Дубайда кәсіп ашқан
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы алыс-беріс бағзы заманнан берік. Сауда-саттық пен бизнес екі ел арасында ерекше дамыған. 2023 жылы Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 632 миллион АҚШ долларына жетіпті. Салықсыз режим, экономикалық байланыс пен сұраныс отандық кәсіпкерлердің еркін бизнес жасауына қолайлы жағдай туғызып отыр. Біз бұған Біріккен Араб Әмірлігіне барғандағы сапарда көз жеткіздік. Бүгінде шетел асып кәсіп ашып жатқан қазақтар жетерлік. Дубайдағы сапарымда осындай жандарды көп кезіктірдім. Жалпы еңбекақысы мол жақсы жұмыс іздеп тау асып кетіп жатқан қазақстандықтар тек өзге елге жалданып жұмыс істеп жатқан жоқ. Олар тәжірибе жинақтап алып өз кәсіптерін ашуда. Сондай жандардың бірі – ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Жарқын Әбділда мен Мунира Абдуали. Алғашқыда біреуге жалданып жұмыс істеген олар артынша өз істерін ашыпты. Екеуі бірігіп Дубайдың төрінен «Assalam» лағман мейрамханасын ашқан. Былтыр Дубайда қазақ кәсіпкерлерінің қауымдастығы құрылыпты. Ол «KIT Dubai» бизнес қауымдастығы деп аталады. Ұйым осында кәсіп ашқан жандарға қолдау көрсетеді. Екеуі де осы ұйымға және телеграмдағы «Дубайдағы қазақтар» тобына қосылған. Екеуі 6 бала тәрбиелеуде. Қосымша фаст фуд өнімдері мен «Dubai Qazaq Trаvel» компаниясын ашқан. Бұл арқылы БАӘ-не қыдырып келген қазақстандықтарды көлікпен тасымалдап, қыдыртады.
– Арман – адам көкейіндегі ізгі ниет, болашақтан күтер үміт, алға қойған мақсат. Атабабамыз «Армансыз адам – қанатсыз құс» деп бекерге айтпапты. Арман – әр адамның қиялы мен қалауынан туады. Адамды ынталандырады. Біз жұбайым екеуміз армандадық. Құр жатпадық. Қимылдадық, іс-әрекет жасадық. Мақсат айқын болса, армандар орындалады.
Ұлы Абай айтады:
Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей,
Тамақ аңдып қайтеді тентіремей.
Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса сыйламай тұра алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел, – деу арқылы ұрпақты ешбір жұмысты арланбай жасауға, тіпті жалға жүруге, қажет болса бөтен елге, басқа жаққа барып ақша табуға шақырады.
Дәулет жинап бай болу – жаман нәрсе емес. Тек қара басыңды ғана емес, өзгелерге де жұмыс беріп, басқаны да ойлай білу керек. Біздің кәсіп ашқанымызға 17 жылдан асты. Алла тағала адамға байлықты жеке басы байысын деп емес, жер бетін көркейтсін, жақсылық пен қайырымдылық жасасын деп береді. Осы алғышарттарды жасап отырмыз деп білемін, – дейді ол.
Дубай сапарында шын мәнінде еш жұмысты арланбай істеп жүрген қазақтарды көп көрдік. Біреуі шопыр боп көлік тізгіндесе, енді бірі сауда жасап, кейбірі қонақ үйде қызмет етіп жүр. Есесіне айлығы жоғары. Несиесін төлеп, бала-шағасын бағып отыр. Такси тізгіндеген Сымбат Бекжігіт деген қыз баласы Мунира мен Жарқынның компаниясында қызмет етеді. Ол елден қыдырып келген қандастарды ел аралатып, көлігімен қыдыртады. Мұнда келгеніне бір жарым жылдан асыпты. Тапқан табысым молынан жетеді деп отыр. Ал темір тұлпарды тізгіндегеніне 7 жылдай уақыт болыпты.
Осы арада «Assalam» лағман мейрамханасының егесі, бас аспазшысы Жарқын сөзге араласты.
Дубайда бизнес ашуға әр саладан сұраныс бар. Қазақстан мен БАӘ арасында салықсыз әрі визасыз режим орнаған. Әмірліктерде бизнес жүргізу үшін барынша қолайлы мүмкіндіктер жасалған. БАӘ-нің геосаяси тұрғыдан орналасуы Дубайды ірі әлемдік логистикалық хабтардың біріне айналдырды. Бұл тауарлардың экспорты мен импорты үшін де ыңғайлы аймақ.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА