Экономика

Мемлекет фермерлерге бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ұсынып отыр

Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында еліміз бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 8,1 триллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4 пайызға артты.

Өсімнің көрсеткіші өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 6,7 пайызға, ал мал шаруашылығындағы өндірістің 3,4 пайызға ұлғаюының нәтижесі. Мал шаруашылығында 9 айдың ішінде сойыс салмағындағы ет өндірісі 2,6 пайызға өсіп, 816,3 мың тоннаға, ал сиыр сүтінің өндірісі 5,7 пайызға артып, 3 миллион тоннаға жетті. Ірі қара мал басы 1,1 пайызға (8,5 миллион бас), жылқы 6,4 пайызға (4,5 миллион бас), түйе 4,5 пайызға (299,7 мың бас), ал құс 6,5 пайызға (49 миллион бас) көбейді. Тамақ өнеркәсібінде 10 айдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісі 9,1 пайызға артып, 3,2 триллион теңгеге, ал сусындар өндірісі 8,7 пайызға өсіп, 1,0 триллион теңгеге дейін ұлғайды.

Бірқатар негізгі өнім түрлері бойынша да нәтиже айтарлықтай жоғары. Мәселен, қант – 13 пайызға, ет консервілері – 38,6 пайызға, өсімдік майы – 21,7 пайызға, шұжық өнімдері – 7,8 пайызға, сары май – 19,0 пайызға,қышқыл сүт өнімдері – 6,6 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібіндегі оң динамика саланы дамыту, өндірісті жаңғырту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралардың тиімділігін дәлелдейді.

Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, 2025 жылдың 9 айында 362,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Негізгі капиталға 33,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 335 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Биыл 640 мың гектар егістік алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында мал азығы дақылдары 3,6 мың гектарға, майлы дақылдар 5 мың, көкөніс дақылдары – 4,7 мың, бақша дақылдары – 7,3 мың гектарға, картоп – 1,5 мың гектарға артып отыр. Шілде айынан басталған егін жинау жұмыстарының 94,7 пайызы орындалып, 3,2 миллион тонна өнім алынды (жылдық жоспар – 3,4 миллион тонна). 8,2 мың гектар картоп дақылының 100 пайызы жиналып, 207 мың тонна, 31,1 мың гектар көкөніс дақылдарының 97,3 пайызы жиналып, 1,2 миллион тонна, 38 мың гектар майлы дақылдар 100 пайыз жиналып, 31,3 мың тонна, 12,7 мың гектар бақша дақылдары 100 пайыз жиналып, 389 мың тонна, 18,1 мың гектар жүгері дақылының 100 пайызы жиналып, 129 мың тонна өнім алынды.

Күзгі дала және жинау жұмыстарына 9,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тартылды. Ол үшін мемлекет тарапынан 4,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Сондай-ақ өткен аптада ұйымдастырылған Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің II форумында министр Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешеннің жетістіктері мен болашақ жоспарларға тоқталды. Форумға агросектор ардагерлері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, инвесторлар және өзге де саладан 2000-нан астам қатысушы келді. Осы жылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені 105 пайыз деңгейінде тұрақты өсім көрсетті.

Негізгі қозғаушы – өсімдік шаруашылығы. Отандық агро сала өкілдері екінші жыл қатарынан рекордтық өнім жинады. Жалпы жиналған астық көлемі 27 миллион тоннаға жетті, ал республика бойынша орташа түсім гектарына 17 центнерді құрады. Көптеген шаруашылықтар гектарынан 40 центнер және одан да жоғары өнім алды.

Мысалы, Геннадий Зенченко шаруашылығында түсім гектарына 46 центнерге жетті, ал Қостанай облысындағы «Тоғызбай Агро» және Ақмола облысындағы «Максимовское» шаруашылықтарында гектарына 41 центнер көрсеткіші тіркелді. Жоғары нәтижелер көрсеткен өзге де шаруашылықтар бұл тізімге енді.

«Фермерлер өнімділіктің артуына мемлекеттік қолдаудың шешуші ықпал еткенін айтты. Президенттің тапсырмасына сәйкес жеңілдетілген несие мен лизингке бөлінген 1 триллион теңге аграрларға қажетті агротехнологиялық жұмыстарды дер кезінде жүргізуге және техника сатып алуға мүмкіндік берді. Соңғы екі жылда тыңайтқыш енгізу көлемі 3 есеге өсіп, 1,8 миллион тоннаға жетті, ал ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 6,5 пайыз болды. Бұл шаруашылықтардың 25 мың бірлік жаңа техника мен жабдық сатып алуына жол ашты», – деді министр.

Егіс алқаптарын әртараптандыру белсенді жүзеге асырылуда. Бидай егілетін жер көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарды, ал майлы дақылдар 4 миллион гектарды, бұршақ дақылдары 780 мың гектарды құрап отыр. Жиналған өнім ішкі нарық сұранысын толық өтейді және экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылы экспорт көлемі 13,4 миллион тоннаны құрады. Форум аясында агроөнеркәсіптік кешенде қолданылатын цифрлық шешімдер көрмесі ұйымдастырылды. Онда есеп жүргізуге, болжамдауға және деректерді талдауға арналған цифрлық сервистер, сондай-ақ АӨК өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған отандық стартаптар таныстырылды.

Министрдің айтуынша, Президент Жолдауында айтылған мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлу қажеттілігі өте өзекті. Себебі бұл сала азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, жем-шөпке тұрақты сұраныс қалыптастыратын, экспорттық кіріс әкелетін және ауылдық жерлерде жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін маңызды бағыт.

Қазіргі уақытта министрлік бизне с өкілдерімен бірлесіп, мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ министр қысқа мерзімде өсімдік шаруашылығын айналым қаражатымен қамтамасыз ету тәжірибесі айтарлықтай нәтиже бергенін, енді мал шаруашылығында да осындай шаралар қажеттігін айтты. Солтүстік Қазақстан тәжірибесінің аясында ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер берудің тиімділігі дәлелденді.

Биыл жаңа 16 ветеринариялық сертификатқа қол қойылып, мал шаруашылығы өнімдерін тағы 7 елге экспорттауға жол ашылды. Бүгінде Қазақстан мал шаруашылығы өнімдерін 42 мемлекетке жеткізе алады. Салада толық цифрлық қадағалау жүйесі енгізілді. Экспорт үшін жануарларды карантинде ұстап бақылаудың электрондық жүйесі енгізіліп, биологиялық қауіпсіздік күшейтілді. Фитосанитариялық қызметте де ауқымды деректер жинақталады. Жыл сайын экспорттықимпорттық операциялар бойынша шамамен 500 мың қызмет көрсетіледі. Басқа елдерден айырмашылығы, бұл қызметтер ұзақ уақыт бойы тегін көрсетіліп келді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі енді бұл қызметтерді ақылы негізге көшіруді жоспарлап отыр. Бұл рәсімдердің ашықтығын, үрдістердің цифрлануын, зертханалардың материалдықтехникалық базасын нығайтуды қамтамасыз етеді. Осындай өзгерістер ветеринария саласында да қолға алынады. Ауыл шаруашылығы жерлерін беру конкурстарын электрондық форматқа көшіру белсенді жүргізілуде. Жер кодексіне өзгерістер дайындалды.

Пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары аясында 14,2 миллион гектар жер қайтарылды, оның 7,5 миллион гектары жаңадан пайдаланушыларға берілді.

Оралхан ДӘУІТ