Адал еңбекті үлгі еткен
Әр салаға білікті, жауапкершілігі жоғары мамандар қажет. Өз ісінің шебері бола білген жандардың да қоғамға тигізер пайдасы көп. Солардың бірі – еңбек озаты Жалғат Айтуова.
Жалғат Айтуова – жұмысына жауапты, айналадағы болып жатқан жағдайларға пікір айта алатын кісі. Ол қазіргі таңда Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрда реквизитор болып еңбек етеді. Реквизитор – театр актерлері мен актрисаларына рөлге қатысты киім-кешек, керек заттарын үлестіріп беруші адам. Былай қарасаң аса қиын міндет емес сияқты. Бірақ, бұл жұмыстың да қиындығы мен жауапкершілігі бар.
Қажетті заттың бәрін тізімге алып, күтіп ұстап, арнайы орында сақтап, реттеп отыру – үлкен іс. Сондықтан шаруасына тиянақты Жалғат апайға театр басшылығы да, труппа мүшелері де дән риза. Жалғат апай жұмысқа үнемі ерте барады, өзіне сөз келтірмейді, өте жауапты. Оған театр ғимараты, өзінің жұмыс орны ыстық. Актерлермен бірге аудан, ауылдарға да өнер сапарына шығып, қажетті заттармен қамтып жүретіні жұмысын жақсы көргендігінің тағы бір дәлелі.
Жалғат Айтуова еңбек жолын 1981 жылы облыстық орыс театрынан бастаған. Сол жерде жүріп, қазақ драма театрында актер болып істейтін Болат Үмбетәліұлымен көңілі жарасып, отау құрған. Арада екі жыл өткенде жас шаңырақ көтерген екеуі Талас ауданы, Ойық ауылына жұмыс жағдайымен ауыстырғаны кеше ғана секілді еді. Болат Бекжанов сол жылдары жаңадан бой көтерген Ойық ауылдық мәдениет үйіне директор болып барса, Жалғат та – мәдениет саласында тер төкті.
1989 жылы бұл отбасы Тараз қаласына қоныс аударып, Жалғат Айтуова түрлі жұмыстарда жүрді. Кейінірек облыстық қазақ драма театрына ауысып, еңбек жолын жалғастырды. Жалғат апайдың еңбек өтілі 40 жылға жуықтайды. Ол қай кезде де жұмысқа деген шынайы көңіл мен адалдықты есінен шығарған емес. «Жалғат Айтуова – театрдағы сыйлы маманның бірі. Қай кезде де жұмысын жақсы біледі.
Сұраған заттарымыз сапалы күйде дайын тұрады. Біз ол кісінің үнемі көңілді жүріп, жұмысын алғашқы орынға қоятынына ризамыз, – дейді театр актері Абзал Дәулетбақов. Еңбек адамының да айтары бар.
Есет ДОСАЛЫ