Қаржыгерлер құрмет төрінде
Кез келген мемлекет пен қоғамда қаржы-экономика саласының алар орны айрықша. Өйткені әрбір елдің қаржылық қуаттылығы мен мызғымас мықтылығы ең әуелі экономикалық әлеуетінің жоғары болуымен тығыз байланысты. Ал ол үшін мұнда дамыған қаржы жүйесінің болуы шарт. Бір сөзбен айтқанда, жүйелі экономика – қуатты мемлекеттің діңгегі. Біздің елімізде дәл осыдан 32 жыл бұрын өз валютасы – теңгені айналымға енгізді. Бұл – экономикасы құлдырап, өндіріс орындары жабылудың аз-ақ алдында тұрған тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы даму баспалдағы еді. Міне, осы тұста мемлекеттік маңызды істердің алға басуына қазақстандық қаржыгерлер зор үлесін қосты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен «Ұлттық теңге – тәуелсіздігіміздің жемісі» атты жиында экономикада тұрақты өсімді қамтамасыз етуде аянбай еңбек еткен қаржы саласының ардагерлері мен бүгінгі таңда қызу тірліктің бел ортасында жүрген қаржыгерлерге құрмет көрсетілді.
Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде ұлттық валютамыз айналымға енген күннен бастап қаржы саласының мамандары хал-қадірінше ел еңсесін тіктеу үшін еңбек еткенін атап өтті. Оның айтуынша, төл теңгеміздің тарихы Тараздан басталуы – бүкіл әулиеаталықтардың кеудесінде мақтаныш сезімін ұялатады.
Бұл күні қаржы саласының өкілдеріне Қаржы министрінің «Құрмет грамотасы», «Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері» атағы мен «Еңбек ардагері» медалі, «Қаржы қызметінің төсбелгісі» және «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі табыс етілді.
Бұдан бөлек сала ардагерлері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына және облыстық мәлихаттың Құрмет грамотасына ие болды.
Есен ӨТЕУЛІ