Құқық

Ең көп заңбұзушылық еңбек қатынастарын рәсімдеуге байланысты болған

Т. Рысқұлов ауданында білім беру қызметкерлерінің құқығы кәсіподақ тарапынан Ұжымдық шарт негізінде қорғалуда. Атап айтар болсақ, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағына 61 білім мекемесі қарайды. Ондағы кәсіподақ мүшелерінің құқығы еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес сақталуын біз бақылауда ұстап келеміз. Жалпы бұл мекемелерде 4520 кәсіподақ мүшесі табысты еңбек етуде.

Биыл аудандағы 31 білім беру мекемесінде жоспарлы тексеру жүргізіліп, 130 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталды. Бұл заңбұзушылықтарды жою мақсатында жұмыс берушілерге 31 ұсыныс беріліп, оның 25-не нақты жауап алынды. Тексеру нәтижелері бойынша ең көп заңбұзушылықтар еңбек қатынастарын рәсімдеуге байланысты бұзылғаны белгілі болды.

Атап айтқанда, еңбек шарттарында қызметкерлердің нақты лауазымы, еңбек функциясы, жұмыс және демалыс уақыты, еңбек жағдайы, сақтандыру, өтемақылар, жалақы мөлшері туралы толық ақпарат көрсетілмеген. Сондай-ақ, шарттарға уақытылы өзгерістер енгізілмеген жағдайлар да орын алған.

Жалақы төлеу тәртібі бойынша 10 заңбұзушылық тіркелген. Кейбір білім беру мекемелерінде жұмыс беруші қызметкерлерге еңбекақы көлемі, аударымдар мен ұстап қалулар туралы жазбаша мәлімет бермеген. Сонымен қатар еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыс беруші тарапынан қызметкерге тиесілі өтемақы төленбеген фактілер де болған.

Ұжымдық шарт талаптарының орындалуына қатысты 13 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде оқу кестесі, жұмыс және демалыс уақыты, оқу жүктемесі сияқты мәселелер бастауыш кәсіподақ ұйымымен келіспей бекітілген. Сонымен қатар 4 білім беру мекемесінде мүлік пен құндылықтарды қорғауға қатысты материалдық жауапкершілік туралы шарттар мүлде жасалмаған.

Тексеру барысында еңбекті қорғау және қауіпсіздік талаптарының сақталуы да назардан тыс қалмады. Бұл бағытта 11 заңбұзушылық анықталып, жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерлерге кіріспе нұсқама жүргізілмегені, қауіпсіздік техникасы бойынша журналдардың толтырылмағаны белгілі болды. Бірінші жартыжылдықта кәсіподақ мүшелеріне 500 құқықтық қызмет көрсетілді. Оның 478-і ауызша, 22-сі жазбаша кеңес берілді.

Құқықтық кеңестерден бөлек, мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ төрағаларына құжаттарды заң талабына сәйкес рәсімдеу бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Кәсіподақ ұйымының нақты көмегінің нәтижесінде аудандық білім бөлімінің іс жүргізушілерінің жалақысына 50 пайыз үстеме ақы қосылып, жалпы алғанда 10708526 теңге төленді. Сонымен қатар Құлан мектеп гимназиясының мұғалімдеріне тәлімгерлік үшін берілмей келген қосымша ақыда кәсіподақтың араласуымен шешімін тауып, 849456 теңге төленді.

Кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында есепті кезеңде 3 семинар өткізіліп, әлеуметтік желіде «сұрақжауап» форматындағы күндер ұйымдастырылды. Жалпы алғанда, осы жылдың бірінші жарты жылдығында 11557982 теңге кәсіподақ мүшелерінің пайдасына шешіліп, төленіп отыр. Бұл кәсіподақ ұйымының еңбек адамының құқығын қорғаудағы нәтижелі жұмысын көрсетеді.

 

Тимур ОРАЗБАЕВ

аудан бойынша құқықтық инспектор

Т. Рысқұлов ауданы