Әлеумет

Керімбай болыс

Дәуірлер дауылы соғып, ғасырлар толқынын өткерген қазақ жері талай зобалаң мен тар кезеңді артта қалдырып, елдік пен ерлік сынға түскен шақтарда да рухының өрлігін сақтап қалған қасиетті мекен. Сол сындарлы дәуірдің бірі — XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы. Бұл уақыт елдің саяси құрылымы мен қоғамдық өмірі түбегейлі өзгерген, отарлық биліктің салқыны біліне бастаған кезең еді. Осындай алмағайып заманда ел тізгінін ұстаған тұлғалардың ішінде халық жадында әділдігімен, айырықша абырой-беделімен және ағартушылық жолдағы еңбегімен қалған тұлға — Керімбай Бұралқыұлы.

Керімбай болыс туралы жазба деректер тым аз, негізінен ол кісі туралы мәліметтер өз ұрпақтары мен ағайын-туыстары және ел азаматтары арқылы ауызша тараған. Арғы дәуірлер емес, кешегі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген адам болғандықтан ол айтылғандардың аңызынан ақиқаты басым. Ендеше бізге жеткен тарихты таратып айтар болсақ, ел ішіндегі бірлік пен білімнің, әділдік пен адамдықтың туын тең ұстаған Керімбай болыс өмірі – қазақ қоғамының жаңғыру дәуірін айқындайтын айшықты беттердің бірі. Керімбай Бұралқыұлы – Дулат – Шымыр, әйгілі Қойгелді батырдың ұрпағы.

1862 жылы облысымыздың Билікөл өңірінде дүниеге келген. Бұл өлке – тарих пен тағдыр тоғысқан, батырлар мен билердің, ақындар мен шешендердің ізі қалған қасиетті аймақ. Елдің айтуы бойынша жастайынан зерек, сөзге ұста, елдік істерге ерте араласқан Керімбай небәрі он тоғыз жасында болыс болып сайланады. Жас та болса, ел сенімін ақтай білген ол басшылыққа қолы жеткен сәттен-ақ билікті байлық пен мансаптың құралы емес, ел игілігінің аманаты деп түсінген. Керімбайдың аты ең алдымен әділдігімен шыққан. Дауларды шешкенде ешкімнің сөзіне ермей, әділ төрелігін айтқан. Халық оны «жер дауы мен жесір дауын сөзге ұстаған, әділ би» деп атаған (Қазақ энциклопедиясы, 1998). Оның болыстық қызметі халықтың сенімі мен сыйластығына сүйеніп, ел ішінде бейбітшілік пен татулық орнатуға бағытталды. XIX ғасырдың екінші жартысында Ресей империясының отарлық саясаты қазақ даласында жаңа басқару жүйесін енгізді.

1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалар нәтижесінде болыс институты қалыптасты. Болыстар жергілікті халық пен патша әкімшілігі арасындағы аралық буын қызметін атқарды. Олар салық жинау, шаруашылықты басқару, тәртіпті қадағалау және патша жарлықтарын орындау сияқты міндеттерге ие болды. 1868 жылдың 21 қазанында ІІ Александр императордың жарлығымен Сырдария облысының құрамында Әулиеата уезі құрылғанда оның құрамында Аса, Ащыбұлақ, Тастөбе, Қарабастау, Билікөл, Ойық, Өтеміс, Қарабақыр, Мақпал, Көшеней, Арғын, Ағашақ, Шу, Аспара, Талқан, Күйік, Құрағаты, Күркіреу, Боқайыр, Қарабура, Кеңкөл, Қарақыстақ тәрізді 22 болыстық болған.

