Аймақ

Автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы ашылды

Тараз қаласында жаңа автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы (АГНКС) іске қосылды. Оның инвесторы – «QazMetanPro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал оған салынған инвестицияның көлемі 1,5 миллиард теңге. Станция жүк және жолаушылар көліктері, транзиттік көлік, коммуналдық автобус парктері және жеке тасымалдаушыларға қызмет көрсетеді.

Станцияның стратегиялық директоры Амир Урисовтың айтуынша, бұл жоба еліміздегі газмоторлық инфрақұрылымын дамыту жəне көлік секторын экологиялық тұрғыдан жетілдіру аясында жүзеге асырылып отыр. Оның құрылыс жұмыстары биыл жыл басында басталып, қараша айында жобаға сәйкес аяқталған.

Ал аталған жоба шеңберінде бүгінгі күні 50 жұмыс орны ашылған. Жаңа нысан өкілдерінің айтуынша, станция мотор отыны ретінде табиғи газды пайдалану көмірқышқыл газын шығарындыларын айтарлықтай азайтуға жəне көлікті пайдалану шығынын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Қордайда осыған ұқсас жаңа станция салынуда. Ол іске қосылған станциямен бірге Өзбекстан Республикасы мен Алматы қаласын байланыстыратын «Көк дəліз» құрылымын қалыптастырады. Бұл маршрут елдің оңтүстігінде газмоторлық көліктің негізгі бағыты болып, халықаралық логистика мен транзиттік тасымалдардың дамуына ықпал етеді. Жаңа автомобильдік газ толтыру компре ссорлық станциясының ашылу салтанатына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысты.

Жаңа нысанның лентасы қиылды. Мұнда кезек болмайтыны анық. Өйткені көлік құралдарын арнайы газ отынымен қуаттайтын сегіз колонка орналасқан. Алғашқы болып Тараз көшесінде жүретін қоғамдық көлік газ отымен қуаттандырылды. Ендігі кезекте алдағы жылы бағдарлама аясында жалпы құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын 50 газмоторлық автобусты сатып алу жоспарлануда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы