Жасөспірімдер қауіпсіздігі күшейтілді
Қазіргі қоғамда балалардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және дені сау ортаны қалыптастыру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Соңғы уақытта жасөспірімдер арасындағы түрлі құқықбұзушылық, буллинг, теріс ықпалдағы ортаның әсері сияқты мәселелер өзекті болып отыр. Осыған орай облыс көлемінде бала қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жұмыстардың маңыздылығы арта түсуде.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің жетекшілігімен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында жасөспірімдердің еңбегін пайдалану кезінде заң талаптарының сақталуы, сондай-ақ балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Отырысқа облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Еркін Ибраимов, санитарлықэпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева қатысып, атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында «Жасөспірім және заң қауіпсіздігі», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп» секілді іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Арнайы мобильдік топ құрылып, жүйелі рейдтер де жүргізілуде. Бұл шаралар жасөспірімдер арасындағы қылмыстық және әкімшілік заңбұзушылық деңгейін төмендетуге бағытталған. Рейдтік жұмыстар барысында құқыққа қайшы әрекеттерге барған балалар анықталып, олармен профилактикалық әңгімелер өткізілген. Мұндай а лдын а лу шара лары жасөспірімдердің бос уақытын дұрыс пайдалануына ықпал етіп, қылмысқа бару тәуекелін төмендетеді. Сонымен қатар тексеріс кезінде тыйым салынған заттарды алып жүрген жасөспірімдер де анықталып, оларға қатысты тергеу амалдары басталған.
Мамандардың айтуынша, жасөспірімдерді құқықбұзушылықтан алшақтату үшін ата-аналардың да жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Баланың тәртібі, ортасы мен күнделікті әрекеттеріне көңіл бөлу – профилактикалық жұмыстың негізгі бөлігі.
Одан бөлек буллингпен кибербуллингке жол бермеу мақсатында психологтармен бірге сауалнамалар ұйымдастырылып, тәуекел топтарымен жеке жұмыс жүргізілуде. Оқу орындарында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, ата-аналармен бірлескен кездесулер де тұрақты өткізіліп келеді. Бейресми көшбасшылармен жеке профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, олардың әлеуметтік ортасы мен мінез-құлық ерекшеліктері зерделенуде. Кеңес нәтижесінде жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүруіне жол бермеу үшін жергілікті полициямен бірлескен рейдтерді жалғастыру тапсырылды.
Сондай-ақ жыныстық сипаттағы қызмет көрсетуге қатысты жағдайлардың алдын алу, кәсіпкерлер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтілді. Балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру – басты міндет. Сондықтан мектептер мен олардың маңындағы аумақтардағы тәртіп, тағам қауіпсіздігі және басқа да қауіпсіздік шаралары үнемі бақылауда болуы тиіс. Өйткені әрбір баланың амандығы мен тыныштығы – елдің ертеңін айқындайтын маңызды фактор.
Мақпал СҮЙІНБАЙ