Болыстық билік жүйесі елдің ішкі басқаруында екі ұдайы сипат алды: бір жағынан, ол отарлық биліктің қолындағы тетік болса, екінші жағынан, халық ішінен шыққан беделді адамдар арқылы елдің өзін-өзі ұйымдастыруының соңғы мүмкіндігі еді. Осындай жағдайда халықтың тұрмысын жақсартуға, білім мен мәдениетке мән берген, халыққа адал қызмет еткен болыстар аз болмады. Атап айтқанда, 1906 жылы қаңтар айында Әулиеата шаһарында жиналып Граф Виттеге қазақтардың мұң-мұқтажын жеткіземіз деп Петиция жібермек болған Әулиеата уезінің болыстарының тізімі жазба деректерде кездеседі. Үсен Айдаралин, Мырзахмет Бейбітов, Өмірзақ Қырғызбаев, Жаңабай Тоқбергенов, Имамбек Сарымсақов, Ниязбек Сарымсақов, Ахмет Өмірбаев, Ишанқұл Садыралин, Тартағұл Нонаев, Даут Сұлтангелдин, Сатымбек Төтин, Бұралқы Сұлтанбеков, Сұраншы Телғарин, Дәуленқұл Дәлімов сияқты болыстар Петицияға қол қойған. Неге екені белгісіз бұл тізімде Керімбай болыстың аты жоқ.

Бәлкім сол кездегі ережеге сай болыстық 3 жыл мерзімге ғана сайланатындықтан, 19 жасында бұл лауазымға ие болған Керімбайдың орнына аталған лауазымды сол жылдары басқа біреудің атқаруы да мүмкін. Қалай десек те Керімбай Бұралқыұлының өз дәуірінде Әулиеата болыстарының арасында орны ерекше болғандығын ауызша да, кейбір жазба деректер де айғақтайды. Соның бірі 1916 жылғы ақ патшаның бұратана халықтардың 19 бен 43 жас аралығындағы азаматтарын майданның қара жұмысына алу туралы Жарлығы кезіндегі әрекеті. Аталған Жарлық бойынша Әулиеата уезі майданға 22675 адам, 3 мың киіз үй, 50 мың жылқы жіберуі керек болған. Бұл тапсырманы орындау әрине, жергілікті болыстардың мойнына артылғаны белгілі.

Бүкіл қазақ даласын шарпыған осы оқиғаға қасқайып қарсы тұрғандар да, «бұйрық қатты, жан тәтті» деп оны орындауға білек сыбана кіріскендер де болғанын білеміз. Ташкенттің орталық мұрағатында Керімбай Бұралқиев, Ыбырайым Қисықов, Тілеуқұл Аблақов, Иманқұл Қыдыралиев секілді ел ағаларының Түркістан генерал-губернаторына жеңілдік сұрап, өтініш білдіріп, жеделхат жібергені туралы жазба сақталыпты.

«Ташкент, орт.архив, 17-қор, №610, 3370, МФО 141-іс) Осы өтініш-талап негізінде тамыздың 31-інде «Құрметті ақсақалдардың сұрауы бойынша жергілікті халықтың азаматтарын әскерге шақыру қыркүйектің 15-і күніне қалдырылып, тіркеліп, жиналғандардың барлығы қайтарылсын» деген орталықтың бұйрығы шыққан. Осыдан кейін Шымкентке жинап, Ресей жеріне әкетуге дайындалған мыңдаған қазақ жігіттері тиелген киіз үйлер мен жылқылар түгелдей қайтарылғандығын архив деректері айғақтайды. Артынша елде ұлтазаттық көтерілісі белең алып, әскерге адам алу ісі аяқсыз қалған. Егер Керімбайдың осы бір сын сағаттағы ақылды әрекеті болмағанда қаншама азаматтар мен мал-мүлік майданға кетер еді. Керімбайдың ел басқарудағы ерекшелігі – дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыруында.

XIX ғасырдың соңындағы отарлық саясат қазақ ауылдарының шаруашылығына, тұрмысына ауыр әсер етті. Осындай жағдайда ол елдің тұрмысын түзетуді билікті пайдаланып, білім мен еңбекті ұштастыру арқылы жүзеге асыруға күш салды. Бізге жеткен естеліктерге сүйеніп айтар болсақ, Керімбай болыс билік тізгінін ұстаған жылдары ауылдарға арық қаздырып, суармалы егіншілікті дамытқан, сауда-саттықты өрістеткен. Атқарған әр ісі елдің еңсесін көтеруге, тұрмысын түзетуге арналды. Оның ой-өрісінен де, іс-әрекетінен де парасат пен көрегендік, ел қамын терең сезінген жанның сабырлы салмағы аңғарылып тұрған. Ол өз заманында беделі биік, сөзі өтімді басшы болды. Халық пен патша билігінің арасындағы көпір іспетті қызмет етіп, елдің мұңын да, заманның зобалаңын да қатар сезінді. Сол себепті жұрт оны «ел қамын жеген ер» деп ардақтап атаған. Сондай-ақ Керімбайдың болмысын айқындайтын ең маңызды қыры – оның ағартушылық жолдағы қызметі. Ол білімсіз елдің болашағы болмайтынын ерте түсінген сияқты.

