Еңбек адамы

Тәттілермен шай дәмдірек

Жұмыстан келген сәтте ас үйіңізден пештен жаңа шыққан ыстық бәліштің аңқыған иісі шығып тұрса, нағыз жайлылық пен жылулықтың белгісі емес пе?! Шәйға түрлі тәттілер пісіру – жақындарыңа деген махаббатыңды білдірудің бірден бір жолы, – деп санайды біздің бүгінгі кейіпкеріміз.

Зәуреш Абдраимова – жұмыс өтілі мол әрі тұрақты тұтынушылары бар тәжірибелі кондитер. Бішкек қаласында «Қоғамдық тамақтандыру саласының технолог-ұйымдастырушысы» мамандығы бойынша диплом алған жас маман еңбек жолын 2002 жылы «Қызылғұр» наубайханасында кондитер болып бастаған. Кейіннен өз ісін ашып, бөлмелерді жалға алып жұмыс істеген. 2012 жылдары «Куликов и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестікте, сонымен қатар «Флагман» СҮ-де, 2017 жылы «Шұғыла» СҮде кондитерлік өндірістің технологы болып қызмет атқарған. Ал қазіргі таңда үйінде кішігірім өндірісі бар. Пірәндік, әртүрлі салмасы бар тоқаштар, кекс, нан, тағы басқа өнімдерді дайындайды.

Кішігірім кәсібін өрістетуге қолбайлау болып тұрған кедергілерге қарамастан іскер жан тек алға ұмтылады. Бүгінде Зәуреш Абдраимова Қордай аудандық Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі. Кәсіпкерлерге арналған аудандық, облыстық іс-шараларға белсене атсалысып тұрады, қайырымдылықпен де айналысады.

2022 жылы «Қазақстанның үздік тауары» атты конкурс көрмесіне қатысып, «Жыл серпіні» номинациясын иеленген, облыстың кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған «Бір ауыл – бір жоба» конкурсына қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталған. Мұның барлығы қажырлы еңбектің, ерекше ұмтылыстың арқасында екені сөзсіз. Аудандағы көпшілік той-жиындар мен қонақасы сынды дастарқанында Зәуреш Абдраимованың қолынан шыққан дәмді бәліш, тоқаштарды кездестіруге болады. Кәсіпкер келіншектің өз өнімдерін тұрақты түрде өткізіп тұратын бірнеше дүкені бар, сондай-ақ адамдар жеке хабарласып, тапсырыс беріп жатады. Он саусағынан бал тамған аспаздың әзірлеген тәттілері көптің көңілінен шығуда. Өйткені ол өнімнің жоғары сапасы, сырт келбетімен қатар, бағасының қолжетімді болуына да аса мән береді.

Зәуреш Абдраимова отбасында да бақытты жан. Ұл-қыздары мен немерелері оның ең басты қолдаушылары. Аяулы аналарының қолынан шыққан бәліш-тоқаштардың дәмін бірінші болып татып, әділ бағасын беретіндер де солар. Тынымсыз еңбектің арқасында табыс көзін тапқан келіншектің ізденімпаздығы, еңбексүйгіштігі шынында өзгелерге үлгі боларлықтай. Тәбетті ашар тәттілер дайындайтын шебердің ісіне тек береке тілейміз.

 

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