Әлеумет

Халық фосфогипс үйіндісін жоюды талап етуде

Тараз металлургия зауытының қасындағы алып үйінділер туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Бұл мәселені экологтар да, табиғат жанашырлары да талай мәрте республика деңгейінде көтерді. Өкінішке қарай әлі нәтиже жоқ. Ал бұдан бүгінде Жамбыл ауданының Жамбыл ауылдық округіндегі 6 елді мекен тұрғындары зардап шегіп келеді. Олар «Осы жасанды таудан құтылар күн бар ма екен?» деп армандайды. Мұның өзіндік себебі де бар. Қатты дауыл болған күндері жоғарыда аталған елді мекен үстіне қыста қар жауғандай болады. Ауылдар ақ түтектен көрінбей қалады.

Желмен ұшқан минералды тыңайтқыштың қалдығы – фосфогипс ат шаптырым аумаққа тарайды. Ол көктемде және күзде жауған жаңбыр, қар суымен бірге жерге сіңіп, жерасты суына қосылады. Тараз сияқты қаланың және елді мекендердің қасында осындай орасан мөлшерде жиналған өндірістік қалдық – фосфогипстің таудай болып үйіліп жатуы басқа еш жерде кездеспейді.

Тыңайтқыштан тұрғызылған таудың төменгі жағындағы Жамбыл ауылдық округі аумағында, бүгінде Тараз қаласына қосылған Шайқорық, Танты, Ш. Ниязбеков, Қапал, Қоңыртөбе және Шайқорық стансасы елді мекендері орналасқан. Мұнда шамамен 7229 тұрғын тұрады. Аталған елді мекендер жарты ғасырдан астам уақыттан бері өндіріс қалдығынан айтарлықтай зардап шегіп келеді. Тұрғындар осынау өзекті мәселені алқалы жиындарда жиі көтереді. Бүгінде екі тауға айналған фосфогипсті мүлде жоюды талап етуде. Әйтсе де тұрғындардың өтініші әлі күнге аяқсыз қалып келеді.

Жеке кәсіпкер Ерғали Асақұловтың айтуынша, үздіксіз жел ұшыратын қалдықтардан тұрғындардың тыныс жолдары, өкпе және асқазан, ішек ауруларына жиі шалдығатынын айтып шағымданады екен.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