыдай пайдалы қазбалар емес, білім, инновация және технологияны дұрыс қолдану қабілеті. Қазақстан дәл осы бағыттарды басымдыққа айналдыра отырып, жаңа цифрлық өркениетке сенімді қадам жасап отыр.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