«Жетістік үлкен еңбекпен келеді»
Өмірде сан түрлі тағдыр иелері бар. Оларға Жаратушы сынақпен бірге сабыр мен төзімді қоса берген. Ондай кісілердің өмірге құштарлығы таңдандырады. Кейде он екі мүшесі бүтін, төрт құбыласы тең адамнан да өмірге деген үлкен құштарлықты байқай бермейміз. Көпшілік адамдарда өмірдің мүмкіндіктерін бағаламау басым. Ал ерекше жандар өмірдің мүмкіндіктерін пайдалануға көп күш жұмсайды. Алдыға ұмтылады. Олар сол арқылы жетістіктерге жетуді көздейді. Жетістіктерге жетіп те жүр. Бірінші топ көз мүгедегі, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханасының тифлология бөлімінің меңгерушісі, редактортифлолог Ербол Бегимов сондай қайсар жандардың бірі. Жуырда біз өмірге құштарлығы жоғары азаматпен сұхбаттасқан едік. Ол сұхбаттың оқырмандарға да жақсы әсері болатыны анық.
– Сізді қазір оқырмандар «Брайль» әрпімен кітап шығарушы маман ретінде таниды. Өңірімізге белгілі ақын-жазушылардың кітаптарын үнемі «Брайль» тілінде сөйлетіп жүрсіз. Бір кітапты дайындағанға қанша уақыт жұмсайсыз?
– Бәлкім, «Брайль» әріпін жетік меңгергенімнен болар, бір кітапты 15 күннің ішінде әзірлеп шығара аламын. 2008 жылдан бері аталған кітапханада редактор-тифлолог болып еңбек етіп келемін. Осы уақыттың ішінде 2 мыңға жуық кітапты «Брайль» әрпіне аударып шықтым. Бұл бірақ айтуға ғана оңай. Жұмыстың жеңілі жоқ. Оның үстіне «Брайль» әрпімен басылатын кітаптың қағаздарын табу да оңайға соқпайды. Мұндай кітаптың қағаздары Ресей мен Қытай мемлекеттерінен алынады. Сондықтан тапшылығы байқалады. Осыған байланысты «Брайль» әрпімен шыққан кітаптардың таралымы да көп болмайды. Бірақ қазір электронды нұсқасы да жасалып жатыр. Таралымы аз болғанымен, қаралымы мен тыңдалымы көп болып жатқан шығар. Осы жұмыс менің әріптестерімнің мүмкіндіктерін ашуға өте қажет деп ойлаймын. Сол ой арқылы басқаға жақсылық жасағаным үшін өзім қуанып жүремін. Ол бәлкім өзім ғана бағалайтын, өзім ғана түсінетін қуаныш шығар. Кітаптарды зағип жандар оқи алатын нұсқаға аударудың да өзіндік талаптары мен қиындықтары бар. Бірақ туындыны әзірлеп шығарғаннан кейін, оны көзі көрмейтін әріптестерім оқып жатқанын сезінгенде барлық қиындықты да, шаршағаныңды да ұмытып кетесің. Себебі өзгені қуантқаннан артық бақыт жоқ. Айналаңдағы адамдарға қуаныш сыйлағанға не жетсін! Өмір жақсы адамдардың ниетімен, асыл қасиеттерімен нұрланып тұруы керек. Дүниені нұрлы күйінде ұстап тұрған күш – сол адамдардың бір-біріне жасаған жақсылығы. Жақсылық жасау – ізгіліктің үлкені. Бұл сөзіммен біреу келісер, біреу келіспес. Бірақ менің пікірім осы.
– Осынша қабілетті қалай бойыңызға дарыттыңыз? Көздері шырақтай жанып тұрған адамдардың қолынан келе бермейтін іс емес пе?
– Менің әуелде көзім орташа болса да көретін. Тараз қаласындағы №1 мектепте оқыдым. Тек мектеп бітіретін кезде жақыннан көрмейтін жағдайға жеттім. Ташкент қаласындағы университетке заң факультетіне сырттай оқуға түстім. Қай кезде де менде өмірге деген құлшыныс болды. Сол құлшыныспен алдыға ұмтылыс мені біраз нәтижеге жеткізген сияқты. Оның үстіне туған ағам көмектесіп, қолдау көрсетті. Әйтеуір жүрегі жылы адамдардың жақсылығын көп көрдім. Менің көзім көрмегенімен, көңілім сайрап тұрды. Ізденісті ешқашан тоқтатқан емеспін. Соның нәтижесінде белгілі деңгейде жетістікке жетіп отырмын деп ойлаймын. Алдағы уақытта да ізденісімді жалғастыра беремін. Себебі үздіксіз алға ұмтылу маған оң нәтиже береді. Өмірімнің мәнін арттырды, өмірге қызығушылығымды көбейтті. Ізденіс – менің айнымас серігім.
– «Брайль» әріпін үйренуге де қабілет керек шығар?
– Әрине барлық жаңа істі үйренуге ынта мен қабілет қажет. Студент болып жүргенімде көз жанарымның көруі мүлдем нашарлады. Сол кезде жағдайды түсініп, зағип жандар жетістікке жететін жол іздедім. Әрине өзім сияқты көзі көрмейтін кісілердің жанында жүрген кезіміз. Республикалық «Соқырлар қоғамы» ұйымының Тараз қаласында да оқу өндірістік кәсіпорны бар. Ол жерде зағип жандар оқиды, қабілетіне қарай жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, көзі көрмейтін және нашар көретін жандарды қолдау үшін ашылған мекеме. Сол кәсіпорынға барып, тіркелдім. Олар маған ізденуім үшін магнитофон, диск, касета берді. «Брайль» әрпін алғаш осы жерден үйрене бастадым. Көп ұзамай сырт қалалардағы оңалту орталықтарына курстарға бардым. Алматы және Шымкент қалаларында оңалту орталықтарында білім алдым. «Брайль әрпін» осылайша түсініп, меңгере бастадым. Одан кейін де өз бетімше көп іздендім. Мен үшін бір мүмкіндіктің шеті шыққандай көрінді. Осы ізденіс түбі бір жақсылыққа жеткізетінін жүрегім сезді. Осы тұста айтатыным Жаратушы әділ. Адамның бір мүшесі кем болса, басқа мүшелерінің жұмысы жоғары болады. Менің көзім көрмегенімен, есту, сезу қабілетім өте жақсы. Басқа әріптестерімде де осындай артықшылық бар шығар деп ойлаймын. Бұл біріншіден, Жаратушының үлкен сынағы, тағдырымызға жазылғаны. Осы сынаққа сабырмен және төгілген термен шыдай білсек, біздерге де көп жақсылық бар. Абыройдың ауылына үлкен ізденіс апарады. Тіпті көзі шырақтай жанып түрған кісілерге де бұл қатысты нәрсе. Кімде-кім жалқаулыққа салынса, оған ешқандай жақсылық келмейді. Керісінше қандай жағдайда болса да, өмірге ұмтылған кісінің көрер жақсылығы өте көп. Осы өмірде көріп жатырмыз, екі қолы жоқ кісілер де өзінің қабілет пен қарымын көрсетіп жатыр. Арбаға таңылған кісілер де тірліктің көзін тауып жүр. Абай хакім атамыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей...», – деген жоқ па?
Сондықтан жетістік бәрібір үлкен еңбекпен келеді. Ал зағип жандар үшін ізденіс екі есе артық болуы тиіс. Өмірге араласып, алдыға ұмтылмасаң, ешкім сенің мүмкіндігіңді жоғарылатып бере алмайды. Осыны көзге қатысты мәселелері бар азаматтар мен азаматшалар жақсы түсінгендері жөн.
– Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханаға жұмысқа келуіңіз де – өте жақсы жетістік. Осы орайда кімдердің жақсылығы мен қолдауын көбірек айтар едіңіз?
– Әуелі Жаратушыға алғысым шексіз. Содан кейін айтарым өмірде ештеңе өзінен-өзі бола салмайды. Бір сәттілікке де біреулер себепкер болады. Менің өмірімде де жақсы адамдар көп кездесті. Басыма түскен сынақтарға қарамастан, жақсы адамдарды жолықтырған тағдырыма ризамын.
С ол уа қ ы т т а ат а л ғ а н а р н а й ы кітапхананың директоры Мейрамкүл Сқақ болатын. Сол кісінің жанашырлығымен сырт қалаларға курстарға барып оқып келгенімді жоғарыда айттым. Содан 2008 жылы ол кісі мені зағиптерге арналған кітапханаға редактор-тифлолог маман ретінде жұмысқа алды. Содан бері осы қызметті атқарып келемін. Мейрамкүл Елеукенқызының сенімін ақтадым, ол кісінің атына кір келтірген жоқпын деп ойлаймын. Мұндай қолдау білдіріп тұрған кісінің көңілін қалдыруға болмайды. Осылайша сол кездегі директордың жаңашылдығымен кітапхана жұмысына жаңа серпіліс келді. Сол серпіліс барша зағип жандарға үлкен мүмкіндіктер берді. Сол үрдіс әлі де жалғасын тауып келе жатыр.
– Қазір сізден тәлім алып жүргендер бар. Ұстаз ретінде қандай қағиданы ұстанасыз?
– Өзімнің ізденісім мен іскерлігімнің арқасында демеуші тауып, қазіргі а қ п а р ат т ы қ р е су р с т а р д а м ы ғ а н заманда Мәскеу қаласынан ДВТ 10.51Л-системасы «ДАГЗБАРИ» арнайы багдарламасына (алты нуктелі Л.Брайль) кол жеткіздім. «ДАГЗБАРИ» арнайы жаңа инновациялық компьютерлік бағдарламасымен «Болашақ» мектеп и н т е р н а т ы н ы ң , о к у ш ы л а р ы н а қазақ және орыс тілдерінде мектеп окулықтарын (Брайльше оқулықтар, әдебиеттер Қазақстан бойынша еш жерде шығарылмайды) және зағип окырмандар сұранысына ие болған әдеби кітаптарды, журналдарды «Брайль» шрифтарына аударып береді. «Брайлист» үйірмесінің жетекшісімін. «Брайлист» үйірмесі – жаңадан көз жанарынан айырылып күйзеліске ұшыраған жандарды және басқа да зағип жандарды өз бетінше алты нүктелі «Брайль» әрпімен оқып жазуды үйретеді.
Ұстаздық – үлкен ұғым. Аталған үйірмені жүргізіп, көзі көрмейтін жандарға брайль әрпін және компьютермен жұмыс істеуді үйретемін. «Брайль» әрпін үйрену оларды қуантады және жаңа үміт, жаңа мүмкіндік сыйлайды. Бізде дыбыс беру арқылы жазылатын бағдарлама бар. Үйренушілер компьютерді тергенде қай әріптің қай жерде екенін ойша жаттап алып тереді. Сол кезде дұрыс әріптер дыбыс арқылы айтылып отырады. Мәселен, «А» әріпін жазғысы келсе, егер әріптің үстін дұрыс басса, «А» деп дауысталып айталды. Үйренуші солай өзінің әріптерді дұрыс жазып отырғанын біледі. Барлық мәселе «Брайль» әріпін үйренумен бітпейді. Оны жылдам жазу, қолдың машықтануы, шеберлікті меңгеру үлкен ізденісті қажет етеді. Көзі көрмейтін жандарға компьютерді үйрену де оңайға соқпайды. Бірақ заманауи технологияны үйреніп алу өздеріне қажет. Зағип жанмын деп артқа қарай жүруге болмайды. Көзің көрмей тұрса да алға ұмтылу – міндет. Алға ұмтылу жақсы жолдарға жетелейді. Кейде көп ізденсең, көзі барлар атқара алмаған істерді атқаруың да мүмкін. Осыны естен шығармаған жөн. Жалпы, зағип жандар үшін де көңілге түйіп жүретін құнды қағидалар болады. Мен үйірме жетекшісі ретінде де біраз жетістіктерге жетіп отырмын. Көптеген шәкірттерім компьютерді жақсы меңгеріп шықты. «Брайль» әріпін үйренуде де тамаша жетістікке жеткен шәкірттерім бар. Ол жағынан алғанда бақытты ұстаздардың бірімін.
– Байқағанымыз қасыңызға көмекші алмай өзіңіз жүре бересіз. Сіздің қазіргі жағдайыңызда қауіпті емес пе?
– Сөз нобайыңызды түсіндім. Зағип кісіге өзі жүру әрине қиын. Дегенмен, өзімді өзім қамшылаймын. Қазір мен еңбек ететін облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана Тараз қаласының басқа аймағына көшті. Бұрын Аққозиев көшесіндегі ғимаратқа өзім барушы едім. Себебі жолды жаттап алғанмын. Оның қашықтық – жағын, қай жерде қандай бұрылыс барын сеземін. Көңілдің көзімен жүріп өтемін.
Адамзат табиғаттың көп тосын сыйларын байқай бермейді. Қоршаған ортада адам үшін жасалған байлық пен мүмкіндіктер көп. Оны біреу байқайды, біреу байқамайды. Мәселен, көзіміз көрмегендіктен, біз басқа мүшенің қызметіне жүгінеміз. Құлақпен тыңдау арқылы көп нәтижеге жетіп жүрміз. Мәселен, үй мен кітапхананың арасында екі-үш суағарлар бар. Сауда жасап отыратын кісілер мен ойын алаңы бар. Мәселен, сылдыраған судың дауысы естілсе, онда суағардың жанынан өтіп бара жатқанымды білемін. Адамдар «Мынау заттың бағасы қанша? Қанша теңгеге бересіз?» деп жатса, саудагерлердің қасына жеткенімді сеземін. Ал балалар айқай-шуға беріліп, футбол ойнап жатса, солардың дауыстары естіліп тұрса, ойын алаңының жанына жеткенімді біле қоямын. Біз осылай қай жерде келе жатқанымызды білу арқылы алда қай жерден бұрылу керектігін де бағдарлай аламыз. Мұның бәрі сезімталдық пен аңғарымпаздықты қажет етеді. Біздікі бір талпыныс қой. Әйтпесе, көзі шырақтай жанып тұрған кісінің жүрісіндей қайдан болсын.
Мұнан соң қазір қайырымды адамдар көбейді. Әсіресе жастар көмектескісі келіп тұрады. «Ата, ата! Қай бағытқа барасыз. Біз жетелеп апарамыз. Біз сіздің аяққолыңызды жерге тигізбейміз» деп құрақ ұшып, жәрдемдесіп жатады. Осындай пейілді, жастардың тәрбиесін көріп елімнің болашағы жарқын әрі кемелді екеніне сенемін. Себебі, жүрегі ізгілікке толы жастарымымыз бар. Бұл әрине сөз жоқ ізгі қасиет. Қазақта «Қайнаған қара суда да қасиет бар» деген сөз бар. Жақсы қасиет – адамның абыройы, артышылығы. Жаны ізгі адамның өмірі ізгі. Жаны ізгі адам алғыс пен батаны көп алады. Ал алғыс пен бата сөз жоқ орындалады. Ақсақалдар мен жақсы адамдар берген бата әркімді қанағаттандырады. Сол бата көгеріп көктеуіне, жұмысы жандануына ықпал етеді. «Жауынменен жер көгерер, батаменен ер көгерер» деп те бекер айтылмайды. Бабаларымыз әр мақалды елеп, екшеп дәл айтып кеткен. Егер сол мақал-мәтелдерді өмірімізге қолдансақ, сөз жоқ жақсы нәтижелерге жетеміз. Көңіліміз қуанатын оң нәтижелерге тап боламыз. Шығыстан күннің шығуы қалай шын болса, бұл да сондай шындық. Менің осылайша жақсы адамдардың көмегімен жүріп, жақсы адамдардың жанашырлығына сүйенген сәттерім де аз емес. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп Абай хакім айтпақшы, өзіме сеніп, өзіме қайрат беріп келемін. Өз бетіммен жүруге талпынуымның да сыры осы.
