Табиғат – елдің ортақ байлығы
Ақынның өлеңінде айтылғандай «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтатын тілі жоқ». Елдің ортақ байлығы – табиғи ресурстардың игілігін пайдаланумен қатар, оны күтіп-баптауға міндеттіміз. Алайда, табиғат аясында демалып, қоқыстарын жинамай, шашып кететіндер де, орманның жайқалған жасыл желегін шауып алатындар да, аң-құсты аулап, судағы балықты қара құлқын үшін қыратындар да аз емес. Жаз айларында жиі орын алатын дала өрті табиғатқа қаншама зардабын тигізеді. Осындай зияндылықтарға жол бермеуді қадағалайтын облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бірқатар іс-шараларды ұйымдастырып отырады.
Облыс аумағындағы орман шаруашылығын жүргізу мен жануарлар дүниесін күзету, оларды қорғап, молықтыруды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс атқаратын басқарманың ілкімді істерін басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Молдашевтан сұраған едік.
Су ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу, экологиялық сараптама салалары бойынша жыл басынан бері бірқатар жұмыстар атқарылған. 2025 жылы басқарма теңгеріміндегі 6 су қоймасына жөндеу жүргізу үшін 48 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда 3 нысанда жұмыс аяқталып, 10 миллион теңге игеріліпті. Қалғандары бойынша мердігерлер анықталып жатыр. Қосымша 22 су қоймасына ағымдағы, тағы бесеуіне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжат әзірленуде.
Экологиялық сараптама жүргізу бойынша департамент біраз істерді жүзеге асырған. Биылғы 9 айда ІІ санаттағы 73 нысанға қоршаған ортаға әсер етуге рұқсат берілді. 5 объектінің рұқсаттары иелерінің өтініші негізінде күшін жойған. 65 объектіге мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілген. 163 өтініш дәлелді себептермен кері қайтарылыпты. 48 объектіге қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациялар қабылданған.
Ecoportal.kz арқылы қоғамдық тыңдауға 250 өтініш түскен, оның 95-і ашық жиналыс түрінде өткізілген. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын жаңғырту бойынша Байзақ ауданында 1 жоба жүзеге асырылуда. «Жасыл даму» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылып отырған «Алди и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұл жобасының құны 883,6 миллион теңгені құрайды.
Кең таралған пайдалы қазбалар бойынша ауқымды іс атқарылуда
Жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік сала және жергілікті инфрақұрылымдарға бөлінген қаржы өткен жылы 1,077 миллиард теңгені құраған, 2023 жылғы бұл көрсеткіш 612 миллион теңге болған еді. Кең таралған пайдалы қазбалардың 2024 жылғы лицензиялық келісім шарттық (ЛҚШ-1) есептілігіне сәйкес қаржылық міндеттемелері бар. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Молдашевтің айтуынша, жалпы қаржылық міндеттемелер – 10 757 351 300 теңгені, әлеуметтікэкономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға – 71 047 100 теңгені, мамандарды оқытуға – 66 490 070 теңгені, тарату қорына – 37 696 800 теңгені құрап отыр.
Тапсырмаларға сәйкес, жер қойнауын заңсыз пайдаланудың жолын кесу бағытындағы жұмыстардың көлемін арттыру, жақсарту мақсатында 2024 жылы облыс аумағында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген. Іс-шара жоспарына сәйкес аудан, қала әкімдіктерімен жер қойнауын заңсыз пайдаланушылармен күресу жөніндегі мобильді топ құрылған.
Топ құрамында ауылдық округ әкімі, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімдерінің, аудандық және қалалық ішкі істер бөлімдерінің өкілдері, қоғам белсенділері бар. Мобильді топтарға аудан аумағына қарасты жер учаскелерінде пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілерін анықтап, заң бұзушылықтар туралы материалдарды шара қолдану үшін тиісті уәкілетті органдарға жолдау, сонымен қатар аталған материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде тұрақты жариялау жүктелген.
Мобильдік топтар анықтаған заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілері бойынша маркшейдерлік қызмет көмегімен пайдалы қазбаларды заңсыз өндірген жер учаскелерін анықталып, түсірілімдер жүргізілген.
Облыс аумағы бойынша заңсыз өндірілген жерлердің көлемі 173 гектарды құраса, ал жер қойнауы ресурстарына келтірілген жалпы залал мөлшері 2,6 миллиард теңгені құраған.
Қамар ҚАРАСАЕВА