1888 жылы ел игі жақсыларын ұйымдастырып, мешіт пен орыс-түзем мектебін салдырады. Бұл мектептің қабырғасынан талай бала сауат ашып, кейіннен елдің тірегіне айналды. Мектептегі оқу жүйесі сол уақыт үшін жаңашыл сипатта болған – сабақтар қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізілген. Кейіннен бұл оқу орны 1912 жылы «Аса интернатына» айналды. Бүгінде Тараз қаласындағы №12 мектеп-гимназия – сол игі істің заңды жалғасы. Бұл Керімбай болыстың ағартушылық еңбегінің бүгінгі ұрпаққа жалғасқан рухани көпірі. XX ғасырдың басындағы саяси-экономикалық қиындықтар, аштық пен жұт елді күйзеліске ұшыратты. Сол кезеңде Керімбай болыс тағы да өз биігін көрсетті. Ол өз қаражатына және әлауқаты бар адамдардың басын қосып, ашыққан елге ас тарататын қайырымдылық асханалар ұйымдастырған.

Байлық жинауды емес, халыққа жәрдем беруді өмірлік мақсат санаған оның бұл қадамы кейінгі буынның жадында «жомарт болыстың» өнегесі болып қалды. Керімбайдың осындай елге деген шынайы жанашырлығы оны тек әкім емес, қоғам қайраткері, халық қамқоршысы деңгейіне көтерді. Өткен дәуірдегі ел билеушілерінің ішінде көзі ашық, көкірегі ояу біразының қазақ тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне және этнографиясына қатысты дүниелерді жинақтап, үлкен қалаларда бастырып шығарғаны белгілі. Керімбай болыс та 1912 жылы Ташкент қаласында қазақ шежіресін шығарған. Ол шежірені тауып, зерттеп, қажет болса бүгінгі күннің кәдесіне жарату – алдағы күндердің еншісі.

Тағы бір естеліктерде Керімбайдың өнер мен руханиятқа да жақын адам болғандығы айтылады. Бір дәуірдің беделді әрі қатал билеушісіне мұндай нәзік өнер түрін қалай көрмесек те «Керімбайдың шертпесі», «Керімбайдың күйі» деп аталатын күйлердің болғанын кейбір кәріқұлақтар айтқан көрінеді. Бәлкім бұл да тереңдете зерттеуді қажет ететін деректердің бірі шығар?! Керімбай Бұралқыұлы өмір сүрген дәуір – қазақ халқының қоғамдық санасы оянып, ұлттық бірегейлікке ұмтылған кезең. Осындай уақытта оның болыс ретіндегі қызметі тек әкімшілік басқарумен шектелмей, елдің рухани дамуына бағытталғаны айқын байқалады Халық жадында Керімбай болыс әділдігімен, қайырымдылығымен және досына адал, жауына қаталдығымен сақталған. Керімбай өмір сүрген дәуірде ел басындағы әр тұлғаның ісі халықтың тағдырымен қатар өлшенді. Сол замандастары оны «қайратты, әділ болыс» деп сипаттаған. Ол биліктегі мінез-құлқымен де, бедел-болмысты өмір салтымен де үлгі болған.