– М а р а п ат т а р ы ң ы з т у р а л ы айтсаңыз. Еңбегіңіз еленіп жатыр ма? – Біз елену үшін еңбек етпейміз, өмірімізге қажетті болған соң тер төгеміз. Мен зағип жандар арасында біраз байқауға қатысып, жүлделі орындарға жеттім. Оны да үлкен марапатттарым деп бағалаймын. Атап айтқанда, 2020 жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жастар және Абайдың рухани құндылықтары» атты еліміздің арнайы кітапханалары жас кітапханашыларының ІІ слетінің аясында «Брайль жүйесінде шығарылған үздік басылымдар» атты республикалық байқаудың ІІІ орын иегері атандым және 2020 жылы Ұлттық Академиялық кітапхананың «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталдым. 2020 жылы облыстың 80 жылдық мерейтойына орай облыс әкімінің «Еңбек ері» төсбелгісінің, 2021 жылы «Алғыс хатының» иегері атандым. Кітапхана ұжымында сыйлы екеніме қуанамын, тифло ақпараттық құралдарын жете меңгеріп, кітапхана ісін дамытудағы нәтижелі еңбегі үшін арнайы кітапхананың «Құрмет мадақтамасына» ие болдым. Ол үшін қазіргі кітапхана директоры Жанна Алшынбаеваға көп рақмет. Сонымен қатар директордан кейінгі барлық жұмысқа жауапты Толқын Күзенова және барлық әріптестерім үнемі маған қолдау көрсетеді.
– Отбасыңыз туралы айтсаңыз. Отбасында қандай әкемін деп ойлайсыз?
– Ең алдымен айтарым асыл жарым Салтанат мені жақсы түсінеді. Өмірде жарыңның түсінуі, бағалауы – шын бақыт. Бір-бірімізді бағалап, қолдап келеміз. Күміс қасықтай Гүлмира және Айымжан атты екі қызым бар. Қыздарым да ізденіп, өмірге бейімділіктерін байқатты. Қазіргі таңда бірі – заңгер, екіншісі де жақсы мамандықтың иесі. Біз қыздарымыздың жақсы қадамдарына қуанып отырамыз. Соған қарағанда жақсы әке шығармын. Қыздарыма мейірімімді көп төгіп, көп жылу сыйлағым келеді. Себебі отбасында әкенің орны бөлек екенін түсінемін. Әрбір бала әкесінің жылуын, қамқорлығын сезінгісі келеді. Бірақ өмірде олай емес қой. Өзінің жауапкершілігін сезінбейтін әкелер көп. Осы әңгімемді естісе, оқыса біраз әке өзінің жолын өзгертіп, жақсы жолға түсетін шығар деп ойлаймын.
Ал өзім Жуалы ауданында туып өскенмін. Жуалыны генералдар елі, батырлар елі деп те құрметтеп жатады. Батыр Бауыржан Момышұлының жерлесі болғандықтан шығар, бойымда қайсарлық пен жігер жеткілікті. Сол қайсарлық пен ұмтылыс мені биіктерге жетелеп келеді.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.