Кәсіп бастаймын деушілерге әрдайым қолдау көп
«Бизнес бастау» жобасы ауылдағы жұмыссыз тұрғындарға кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік беруде. Аталмыш жоба аясында Жамбыл ауданында өткен жылы 110 азамат қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашқан. Жоба аясында несие алғандардың дені бүгінде кәсібін дөңгелетіп, табысын еселеп отыр.
Аудандық «Мансап орталығының» директоры Алтай Стамқұловтың айтуынша, аймақта жаңа кәсіп түрлері көп ашылған. Осыдан екі-үш жыл бұрын азаматтар тек төрт түлік мал алып, соны өсіріп бағуға ниетті болса, қазір «Бизнес бастау» жобасы арқылы шағын өңдеу цехтары, техникалық қызмет көрсету орталықтары ашылуда екен. Мәселен, «Бизнес бастау» жобасының нәтижесінде Нұркен Ниетбаев көліктерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін орталық ашқан. Заманның ағымына сай темір тұлпарлар қалада ғана емес ауылдарда да өте көп.
Алайда көлік тізгіндей білу бір бөлек, ал оны жөндеу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сондықтан да көлік көп кезде оған техникалық қызмет көрсету де өлмейтін бизнес болып саналады. Сұранысқа сай бұл кәсіп табысқа жетудің төте жолы. Көпбалалы әкенің де бастаған ісі небәрі алты айда өз жемісін беріп, ауласынанақ айына 400 мың теңге табыс тауып отыр. Тіптен қасына көмекші ретінде бір азаматты жұмыспен қамтуда. Көлікті жөндеуге қажетті аппараттарын толық алған Нұркен енді ғана кәсіп бастаған азаматтарға бағдарламаның шарапаты мол дейді.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 114 азаматқа 157 миллион 320 мың теңге жоспарланып, 113 азамат 155 миллион 940 мың теңге грант алыпты. Оның ішінде көп балалы 62 азамат, жұмысқа жарамды мүгедек 26 азамат, аз қамтылған 2 азамат, асыраушысынан айырылған 3 азамат, мүгедек бала қараушы 20 азамат. Сонымен қатар 44 азамат өз ісін бастауға қайтарымсыз грант алған. Бұл өткен жылдың қорытындысы. 2024 жылға арналған жоспар 110 азамат.
Мемлекеттік грантқа қатысушылар өз жобаларын комиссия алдында қорғап, бүгінде 55 азаматқа тиісті қаржы аударылды. Ал қалғаны сұрыптаудан өтуде. Мамандар жыл аяғына дейін табысталатынын айтты. Иә, расында ауылдардағы әсіресе, шалғай елді мекендердегі жұмыссыздық проблемасын шешуде шағын кәсіпкерлікке бағытталып отырған грант қаражаты көп септігін тигізуде. Қолдау қаражаты туралы естіген, қолынан іс келетін тұрғындар үш айлық курстарды оқып, түрлі мамандықтарға машықтануда. Ер азаматтар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығына ден қойса, жұмыссыз үй шаруасында отырған әйелдер тігіншілік, кондитерлік курстарын оқып, бағын сынауда. Нәтижесінде әрқайсысы өз бағытында түрлі кәсіп бастап, ауылдың тұрмысын түзетуге атсалысып жүр. Солардың қатарында Аса ауылының тұрғыны Мұхтар Таңатарұлы да бар. Ол өткен жылы үй саламын деп, пескоблок іздеп, біраз тығырыққа тірелген-ді. Құрылыс қарқын алған сайын пескоблокқа сұраныс көп болмаса аз болмайтынын ұққан ол, осы бағытта өзінің бизнес жоспарын ұсынды. Ерекше жобасы қолдау тауып, қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Бастаған ісі де бірден жүріп кетіп, бүгінде аудан тұрғындарының өзінен де көптеген тапсырыстар алуда. Жас кәсіпкерді сөзге тартқанымызда, бастапқыда қатты қиналғанын айтып, ағынан жарылды.
