Экономика

Сапалы есік жасаумен айналысады

Тараз қаласында есік жасайтын шағын цехтар көп. Соның бірі – «Кремлевские двери» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпкер 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Компанияның негізгі саласы жергілікті, сондайақ республикалық нарықта сұранысқа ие өнім – бөлме аралық есік өндірісі болып табылады. Бүгінгі таңда 14 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырған серіктестіктің цехында айына 500 есік дайындалады.

Серіктестік директоры Артур Пактың айтуынша, мұнда есіктің 40 түрі әртүрлі дизайнда, барлық өлшемде дайындалады екен. Серіктестік цех жұмысын жолға қою үшін өңірлік «Даму» қорынан несие алып, жұмысын бастаған. «Қазіргі таңда есіктеріміз «Кремлевские двери» деген брендпен шығарылуда. Есіктердің сапасы өте жоғары. Оған қажетті құрал-жабдықтар, ағаштар тікелей Ресей мемлекетінен жеткізілуде», дейді ол.

Кәсіпкердің алдыға қойып отырған мақсаты – халықты қолжетімді бағамен отандық өндірістің сапалы ішкі есіктерімен қамтамасыз ету. Сондай-ақ жеке тұрғын үйлерден бөлек, мектептер мен басқа да мемлекеттік мекемелердің есіктерін орнату үшін мемлекеттік тапсырыс қабылдап жұмыс істеуді де жоспарлауда. Жалпы мемлекеттік қолдаудың арқасында қазіргі таңда ішкі есіктер өндірісінің ауқымы мен өндірістік қуаты артқан. Цехта тапсырыспен де есіктер дайындалады. Ол еуропалық стандартқа сай жасалып, кепілдікпен алушыға жеткізіледі.

Тапсырыс берушілердің қалауымен есікті цех жұмысшылары орнатып беру қызметімен де айналысады. Егер тапсырыс беруші орнатылған есігін зақымдап, шынысын сындырып алса, серіктестік оны ауыстырып, бұзылған жерін қайта қалпына келтіру қызметін көрсетумен де айналысады екен. Кәсіпкер соңғы жылдары Ресейге салынған шектеулер кәсіпорынның жұмысына да аздап с алқынын тигізгенін жасырмады. Өйткені олар Ресейден келетін шикізатқа тәуелді.

Есікке жарамды берік ағаштар біздің республикада өсірілмейтін көрінеді. Дегенмен кәсіпкер байланысын үзбей, қажетті шикізатты бірнеше айға жететіндей етіп жеткізіп алып отырғанын айтты. Осының салдарынан баға біршама көтерілгенін де жасырмады.

Серіктестік биыл «Жамбыл Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» қорының облыс бойынша өңірлік филиалына қолдау сұрап жүгінген. Сөйтіп «Даму» қорымен өзара іс-қимылдың және бағдарлама аясындағы жәрдемдесудің арқасында «Кремлевские двери» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі серіктес банктердің бірінен қаржы алды. Қаражат жаңа коммерциялық жылжымайтын мүлік сатып алуға және жайластыруға бағытталған. Бұл компанияға өндірістік тиімділік пен сапаның жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді.

«Жамбыл Бизнес» бағдарламасы арқылы қаржыландыру фактісі мемлекеттік институттар тарапынан сенімді растау және компания қызметінің өңір үшін маңыздылығын мойындау болып табылады. Бүгінде «Кремлевские двери» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірде тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің табысты үлгісін көрсете отырып, Жамбыл облысының шағын және орта бизнесін дамытуға өз үлесін қосуда. Ал цехтың шебері Сержан Есенбеев кәсіпорын ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді екен.

Аталған кәсіпорынның алға қойған жоспары да көп. Серіктестік директоры Артур Пак алдағы уақытта өндіріс көлемін екі есеге арттырмақ ниетте екенін айтты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы