Жаңалықтар

Ұрпақ тағдыры – ұлт тағдыры: Жастар мен жауапкершілік арасындағы алшақтық

Уайым мен үміт тоғысқан шақ. Бүгінгі ұлттың ең үлкен байлығы – жер де, мұнай да емес, жастардың санасы мен болмысы. Сол жастардың ойы бұлыңғыр, бағыты бұрыс болса, ертеңгі елдің тұғыры да шайқалады. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғау – жай мораль емес, бұл мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі.

Қазір қоғамның беті ашық, ақпараты шексіз. Әлеуметтік желі – әр баланың қолындағы «әлемге терезе». Бірақ сол терезеден не көріп отырмыз? Күлкі мен көңіл көтеруге толы видеолар, танымсыз трендтер, жылтырақ, бірақ мәнсіз мазмұн. Кеше ғана ертегі тыңдап ұйықтайтын бала бүгін түнгі клубтың, букмекерлік кеңсенің алдында тұрады.

Бұл – жай ғана «заман өзгерді» деген сөз емес. Бұл – құндылық дағдарысы.

Бұрын ата-ана «балам, кешке дейін ойнама, сабақ оқы» десе, қазір «балам, телефонды тым көп ұстама» деп ескертеді. Алайда сананы улайтын нәрсе дәл сол телефонның ішінде. Мәселе – технологияда емес, тәрбиедегі тепетеңдіктің жоғалуында.

Бір ұрпақ ата-анасынан көрген үлгімен өмір сүрсе, келесі ұрпақ экраннан көрген бейнеге еліктейді. Ал бұл еліктеу кейде соқыр әуестікке, кейде қауіпті жолға итермелейді.

Мектеп пен ата-ананың байланысы әлсіреп, бала «қоғамдық бақылаудан» тыс қалды. Бұрын мұғалім мен көрші де ескерту жасайтын. Қазір ешкім ешкімнің шаруасына араласпайды. Осыдан келіп түнгі серуен, құмар ойын, зорлық-зомбылық секілді көріністер көбейіп барады.

Бүгінгі жасөспірім – ертеңгі азамат. Ал сол азамат қазірдің өзінде адасса, болашақтың бағы қайдан болмақ?

Міне, сондықтан да балалар мәселесі – ұсақ шаруа емес, бұл – ұлттың ертеңін анықтайтын үлкен сын.

Жеті түнде жортып жүретін жасөспірімдер: кінә кімде?

Беймезгіл уақытта көшеде жүрген бала – жарықтың емес, тәрбие жарығының жетпегенін көрсететін көрініс.

Тараздың орталығымен түнгі сағат он бірге қарай жүріп өтсеңіз, екі-үш жасөспірімді қатар көресіз: қолында телефон, құлағында наушник, жүзінде еркіндік пен бейқамдық. Ал ол сәтте ата-анасы үйде, бәлкім теледидар қарап отыр, бәлкім жұмыстан шаршап ұйықтап қалған. Мұндай көріністің түп-тамыры тереңде. Біріншіден, ата-аналық бақылаудың әлсіреуі.

Бүгінде кейбір отбасыларда «еркіндік» ұғымы бұрмаланып кеткен. Баланы қатаң ұстау – «ескірген тәрбие», ал еркіндік беру – «заманауи ата-аналық стиль» сияқты қабылданады. Бірақ шынайы еркіндік – жауапкершілікті сезінуден туады, ал бақылаусыздық – бейберекет өмірдің бастауы.

Тараз қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Айгүл Әбдімәлікқызы былай дейді: «Кішкентайымда ата-анам кешке «үйге кешікпе» десе, қорқып емес, сыйлап тыңдайтынмын. Қазір балалар «бір сағатқа кешігемін» деп кетіп, таңға жуық келеді. Себебі ата-ана сұрамауға үйренген, бала жауап бермеуге үйренген».

Ал психолог Динара Сағындық бұл құбылысты «эмоциялық ажырау» деп сипаттайды:

«Қазіргі ата-аналар физикалық тұрғыдан жанында болғанымен, рухани тұрғыдан алыстап кеткен. Баламен сөйлесудің орнына телефон ұстатады. Ал бала өз әлеміне кіріп, шынайы байланыстан алыстайды. Сол жалғыздықтан ол түнгі достықтан жылулық іздейді».

