Саясат

Қос халықтың достығы – тағдырдың жазуы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарының екінші күні Александр бағындағы «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады. Содан соң Құрмет қарауылы еліміздің ресми делегациясының алдынан салтанатпен сап түзеп өтті.

Мемлекет басшысы Ресей Федералды Жина лысы Федерация Кеңе сінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Валентина Матвиенкомен кездесу барысында Президент бұл сапарын Қазақстан-Ресей сан қырлы ықпалдастығының айтулы кезеңі ретінде қарастыратынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесуі жайында айтып, екі елдің ресми делегация өкілдерінің қатысуымен өтетін келіссөздердің күн тәртібіне назар аударды.

Валентина Матвиенко кездесу үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарына Ресейдің ерекше мән беріп отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Валентина Матвиенко сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың, сондай-ақ парламентаралық диалогтың өзекті мәселелерін талқылады.Жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық келісімге заңнама тұрғысынан сапалы қолдау көрсетудің және Қазақстан мен Ресей парламенттерінің күш-жігерін үйлестірудің маңызын атап өтті. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Валентина Матвиенко екі елдің мемлекетаралық және парламентаралық қарым-қатынасына арналған фотокөрмені тамашалады.

Келелі келіссөздер жүргізілді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде келіссөз жүргізді. Жоғары деңгейдегі келіссөз алдында Кремльдің Георгий залында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Екі елдің ұлттық әнұрандары орындалды. Мемлекет басшысы Мәскеуге шақырғаны, сондай-ақ дәстүрлі қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы екіжақты ықпалдастықты қарқынды дамытуға баса мән берді.

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Кремль сарайында қарсы алғанына өте қуанышты екенін жеткізді.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында саяси, саудаэкономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ықпалдастықтың кең көлемді мәселелері қарастырылды.

Инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын нығайып келеді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс арқылы қатысты. Биылғы басқосу тақырыбы «Жұмысшы мамандықтар – экономикалық өсімнің қозғаушы күші» тақырыбына арналды. Мемлекет басшысы аталған бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезеңкезеңімен жүзеге асырылып жататынын атап өтті.

Президенттің айтуынша, мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады. Сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастық жыл өткен сайын тұрақты түрде нығайып келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард доллардан асты. Оны 30 миллиард долларға дейін жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларды құрады. Ал осыған дейін Қазақстанға салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі, біздің мәліметіміз бойынша, 27 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде Қазақстан Ресейге 9 миллиардқа жуық инвестиция құйды. Елімізде Ресей капиталының үлесі бар 20 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Олар мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикамыздың қарқынды өсуіне зор үлес қосып келеді. Осы қомақты көрсеткіштерден өзара ынтымақтастық деңгейі қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Біз мұнымен тоқтамай, үнемі алға ұмтылып, сауда және инвестиция көлемін ұлғайта беруге тиіспіз деп санаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев форумның тарихи-мәдени мұраға бай, индустриялық әлеуеті зор Орал қаласында ұйымдастырылуының символдық мәні бар екеніне назар аударды. Орал шаһары ғасырлар бойы халықтарымыздың бірлігін бекемдеуге дәнекер болып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруде ауқымды трансформация жүргізіліп жатқанын айтты.

Содан соң Президент форум қатысушыларына елімізде ақысыз негізде техникалық және кәсіптік білім беру жобасы іске асырылып жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, жұмысқа орналасуға кепілдік бере отырып, маман даярлау механизмі енгізілді. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктестер әрі одақтастар екенін атап өтті.

Өз кезегінде Ресей Президенті Оралда өтіп жатқан форум аясында өңірлер арасында ондаған жаңа келісім мен меморандумға, коммерциялық келісімшартқа қол қойылғанын атап өтті. Бұл Ресей мен Қазақстан аймақтарының тығыз ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтуға ниетті екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарымқатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды. Cонымен қатар мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті.

Бірегей ықпалдастық өз бағытынан айнымайды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады. Президент Ресейге мемлекеттік сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарымқатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі елдің ықпалдастығы жаңа мазмұнмен ұдайы толығып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей–Қазақстанның маңызды саудаэкономикалық және инвестициялық серіктесі саналатынына тоқталды.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, Ақтау қаласында Ресей Бас консулдығының ашылуы өңіраралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, көлік-транзит саласындағы байланыстардың да келешегі зор.

Энергетика саласындағы серіктестік келіссөз арқауына айналды.

Президент экономикалық байланыстар жаңа салалар есебінен ұдайы кеңейіп келе жатқанын айтты. Сапар аясында қол қойылған құжаттар елдеріміздің ғарышты игеру, атом энергиясын, арнайы экономикалық аймақтарды және креативті индустрияны дамыту бойынша айтарлықтай ілгерілеуіне мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы ІТ секторының болашағы зор екенін айтып, Қазақстанның бұл салада тәжірибесі мол екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтарымыздың бірлігін арттыруда мәдени-гуманитарлық байланыстар айрықша рөл атқаратынын жеткізді. Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойылғанын атап өтті.

Мәдениет күндері аясындағы рухани диалог

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Қазақстан өнерпаздарының гала-концертіне барды. Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған мерекелік кеш Үлкен театрда өтті.

Сахнада қазақтың музыкалық және хореографиялық өнерін насихаттап жүрген танымал әртістер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Бұл концерт Қазақстанның бай мәдени мұрасын танытып, екі елдің рухани диалогын нығайтуға ықпал етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге хат жолдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хатта Ресейге жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

 

Дайындаған Фариза ӘБДІКЕРІМОВА