Қыс қыр астында: жолдың дайындығы қалай?
Биыл елімізде жол-құрылыс маусымында 9500 шақырым республикалық маңызы бар автожолдарға түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Яғни қайта жаңарту және құрылыс жобаларымен 2900 шақырым, күрделі жөндеумен 460 шақырым, орташа жөндеумен 5100 шақырым жол қамтылған. 2025 жылы жолқұрылыс маусымына 10 мың арнайы техника, 25 мың маман жұмылдырылып, 12 миллион тонна қиыршық тас пен 544 мың тонна битум пайдаланылған. Жалпы елімізде көлік логистикасы дамыса мемлекеттің экономикалық қуаты артып, ішкі және сыртқы сауда ауқымы да кеңейетіні сөзсіз. Сондықтан логистиканы дамыту біздің облыста да жалғасын тауып келеді.
Осы орайда Жамбыл өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етер болсақ, көлік инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі істер қолға алынған. Соңғы жылдары өңірде республикалық маңызы бар бірнеше жол учаскелері жаңартылып, елді мекендерді байланыстыратын ішкі бағыттар ретке келтірілуде.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлініпті. Қаралған қаржы есебінен барлығы 17,7 шақырым көше жолдары мен 5 көпірдің құрылысы салынып, ұзындығы 8 шақырым жол қайта жаңғыртудан және 438,8 шақырым жол орта жөндеуден өткен.
Жалпы Қазақстан Республикасының қазіргі экономикалық дамуы жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Бұл кезеңде елдің географиялық және стратегиялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттілігі айқын байқалып отырғаны белгілі. Қазақстанның Еуразия құрлығында маңызды геосаяси орында орналасқанын ескерсек, көліккоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту ел болашағы үшін шешуші рөл атқаратыны анық. Негізінде Қазақстан аумағы арқылы бірнеше халықаралық транзиттік дәліздер өтетіні белгілі. Оның ішінде Қытайды Еуропамен, Ресейді Оңтүстік Азиямен және Орталық Азия елдерін Кавказ аймағымен байланыстыратын бағыттар бар. Осындай артықшылықтарды дұрыс пайдалану еліміздің халықаралық экономикалық қатынастардағы беделін нығайта түсетін маңызды фактор екенін атап өту қажет.
Қазіргі уақытта мемлекетіміз инфрақұрылымға, оның ішінде көлік жүйесіне инвестиция тартуды белсенді жүргізіп келе жатқанының мәнісі осында. Тәуелсіздік жылдарынан бері теміржол, автокөлік, әуе және су жолдарын жаңғырту бағытында ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Бұл Қазақстанның жаһандық логистикалық жүйеге терең ықпалдасып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар Президентіміз Жолдауында айтқандай, ел аумағындағы мультимодальды тасымал орталықтары мен заманауи қойма кешендерін көбейту маңызды екені айқын. Мысалы, Алматы мен Астана қалаларында халықаралық талаптарға сай логистикалық хабтар қалыптасып келе жатқанына қарамастан, аймақтарда әлі де сапалы орталықтардың жетіспейтіні белгілі. Сондықтан Қазақстанның барлық өңірінде инфрақұрылымды бірдей дамыту қажеттілігі туындап отырғаны шындық. Өйткені көлік саласын әртараптандырудың стратегиялық мәні зор.
Теміржол саласы еліміздің негізгі жүк тасымалы жүйесі болып қала бергенімен, автомобиль жолдарын да дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, ауылдық аймақтарды ірі сауда-өнеркәсіп орталықтарымен байланыстыратын бағыттардың сапасын көтеру өте маңызды. Себебі ішкі логистиканың дамуы еліміздің экономикасына тікелей әсер ететін фактор екені дәлелденіп келеді. Сондай-ақ, әуе көлігі инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
Халықаралық әуежайлардың жаңартылуы, жаңа әуе бағыттарының ашылуы Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін арттырып жатыр. Бұл өз кезегінде елдің туристік әлеуетін нығайтуға оң әсер етіп отырғанын атап өткен жөн. Болашақта Каспий теңізі бағытын тиімді пайдалану да ерекше маңызға ие болады деп күтілуде. Теңіз порттарын кеңейту және жүк логистикасын оңтайландыру Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік торабының біріне айналдыратыны сөзсіз. Жалпы алғанда, логистика саласын дамыту экономикалық қажеттілікпен қатар, еліміздің халықаралық беделін арттыруда да үлкен рөл атқарады. Осыған байланысты мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалардың уақытылы және нәтижелі орындалуы Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілетті елге айналуына ықпал ететіні белгілі.