Бүгінде оның есімі өңірімізде ұлықталып, Тараз қаласындағы бір мектепке есімі беріліп, ескерткіші орнатылды. Кешегі кеңес заманына дейін Әулиеата өңірінде қаншама ел басқарған беделі биік билік иелері болды, бірақ солардың ішінде бүгінгі буынның қолдау құрметіне ие болып, ел, жер атауларын иемденгендері некен-саяқ. Сондай санаулы тұлғалардың бірі – Керімбай Бұралқыұлы. 1971 жылы басына өз ұрпақтары тұрғызған кесенені биыл Қойгелдіден тараған азаматтар қайта қолға алып, күрделі жөндеу жасады. Осылардың ішінде Нарботадан тарайтын Собетхан Қожанов кесенесінің ішкісыртқы әрлеу жұмыстарына көп еңбек сіңірді. Баба бейіті қайта түрленіп, алдағы талай буынның тәу етер қасиетті мекеніне айналды.

Бұл тірісінде бақ қонып, сол бақтың игілігін жеке басына ғана емес, ел мүддесіне жұмсай білген Алланың сүйген құлының екінші өміріндегі көрген нұрлы жақсылығы, сондай-ақ кейінгі ұрпақтары мен ағайын-туыстың береке-бірлігінің нәтижесі екені анық. Керімбай болыс – өзіне қараған елге барынша қамқор, бір сөзді, әр істі арыдан ойлайтын ақылды адам болған. Ол билікті бедел мен атақтың құралы емес, халыққа қызмет етудің амалы деп түсінген. Ел басқаруда сабыр мен салмақты серік етіп, әділ шешім шығара білген. Керімбайдың қолынан өткен әр іс пен айтқан әр сөзі ел арасында әділдік пен ақылдың өлшеміндей қабылданды.

Өз дәуірінде ол елдің бірлігін сақтап, халықтың тұрмысын жақсартуға күш салған беделді болыстардың бірі ретінде танылды. Мұның бәрі оның өз басындағы қасиеттерінен бөлек, сонау ата-бабадан келе жатқан тектіліктігінде жатса керек-ті. Халық ақыны Жақсыбай Жантөбетұлы 1918 жылдың мамыр айында Керімбай ауылына арнайы келіп, оның ата-бабалары туралы мынадай жыр арнаған:

Би болған Қаратеке, атаң Шақан,

Хан болған Сарт Қойгелді – бұл да наһан.

Сарымырза, Нарбота мен Жампоз датқа,

Бақ қонып, ел сұраған бәрі де паң.

Абырой екі ғалам бірдей беріп,

Ақыры әжі болды Бұралқы атаң.

Өзіңмен тоғыз болып, оныншы да Ұстады мирасыңды Жамаш ботаң…

Осындай текті әулеттің ұрпағы болған Керімбай да әділдігімен, шешендігімен, қайырымдылығы және елінің қамы үшін күрескен қайраткерлігімен тарихта өз орнын алды. Ол патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы тұрып, жергілікті халықтың құқын қорғаған, ел мүддесін жоғары қойған тұлға болды. Керімбай болыс туралы ел аузында айтылатын тағы бір елеулі дерек – оның жазықсыз жандарға араша түсуі.

Түрмеге қамалған немесе жазықсыз айыпталған адамдарды босатып алуға күш салып, кейде мол қаражат беріп, азат етіп жібергені жөнінде естеліктер сақталған. Бұл оның адамгершілік биігі мен қайырымдылығын айқын көрсетеді.

Керімбай өзінің қол астындағы Шыңқожа балалары ғана емес, сырттан сіңген Уақ, Қыпшақ сияқты елдерге де қамқор болған. Оның елге жасаған тағы бір жақсылығы – қыпшақ руының үлкен бір атасының ұрпақтарына Билікөлдің батыс жағынан жер беріп, қоныстандыруы. Қазіргі Тамды, Қызыләуіт ауылдарын жайлайтын қыпшақтардың арғы аталары ХІХ ғасырдың сексенінші жылдары Қытайдың Текес өңірінен бір себептермен бері қарай ауады. Сонау Кегеннен өзіміздің Ақшолаққа дейін аз шоғыры әр жерге бір қалып, тұрақты қоныс таппай қиналып келе жатқан елге Керімбай болыс қалың шымырдың ортасынан жер кесіп берген. Жаттың қорлығы мен жолдың азабын тартып, әбден арып-ашқан ел Жалаңашкөл мен Жалтөбеге келіп жан сақтаған, осында тұрақталып, өсіп-өнген. Қыпшақтар нағашы жұртым әрі Тамды ауылының азаматы болғандықтан жақсы білемін, бала күнімізде үлкендер Керімбайды құрметпен еске алып отыратын. Әрине, ол кісі туралы ел аузындағы әңгімелерді айта берсек, біраз дүние жазылары анық. Осы тұста бір пікір, қалай десек те Керімбай – феодализм заманының өкілі. Өз дәуіріне сай тіршілік етті, жаңашылдығы болғанымен, бәрібір өзіне дейін қалыптасқан ел билеу дәстүрін ұстанды. Ол – формациялар ауысып жатқан, алмағайып дәуірде атқа мінген адам. Екі түрлі билік тұсында ел тізгінін ұстау, олардың талап-тапсырмасын, бұйрық-жарлығын орындау, сондай-ақ сауатсыз, белгілі тәртіптік жүйені әлі қабылдай қоймаған, сиырдың бүйрегіндей қырыққа бөлініп, әр қырда көшіпқонып жүрген елдің басын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыру оңай болмаған.

Дәл осындай кезеңде ел басқарған адамның болмыс-бітімі, іс-әрекеті қандай болуы керек еді? Біздің кейінгі жылдары жарық көрген жазбаларымыздың бәрінде дерлік өткен дәуір тұлғалары бірыңғай парасатты, мейірімді, тек елге жақсылық жасаумен айналысатын жомарт жүректі, гуманистік деңгейдегі адам ретінде суреттеледі. Батырбек, Байзақ, Сапақ датқалар, сондай-ақ осы Керімбай бабамыз туралы біраз еңбектер қолымызда бар, бәрінен байқалатыны сол бірізділік – гуманистік образ жасағысы келеді.

Әр дәуірдің өзіне сай ел басқару дәстүрі, бағыну мен бағындырудың өлшем-талаптары болады. Сонау Шыңысхан заманынан бері, Абылай, Кенесары кезеңінде, кейінгі аға сұлтан мен болыстар тұсында да ел билеушілер ғасырлар бойы қалыптасқан дала заңына орай әрекет етті. Қанша жерден адал, іскер, шыншыл болғанымен, мінезі жұмсақ, қолынан қатты қайырымды іс келе қоймайтын басшыға ел бағынбайды. Керімбайды «мектеп, мешіт соқтырған, арық қаздырып, аш елге асхана ұйымдастырған» дейміз, соның бәрі ол уақытта оңайлықпен жүзеге аспаған.

«Өзгеге емес өзіме болсын» дейтін қарау байлар, «сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» деп өзінше қойын құрттап, айранын ұртап жүргенді жөн көретін өзімшілдер ол кезде де жетіп артылатынды. Сондайлардан «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп бір нәрсені алу үшін адамға жүрекпен қоса жуан білек те керек. Ел тәртібі мен жоғарыда айтылған игілікті істердің біразы Керімбай бабамыздың осындай өжет мінезі мен өктем әрекеттерінің арқасында жүзеге асқанын айтуымыз керек.

Біздің балалық, жастық шағымыз Билікөлдің батыс жағында, кейіпкеріміз өмір сүрген өңірден онша қашық емес жерде өтті. Керімбай заманын көрген, онымен аралас-құралас болмаса да маңайындағы адамдармен етене жақын жүрген қариялардың әңгімесін естіп өстік. Сондай-ақ Керімбайдың қасында көп жыл шабарманы, жұмсайтын жігіті, тіпті жанашыры Ақмырза Құлбай, оның баласы Есенәлі және уақ Әбдіреш деген кісілер болған. Есенәлінің кемпірі Мінайым, Әбдірештің кемпірі Сұлупан деген кісілерді көзіміз көрді, біраз әңгімелерін тыңдадық. Балалықпен аса мән бермесек те, Керімбайға қатысты айтқандарының ауанында ол кісінің абырой беделі, аңызға бергісіз қасиеттерімен қатар, атыс-шабыс, барымта-сырымта, тіпті кісі өліміне дейінге тақырыптар қозғалып жататынды. Қатша дейтін әжеміз болыстың шабарманы болған адамның (атын атамай-ақ қояйын, ұрпақтарынан ыңғайсыз болар)

«Басында Көкбастаудың шай қайнаттым,

Шайымды кеш болсын деп жай қайнаттым.