Екіншіден, қоғамның өзі бақылауды әлсіретіп алды. Бұрын әрбір мектепте тәртіп кеңесі, жасөспірімдер инспекторы белсенді жұмыс істейтін. Қазір ондай жүйе бар болғанымен, әсері әлсіз. Себебі бала тәртібі тек мектептің шаруасы емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Мәселен, осы жылдың көктемінде Тараз қаласының бір ауданында 15 жасар жеткіншек түнде дәмханадан шыққан соң достарымен төбелесіп, жарақат алған. Бұл оқиға қоғамда үлкен талқылау туғызды. Бірақ мұндай жекелеген жағдайлар БАҚ-та бір-екі күн талқыланып, ұмытылады. Ал сол баланың тағдыры ше?

Жасөспірімдердің көше өміріне бейімделуі тек тәрбиенің емес, құндылық жүйесінің бұзылуынан да туындайды. Қазір жастардың бір бөлігі «еркіндік» ұғымын «тәртіпсіздік» деп түсінеді. Олар үшін «көңіл көтеру» – өмірдің басты мәні. Ал бұл түсінік – отбасы мен қоғам арасындағы диалогтың үзілгенінің дәлелі.

Жасөспірімнің сыртқа әуестенуінің тағы бір себебі – әлеуметтік теңсіздік пен орта ықпалы. Кейбір балалар өз отбасында мейірім таппаған соң, сыртқы ортадан қолдау іздейді. «Достарыммен жүргенде өзімді еркін сезінемін» деген сөзді жиі естиміз. Шын мәнінде, бұл – баланың ішкі жалғыздығының көрінісі.

Психологтар айтып жүрген тағы бір фактор – отбасындағы экономикалық қиындықтар мен ата-ананың тұрақсыз жұмысы. Әкесі вахтада, анасы кешке дейін жұмыста. Үйде көбіне әже не бауырлары қалады.

Мұндай жағдайда бала бақылаусыз қалып, өзіндік әлем қалыптастырады. Қараусыздық пен еркіндік арасындағы шекараны ажырата алмай, сыртқы өмірге еніп кетеді. Мектептің де рөлі аз емес. Кей оқу орындарында тәртіп мәселесі «білім сапасы» деген көрсеткіштің тасасында қалып қояды. Бірақ тәрбие мен білім – егіз ұғым. Бірі әлсіресе, екіншісінің де құны төмендейді. Мұндай жағдайдан шығудың жолы бар ма? Бар, бірақ ол тек әкімшілік жазамен шешілмейді.

Бірінші, отбасында тәрбиенің жаңа моделін қалыптастыру қажет.

Бала мен ата-ана арасындағы байланыс сенімге құрылуы керек. Егер бала атаанасынан қорқып емес, сеніп сөйлесе – ол ешқашан жаман ортаға бармайды.

Екінші, мектеп пен ата-ананың өзара әрекетін күшейту қажет.

Айына бір рет ата-аналар жиналысы емес, әр балаға жеке-жеке көңіл бөлінетін жүйе керек. Әсіресе «тәуекел тобына» жататын оқушылармен психологтар мен әлеуметтік педагогтар жиі жұмыс істеуі тиіс.

Үшінші, қоғам белсенділігі мен БАҚ рөлін арттыру қажет.

Жастар арасындағы тәртіпсіздік оқиғалары тек теріс мысал ретінде емес, сабақ боларлық тәжірибе ретінде де талқылануы тиіс. Қоғам үнсіз қалса – мәселе тереңдей береді.

Төртінші, жергілікті билік пен полиция қызметінің үйлесімді жұмысы.

Өскелең ұрпақ құмар ойынға неге әуес?

Бір кезде «құмар ойын» десе, көз алдымызға карта, казино, рулетка елестейтін. Ал қазір ол бәрінің қалтасындағы – телефонда.

Жаңа заманның жаңа «казиносы» – онлайн бәс тігу мен ставкалар әлемі. Оған кіру үшін жас шектеуі де, қатаң бақылау да жоқ. Бірнеше батырманы басу жеткілікті.

Психологтар мұны «интернет тәуелділігінің қауіпті формасы» деп атайды. Өйткені мұндай ойындар адамның миына жылдам ләззат сигналын жібереді. Ал сол сигналға үйренген ми кейін қарапайым өмірдегі қуанышқа мән бермей қояды.

Мәселен, Тараз қаласында 17 жастағы жасөспірім букмекерлік кеңсеге тіркеліп, ата-анасының картасынан 180 мың теңге жоғалтқан. Ол ақша ұтқан сайын өзіне сенімділігі артып, ұтылған сайын «тағы бір мүмкіндік» деп ойлаған. Ақыры мектептен кетіп, достарынан алыстап, өз әлеміне қамалған. Бұл – жеке драма емес, жас ұрпақтың ортақ трагедиясы.

Құмарлықтың тамыры – бос уақыт пен бағытсыздық.

Әсіресе ауыл мен шағын қалаларда жастардың бос уақыты көп. Спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелердің аздығы – үлкен мәселе. «Не істесем екен?» деген сұраққа жауап таба алмаған жас виртуалды әлемге сүңгиді. Онда бәрі оңай: басқан сайын жеңіс, әр жеңіс – ләззат, әр ұтылыс – тағы да үміт. Осы үміт пен қорқыныш аралас күй психологиялық тәуелділікке әкеледі.

Мұндай тәуелділіктің белгілері анық:

• бала телефонды қолынан тастамайды;

• әңгімеге қызықпайды, ұйқысы бұзылады;

• ақша сұрауы жиілейді;

• сабақ үлгерімі төмендейді.

Бірақ көп ата-ана бұған назар аудармайды. «Ойын ойнап отыр ғой» деп қоя салады. Ал сол «ойынның» артында үлкен қаржы айналымы мен тәуелділік жүйесі тұр.

Осы жылы Қазақстанда киберқылмыс басқармасының мәліметінше, онлайн құмар ойын платформаларына тіркелген жасөспірімдер саны 60 мыңнан асқан. Олардың 30 пайызы 18 жасқа толмағандар.

Бұл – ресми тіркелгені ғана. Көбі жалған аты-жөнімен тіркеледі.

Ал біздің өңірде де жағдай мәз емес.

Экономист сарапшылардың айтуынша, құмар ойынға жұмсалған қаражат жылына 200 миллиард теңгеден асады. Оның едәуір бөлігі – жастардан түсетін микротөлемдер мен онлайн карталар арқылы кетеді.

Мәселе тек ақшада емес, рухани тәуелділікте. Құмар ойын – жеңіске емес, үміттің тұзағына байлайды. Жеңсең – «тағы да ұтамын», ұтылсаң – «енді қайтарамын» дейсің. Сол үміт шындыққа айналмай, адамды өзімен-өзі соғысқа итермелейді.

Имамдар мен дінтанушылар мұны «нафстың құмары» деп түсіндіреді. Яғни, адам нәпсісіне ерік беріп, бақылауды жоғалтады.

Ал психологтар оны «адреналиндік тәуелділік» деп атайды.

Екі көзқарастың да түйіні бір – адам еркінен айырылып барады.

Мемлекет деңгейінде соңғы жылдары құмар ойын мәселесіне қатысты бірнеше бастама көтерілді:

• 2024 жылы онлайн-букмекерлерді қатаң бақылауға алатын заң қабылданды;

• банктерге кәмелетке толмағандарға ойын платформаларына төлем жасауға тыйым салынды;

Бірақ ең маңыздысы – отбасындағы тәрбие мен рухани бағыт.

Бала бос уақытын пайдалы өткізуі үшін спорт, өнер, еріктілік қозғалыстары қолжетімді болуы шарт.

Тараз қаласында соңғы жылдары «Жастар алаңы» жобасы арқылы ондаған клубтар ашылып, жастарды киберқауіптен қорғауға арналған тренингтер өткізіліп жатыр.

Ата-аналар нені білуі тиіс?

«Бала – бауыр етің» дейтін қазақ сөзінің мәні терең. Бірақ сол «бауыр етті» қалай қорғап жүрміз?

Қазір елімізде бала құқығы жайлы заң бар, омбудсмен институты бар, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер де бар. Бірақ соның бәрі жұмыс істеп тұр ма? Мәселе – заңда емес, түсінікте.

Кейде ата-ана «менің балам – менің меншігім» деген ұстаныммен өмір сүреді. Баланы ұрып тәрбиелеуді дұрыс деп санайтындар да бар.

Керісінше, кейбірі мүлде араласпай, еркіндікке жібереді.

Ал шындығында, баланың өмірі мен тағдыры – мемлекеттік және адамдық жауапкершілік.Жастардың тәрбиесі мен баланың құқықтық қауіпсіздігі – тек отбасы мен мектептің ғана емес, мемлекеттің стратегиялық міндеті. Соңғы жылдары Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге қатысты бірқатар мемлекеттік бағдарламалар іске асып жатыр.

Бірақ олардың тиімділігі, орындалу деңгейі және қоғаммен байланысы – басты сұрақтардың бірі.

2023-2029 жылдарға арналған «Балалық шақты қорғау» ұлттық тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжатта бала құқықтарын қорғау, киберқауіпсіздік, психологиялық көмек және отбасы институтын нығайту бағыттары қамтылған.