Бүгінгі күні қайта жаңғырту, құрылыс нысандары бойынша 15 жоба іске асырылып жатыр. Оның 14-і келесі жылға өтпелі. Бүгінде 10 нысанда осы жылға жоспарланған жұмыстар аяқталыпты. Бес жоба бойынша яғни Меркі ауданындағы төрт, Қордай ауданындағы бір жобаның жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылы елді мекен көшелерін орта жөндеу бойынша барлығы 145 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның төртеуі алдағы жылға өтпелі. Бүгінде 113 жобаға қатысты жұмыстар аяқталса, 32-сі бойынша тиісті жұмыстар қызу жүргізілуде.
Жол құрылысы жұмысы барысында аудандарда да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Жамбыл ауданында жалпы 34 аудандық маңызы бар автомобиль жолы бар болса, олардың ұзындығы 172 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, елді мекендердің ішкі көше жолдарының саны – 324, ал жалпы ұзындығы – 260,3 шақырым. Осы жолдар тұрғындардың күнделікті қатынасында аса маңызды рөл атқарып отыр. Жамбыл ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділет Әлиевтің айтуынша, аудан аумағын басып өтетін республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының ұзындығы 58 шақырымды құрайды.
Жол құрылысына бөлінген қаржы, атқарылған жұмыс мұнымен тоқтап қалған жоқ. Атап айтсақ, «Айша бибіҚаратау» бағытындағы жолды жөндеу үшін ұзындығы 10,5 шақырымға 61 миллион теңге қаралған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы да біраз елді мекеннің көшелері жаңарып қалған. Яғни, сегіз елді мекенде 22 көше жөнделуде.
Бұл жұмыстарға 489 миллион 794 мың теңге бөлінген. Соның басым бөлігі облыстық бюджеттен, қалғаны аудан есебінен қарастырылған. Мысалы, Бесағаш ауылында төрт көшеге 141 миллион 825 мың теңге, Ащыбұлақта бір көшеге 72 миллион 829 мың теңге, Қаракемерде үш көшеге 66343 мың теңге қаржы қаралды. Сол секілді Айша бибіге 88 миллион 561 мың теңге төрт көшені, Өрнек ауылына 43 миллион 700 мың теңге бір көшені, Аса ауылына 25 миллион 911 мың теңге екі көшені, Тоғызтарауға 20 миллион 925 мың теңге үш көшені, Гродековоға 29 миллион 700 мың теңге төрт көшені орташа жөндеуден өткізу үшін бөлінді.
Сонымен қазіргі таңда аудандық маңызы бар «Айша бибі-Қаратау» автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстары бойынша 8 шақырымға салқындату қайта өңдеу әдісі жүргізіліп, жол негізінің 4 шақырымы асфальт төсеміне дайындалған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Бесағаш ауылы Бейбітшілік, Жеңіс, Жеңіс бұрылысы, Абай көшелерін орта жөндеу» жобасы бойынша барлық көшелерге құм-қиыршық тас қоспасы төсемі жасалып, асфальт жабыны төселген. Бүгінгі күнге 500 метр Бейбітшілік, 200 метр Жеңіс көшесіне асфальттау жабынын төсеу жұмысы қалған. Ауданда көшелері жөндеуден өткізіліп жатқан елді мекеннің бірі – Өрнек ауылы. Өрнек ауылдық округінің әкімі Өмірбек Ботаевтың айтуынша, осы ауылдық округке Өрнек ауылы мен Жұма стансасы қарайды. Өрнекте 470 түтін болса, тұрғындар саны – 2782. Жұма стансасында 50 үй болса, мұнда 303 адам тұрады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