Намаздігер – намазшам арасында Үмбеттің басын кесіп ойбайлаттым», – деп, шығарған өлеңін келтіре отырып, ошақты Үмбет болыстың өліміне қатысты әңгімелерді майын тамызып айтатын.

Жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың «Мақұлбек Шерімұлы» дейтін деректі жазбасында Мақұлбек болыстың өз аузымен айтқан бір оқиға бар. Қара аттың атағы қазақ-қырғызға түгел жайылып, дүрілдеп тұрған кезінде Керімбай болыс пендешілікке барып, қара аттың түбі шымырдан шыққанын желеу етіп, өзі жоқта ауылын шауып, атты алып кетеді. Екі елдің арасында дау туындап, бірақ ел ақсақалдары араласып, соңында бітімге ұласқан көрінеді. Қолдағы бардан бөлек, әлі де іздене берсек Керімбайға да, басқаларға да қатысты мұндай аңызы мен ақиқаты аралас әңгімелер ел арасынан әлі де көптеп табылады. Сондай нұсқалардың қай-қайсысынан да төрт тағанын түгел тең басқан зиялы тұлға таппайсың. Өйткені олар дәуір талабы тудырған қажеттіліктер мен құндылықтар төңірегінде тіршілік етті.

Бүгінгі біздер үшін ардан тыс, анайы саналған іс-әрекеттердің біразы ол кезде қалыпты саналса, кейбірі керісінше болды. Сондықтан өткен дәуір тұлғаларынан, әсіресе ел билеген үстем топ өкілдерінен қолдан культ жасаудың қажеті жоқ. Барынша қолда бар деректер негізінде жақсы жақтарын баса айтып, кемшіліктерін де көрсетіп, тарихи орындарын айқындап айтып-жазған жөн. Адамзаттың асылы, данышпан, гуманист Абайдың өзі болыс кезінде жігітек руының 17 адамын Сібірге жер аударған.

Елде жақсы ат, қыран бүркіт, жақсы тазы болса қалатып, сұратып алатын болған. Жөнге жүрмегендер мен айтқанға көнбегендерді әкесі Құнанбай сияқты Абай да қатаң жазалаған. Бұлардың бәрі Абайдың өз ұрпақтары мен көзін көргендердің бізге жеткен жазба деректерінде анық көрсетілген. Керімбай болыс туралы да орынсыз ақтамай немесе жазықсыз қараламай, не тым әсірелеп көтермелемей-ақ тарихи өз орнын анықтап жазуымыз керек. Ойдан оқиға ойлап тауып, бір тұлғаны көтеру үшін екінші тұлғаны тұқырту ешкімге абырой әпермейді. Осы тақырып төңірегіндегі біраз жазбаларда, сондай-ақ марқұм Амангелді ағамыздың «Керімбай болыс» повестхикаятында да біраз артық-кем жайттар жазылып кетіпті.

Мақұлбек болысты Керімбайдың нөкері ретінде суреттеуі, айдаладағы Шымкент уезіне барып (Жуалы жері ол кезде Шымкент уезіне қараған) орыстардан салық өндіруі сияқты қисынсыз іс-әрекеттерді енгізудің қажеті жоқ еді. Біз қанша жерден жарнама жасап, бар «жақсы» атаулыны жапсыра бергенмен жаңа Керімбай образы жасалмайды. Бір ғасыр бойына халық жадында жатталып қалған, ұрпақтан-ұрпаққа кетер осынау тұлғаның асқақ бейнесі еш өзгеріссіз қалады. Уақыт өткен сайын Керімбай болыс бейнесі әділік пен турашылдықтың, абырой мен беделдің, ел ағасы мен жұрт қамқорының, өрелі өжеттік пен орынды өктемдіктің үлгісі ретінде ел тарихында жаңғыра берері сөзсіз.

 

Бақытжан МАҚАШЕВ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы, әдебиеттанушы-ғалым