Театрдың темір тұлпарын тізгіндеген
Халқымызда «Еңбекпен ер көгереді», «Адал еңбек – ардың ісі» деген нақыл сөздер бекер айтылмаған. Еңбектің көзін тапқанның берекенің өзін табатыны да рас. Сондай тындырымды еңбек адамының бірі – Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының көлік жүргізушісі Серік Дәуітбаев.
Серік Нышанұлы өз ғұмырының 48 жылын көлік жүргізу ісіне арнаған кісі.
Ол 1976 жылы Байзақ ауданы, Жібек жолы ауылында мектеп бітіріп, шоферлар дайындайтын алты айлық курста оқыған. Қазіргідей алты күннің ішінде көлік жүргізу куәлігін алу деген жоқ, әр қимыл-қозғалыс, жол ережесін тәптіштеп түсіндіріп, алты ай оқытқан. Бұл Серіктің тындырымды көлік жүргізушісі болуына мүмкіндік берді. Серік Нышанұлы 1977 жылы Байзақ ауданы, «Базарбай» жеміс-жидек кеңшарында көлік жүргізушісі болып 18 жасында еңбек жолын бастайды. 1978-1980 жылдары Тынық мұхиты жағалауында, Камчатка түбегінде әскери борышын өтегенде де көлік жүргізді. Отан алдындағы борышын өтеп оралған Серік өзі туып-өскен ауылда, «Базарбай» кеңшарында көлік жүргізушісі болып тағы бес жылдай еңбек етті. Өзі елгезек, тындырымды маманды жұмысқа шақыратындар аз болмайды екен. 1985 жылы Тараз қаласына қоныс аударып, облыстық драма театрға көлік жүргізушісі болып орналасты. Екеуі де бір жұмыс болғанымен кеңшармен салыстырғанда театрдағы жұмысының мәні де, мазмұны да жоғары болды. Себебі мұнда автобуспен өнер адамдарын тасиды. Алыс облыстарға, тіпті көршілес республикаларға да барады. Ол туралы еңбек адамының өз естелігі өте әсерлі.

– Менің театрда көлік жүргізуші болып жұмыс істеп келе жатқаныма алдағы сәуір айында 41 жыл толады. Әрине, аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде театрды басқарған кісілердің бәрімен бірге еңбек еттім. Көптеген талантты актерлар мен актрисалардың тер төккен жылдарына куәгермін. Ол кезде театр өнер сапарына жан-жаққа өте көп шығатын. Ол өнер сапары маған да қарбалас жұмыс. Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларына талай сапарға шықтық. Біздің театр Қырғыздың Ош, Талас, Нарын облыстарына, Өзбекстанның Бұхара облысына талай қойылым апарды. Тіпті алыс кеңшар, кішкентай бөлімшелеріне дейін бардық. Жұрт әр қойылымды ерекше қолдап, үлкен әсермен көретін. Ол біздің актерлерге шабыт беріп ынталандырады. Көрші ел облыстарын қызықтырған да еңбек, театрдың ізденісі деп ойлаймын. Осы еңбек жолында театрдың актерлік құрамын алып жүру маған үлкен жауапкершілік болды. Жолда қиындықтар да кездесті. Ол кезде театр автобустары ескі болатын. Жолда көп бұзылатын. Соны дереу жөндеп, театр ұжымын жолынан қалдырмау жолында жанталастым. Актерлар де көмектесіп кететін. Бірі керек затымды алып берсе, енді бірі үлкен жолдан көлік тоқт атып, тыным таппайтын. Нәтижесінде бірер сағатта жөнделіп жүріп кетуші едік. Ұжым ынтымақшыл, көңілді болғандықтан шығар, осында тұрақтап қалдым. 41 жыл уақыт 41 күн секілді өте шықты. Ұжымға рақмет, – дейді ол.
– Ұзақ жыл өтілі бар көлік жүргізушіні басшылық та жоғары бағалайды. Серік Нышанұлы өте тындырымды кісі. Бұл кісіге барлық әріптестері риза. Жұмысын жақсы біледі. Көлікті тоқтатпай жүргізіп, көпшіліктен алғаны алғыс. Театрдың 90 жылдығына орай Серік Нышанұлы «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының қолынан алды. Ол кісі басқа марапаттарға да лайық, – дейді аталған театр директоры Ақылдос Тәжиев. Әкесі Нышан Жібек жолы ауылында гидротехник (су мұрап) болса, анасы Алтыншаш қара жұмысшы болған екен. Ауылда тал егіп, сыпырғы байлаған. Жібек құртын өсірумен айналысқан. Он ұл-қызды өсіріп жеткізді. Еңбек адамы Серіктің жары Сайра есепші. Үш ұл-қызы өмірде жақсы маман болып, өз жолдарын тапқан. Серік Нышанұлы өз ісінің шеберіне айналған еңбек адамы. Оның 48 жыл көлік жүргізген табанды еңбегі жастарға үлгі.
Есет ДОСАЛЫ