Аймақ

Тапқан табысымыздан елге көмектесіп тұрамыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын айқындап қана қоймай, кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Жалпы алғанда, Жолдау – елдің даму стратегиясын айқындайтын, әр азаматты еңбекке, бірлікке, жаңашылдыққа үндейтін маңызды бағдар. Оны жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Атап өтерлігі, Жолдауда айтылған бастамалар еліміздегі бизнес ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашты. Президенттің айтуынша, ұлттық экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Сондықтан әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік органдардың жұмысын «бизнеске қызмет көрсету» қағидасына көшіру міндеті қойылды. Ендігі жерде кәсіпкерлерге түсінікті ережелер қалыптасып, олардың құқықтарын қорғау тетіктері күшеймек. Сондай-ақ салық жүйесін цифрландыру және әділдік орнату – бұл бизнестің мүддесін қорғауға бағытталған шара.

Президент салықтық бақылауды толық цифрландыруды, есептілік нысандарын 30 пайызға қысқартуды тапсырды. Бұл – кәсіпкерлерге артық жүктемені азайтып, ашықтық пен болжамдылықты қамтамасыз ететін маңызды қадам деп есептеймін. Сондай-ақ экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін азайту – жеке бизнестің өркендеуіне кең жол ашады деп есептеймін. Президенттің тапсырмасы бойынша, жекеменшік кәсіпорындар үшін әділ бәсекелестік жағдайы жасалмақ. Бұл қадам біздің өңір үшін де өзекті.

Біз ауылда тұрғандықтан ауыл шаруашылығы саласына да көңіл бөліп, егін егіп, дақыл өсірумен де айналысып келеміз. Өніміміздің бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсаймыз. Мәселен, көбіне өз қожалығым және басқарып отырған «City-story 2021» ЖШС атынан аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік себетін таратамыз. Кейде мал беріп те қарайласатынымыз бар. Жалпы Президент Жолдауында айтқандай, ауыл шаруашылығы мемлекет қолдауын барынша сезінуде. Мәселен, Президент Жолдауында вертика лды интеграцияланған агроөндірісінің табысты тәжірибесін кеңінен таратуды тапсырды. Бұл кәсіпорындар заманауи цифрлық технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттырып, толық өндірістік циклды қамтиды.

Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі ғана емес, экспорттық әлеуеттің де маңызды бөлігі. Президент агроэкспортты дамыту, агрохабтар мен агрологистика жүйесін жетілдіру арқылы өңірлік кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға жол ашылатынын атап өтті. Біз үшін де бұл бағыт ерекше маңызды, себебі өңірдің аграрлық әлеуеті зор.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды құжат. Онда айтылған міндеттер бизнестің дамуына серпін беріп, инвесторлардың сенімін арттырады. Құрылыс саласын дамыту, инженерлік-инфрақұрылымды жаңғырту бағыты да кәсіпкерлер тарапынан қолдау табуда. Өзім 1985 жылдан бері құрылыс саласында еңбек етіп келемін. Алғаш еңбек жолымды Семей облысы Мақаншы ауданында күрделі құрылыс шебері болып бастап, одан кейін Жуалы ауданындағы «Большевик» колхозында прораб, «Боранды» кәсіпорнының директоры, «Бекберді» шаруа қожалығының жетекшісі, аудан әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы, Қызыларық ауылдық округінің әкімі сынды қызмет жолынан өттім.

Бүгінгі күні құрылыс саласында табысты еңбек етіп, елді мекендерге инженерлік-инфрақұрылым жүйесін жаңғыртумен айналысудамыз. Біз компания атынан тұрақты түрде мектептер мен балабақшаларға демеушілік көрсетіп, олардың қосалқы ғимараттарын соғуға көмек көрсеттік. Соңғы екі-үш жыл көлемінде жақсы жұмыс істеген құрылысшыларды шетелге саяхатқа жіберіп отырамыз. Умра қажылыққа-Меккеге де барған жұмысшыларымыз бар. «Көпір салып, су шығарған сауапты іс» дейді ғой.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Теріс Нұрлыкент арасын жалғап тұрған жалғыз аяқ көпірді тасқын су алып кетіп еді, ол көпірді қайта жөндеп бердік. Ауылға таза ауыз су жүйесі тартылмай тұрып, ескі су жүйесін бұлақ суына қосуға көмектестік. Мешіт жоқта бос тұрған үйге жөндеу жүргізіп, құлшылық үйін жасадық. Сондай-ақ Бақалы ауылының кіреберісіне ауыл аты жазылған үлкен нысанды жасап, сыйға тарттық.

Қорыта айтсам, Президент Жолдауында тапсырылған тапсырмалар, кәсіпкерлерді қолдауға үлкен көмек болуда.

 

Ермек СЕЙДАЛИЕВ

«City-story 2021» ЖШС директоры.

Жуалы ауданы