Құқық қорғау және әлеуметтік көмек жүйесі

Тәртіп пен қауіпсіздік те назардан тыс қалмайды. Облыстық полиция департаменті жанынан «Жасөспірімдер істері тобы» құрылған. Бұл топ тек тексеру жүргізіп қана қоймай, әрбір оқушының тұрмыс жағдайын зерттеп, қауіп тобындағы балалармен жеке жұмыс істейді.

Қоғамның болашағын болжау үшін саясат пен экономикаға қараудың қажеті жоқ. Тек көшедегі балалардың жүзін, мектептегі оқушылардың мінезін, жасөспірімдердің армандарын қараңыз – сол арқылы елдің ертеңін көруге болады.

Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі көшбасшы, ертеңгі ұстаз, ертеңгі ата-ана.

Олардың өмірге деген көзқарасы, қоғамға деген сенімі, өзіне деген жауапкершілігі – ұлттың тағдырын анықтайды.

Сондықтан «бала тәрбиесі» деген ұғымды тұрмыстық деңгейде емес, ұлттық идеологияның өзегіне айналдыру қажет.

Біз қазір ерекше кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Интернет пен цифрлық мәдениет өсіп, ақпарат еркін айналып жатыр. Бірақ дәл осы еркіндік кейде жастардың ерік-жігерін әлсіретіп, бағытсыздыққа итермелейді.

Түнде серуендеген жасөспірім, телефон экранында өмір сүретін бала, онлайн бәс тігіп жүрген жеткіншек – бұл жай жеке оқиғалар емес.

Бұл – құндылық дағдарысының көрінісі.

Сол құндылық дағдарысын жеңудің жолы – жазалауда емес, тәрбиелеуде.

Заң қорғайды, бірақ махаббат түзетеді.

Мемлекет бақылайды, бірақ отбасы қалыптастырады.

Балаға ақша емес, мейірім беру керек

Қай елдің тарихына үңілсең де, ұлттың м ы қ т ы л ы ғ ы о н ы ң б а л а с ы н а д е г е н қамқорлығымен өлшенеді. Қытайдың философы Конфуций: «Ел болу үшін алдымен отбасын түзе», – деген. Біздің қазақ та «Отан – отбасынан басталады» дейді. Екеуінің мәні бір: бала тәрбиесі – мемлекеттің іргетасы.

Бала – ата-ананың айнасы. Ол үйдегі сөзді, қарым-қатынасты, мінезді көшіреді. Сондықтан егер біз қоғамда ізгілік пен әділдік орнасын десек, сол қасиеттерді өз үйімізден бастауымыз керек.

Балаға телефон емес, уақыт беру. Ақша емес, мейірім беру. Бақылау емес, сенім беру – міне, нағыз ата-аналық борыш осы.

Облысымыз соңғы жылдары балалар мен жастар саясатына ерекше көңіл бөліп келеді. Жаңа жобалар, спорт алаңдары, шығармашылық орталықтар – мұның бәрі жастардың бос уақытын пайдалы өткізуге бағытталған. Бірақ материалдық жағдайдың артуы – түпкі шешім емес.

Негізгі мәселе – рухани тепе-теңдікті қалпына келтіру.

Балаға қоғамның назарын аудару – тек бір науқандық шара емес, мәңгілік міндет. Себебі әрбір бала – ұлттың болашағы ғана емес, ұлттың қазіргі бет-бейнесі.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ Қазіргі буын – цифрлық дәуірдің перзенті. Олар жылдам ойлайды, батыл қимылдайды, жаңашылдыққа ұмтылады. Бірақ сол жылдамдықтың арасында адамдық, рухани тереңдік жоғалмауы тиіс. Қоғамның міндеті – сол буынды тоқтату емес, бағыт беру. Жастарды қорқытып емес, сендіріп тәрбиелеу. Оларға өз болашағын өз қолымен жасауға мүмкіндік беру.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Бала тәрбиесі – баладан гөрі ұстазға, ұстаздан гөрі ата-анаға байланысты», – деген екен. Бүгінгі таңда бұл сөз бұрынғыдан да маңызды. Біз баламызға не үйретіп жатырмыз? Қандай болашақ сыйлағымыз келеді? Міне, әр ата-ана, әр мұғалім, әр азамат осы сұрақтарға шынайы жауап берсе, қоғам өз жолын табады. Бүгінгі бала – ертеңгі елдің иелері. Оның күлкісінде – болашақтың нұры, оның сенімінде – ұлттың үміті, оның амандығында – мемлекеттің берекесі жатыр. Сондықтан әр баланың қауіпсіздігі мен тәрбиесі – жеке істің емес, елдің ең қасиетті парызы.

Мақпал СҮЙІНБАЙ