Қазіргі таңда дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық, көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болып жатыр. Тағы бір кейіпкеріміз – ғажайып торттардың иесі, аз ғана уақыт ішінде өз дүкенін ашқан жас кәсіпкер Құндызай Рахымжанова. Көпбалалы ана бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырған жалғызбасты әйел. Ауылдағы «Құндызай тәттілері» наубайханасында тойымды әрі тез дайындалатын тағамдармен қатар тәтті торттардың түр-түрі сөреде тұр. Жас кәсіпкер қосымша тапсырыстарды да қабылдайды. Әзірге анасы қасында қолғабыс етуде. Алдағы уақытта дүкенді кеңейтіп, қасына осы іске бейімі бар қызкеліншектерді алсам, – дейді.
Қазіргі таңда дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болуда дегенді алға тартты кәсіпкер. Қүндызай бүгінде дастарқан мәзіріне арналған кондитерлік өнімдердің оннан аса түрін дайындайды. Оның айтуынша, ас мәзірін пісіру бала кезгі арманы. Бастапқыда таныстарының тапсырысы арқылы той дастарқанына тәттілер мен самса, құймақ, пицца пісіріп нәпақасын тапты. Содан кейін жеке цех ашуды көздеген жас ару аудандық кәсіпкерлер палатасында «Бастау бизнестің» бір айлық курсына қатысады. Соның арқасында мемлекеттік бағдарлама есебінен қайтарымсыз грант алады. Кәсіпкер торттың түрімен қатар, дәміне де көңіл бөлу маңызды екендігін алға тартты.
Өткен жылы аталған бағдарлама бойынша 20 жас бизнес бастапты. Мамандардың айтуынша, биыл да жастарды қолдау шараларына басымдық берілуде. – Нарықтық қоғамда өмір сүрген әрбір адам қолындағы ақшасын тиімді жаратып, бір теңгеден екі теңге жасауға бейімделуі қажет. Бұл – бүгінгі күннің басты талабы. Әрине, кәсіпкер болғысы келетін жастар жоқ емес. Бірақ, олардың көпшілігі кәсіпті неден және қалай бастарын білмейді. Ал, бизнесті дөңгелетіп әкетуге ниеті бар, бірақ, қолында қаржысы жоқ жас не істеуі керек? Көмекті, кеңесті кімнен сұрағаны жөн? Мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жастарға қандай көмек бар? Міне, осы сұрақтардың жауабын білемін деген жастарға біздің орталықтың есігі әрдайым ашық.
Қазір жастарға жұмыс жоқ деп айту, ол тек, сылтау ғана. Біздің орталықта жұмыспен қамту шаралары бірнеше бағытта жүргізіледі. Тұрақты жұмыспен қамту үшін бірнеше жобалар бар. Ал бизнес бастаймын десең, үкімет өзі шәкіртақыңды төлеп, әуелі кәсіптік оқуға жібереді. Одан соң идея ұсынуға да қолдау көрсетеді. Қазір қоғамда осы қайтарымсыз грантты тек танысы барлар алады деген кереғар пікірлер көп. Олай емес екеніне көз жеткізу үшін бізге келіңіздер.
Мемлекеттің жасап жатқан мүмкіндігін пайдаланыңыздар дегім келеді. Біз алдымызға көмек сұраған әрбір азаматты қолдауға даярмыз, – дейді аудандық «Мансап орталығының» директоры Алтай Стамқұлов.
Айта кетейік, Жамбыл ауданында 80 мыңнан астам тұрғын бар. Жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрап отыр. Аудан халқының 30,4 пайызы жастар екенін ескерсек, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 1049 жас жұмысқа орналастырылды. Оның 32-і осы «Бастау бизнес» арқылы кәсіп ашуға мемлекеттен көмек алғандар. Сонымен қатар аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан да жұмыссыз жастардың белсенділігін арттыру мақсатында көптеген жобалар жүзеге асуда.
Нақтысы, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарды кәсіпке баулу мақсатында «Жас шебер» атты қолөнерге баулу үйірмесі жұмыс істейді.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Жамбыл ауданы