Жастар кітап оқуға шақырады
Жастар кітап оқуға шақырады
Бүгінгі жастар кітап оқи ма? Кітаптың орнын ғаламтор басып кетті ме? Осы секілді көптеген сауалдар қазіргі таңда жиі қойылып жүр. Рас, қазіргі балалар да, жасөспірімдер де кітаппен дос болуға аса құмартып жүрген жоқ. Техниканың қарыштаған шағында кітапты жата-жастанып оқып жатқандарды ілуде бір ғана көреміз. Десек те, қашаннан айтылып келе жатқандай ғаламтор да, басқасы да кітаптың орнын баса алмайды.
Осы тұрғыда Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының ұйытқы болуымен «Кел, жастар, оқылық» жобасы аясында «Бір аптада – бір кітап» акциясы ұйымдастырылды. Оған өңіріміздегі белсенді студенттер мен кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары жастар қатысты. Қонақтарды алдымен облыстық кітапхана басшысы Эльмира Абдинова кітапхананың жұмысымен, ондағы бағалы кітаптар қорымен таныстырды. Одан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Уалихан Болатбек шараның мазмұны мен мақсатын түсіндіріп өтті. – Әр саналы адам білім мен даналықтың қайнар көзі кітап екендігін біледі. Әрқайсымыздың «оқуым керек» деген шығармалар тізімі де бар шығар. Соларды кейінге қалдырмай, кем дегенде бір аптада бір кітапты оқимын деген мақсаттарыңыз болу керек. Біздің, яғни, жастардың оқуға тиіс деген кітаптардың тізімі күн сайын өсуде. Алайда, оларды оқымауға сылтау ретінде уақыттың аздығы мен шаруаның көптігін айтамыз. Бірақ бұл іске шындап кіріссек, ол сіздердің сабақтарыңыз бен жұмыстарыңызға еш кедергі бола қоймас. Ол үшін ең алдымен қандай кітаптарды оқығыларыңыз келетінін жоспарлап алу керек, – деді, Уалихан Болатбек. Ал жобаның үйлестірушісі Аршат Сапаралиева акцияға қатысушыларға оқылар әдебиет жайлы әңгімелерді мұқият таңдау керектігін жеткізіп, өз тарапынан жаппай оқылатын алғашқы кітаптар қатарына бір-екі нұсқаны ұсынды. Ол ұсынған Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» монолог-хикаяты көптің көңілінен шықты. Енді әр апта сайын жиналып, оқылған шығарманың мән-мазмұнын талқылап отыруды мақұлдасқан кітапқұмар жастар өзге қатарластарын Мұхтар Әуезовше «Көп жасаған адам емес, көп оқыған адам ғана көпті біледі» деген рухани қағиданы ұстануға шақыратындарын жеткізді.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».