Құқық

Жыл басынан бері Жамбыл облысында 644 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингінде Жамбыл облысы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Валихан Ағыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Валихан Самбетұлының айтуынша, ағымдағы жылдың 10 ай қорытындысы бойынша облысымызда интернет алаяқтық дерегінің тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда +202,3%-ға яғни, 213–тен 644-ке ал, ауыр санаттағы интернет алаяқтық дерегі 71-ден 279-ға жоғарылаған.

Сонымен қатар, интернет-алаяқтық қылмыстарының ашылу деңгейі айтарлықтай артқан – жалпы ашылу 23,4%-дан 48,1%-ға, ал ауыр санатты істер бойынша 30,2%-дан 68%-ға дейін өскен.

Полиция департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп, «CyberShekteuTaraz» Telegram-ботын іске қосты. Аталған бот арқылы азаматтардан 500-ге жуық жалған сілтемелер мен телефон нөмірлері туралы хабарламалар түскен, олардың басым бөлігі бұғатталды. Сондай-ақ Ұлттық Банкінің «Антифрод-орталығы» арқылы 4115 күмәнді банктік есепшот анықталып, оның 2242-сі бұғатталды.

Интернет және телефон арқылы алаяқтықпен күресте «Қазақтелеком» және ұялы байланыс операторларымен бірлескен шаралар жүргізілуде. Соның нәтижесінде 128 слоттық “СИМ-бокс” құрылғысы табылып, күдікті ұсталды.

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа 232-1-бап енгізілді. Онда банктік шоттарды және төлем құралдарын заңсыз ұсыну, беру немесе пайдалану үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сондай-ақ, 30 қыркүйектен бастап онлайн-қарыздар беру кезінде «салқындату кезеңі» енгізілді, бұл азаматтарды асығыс шешім қабылдаудан және алаяқтық схемалардан қорғауға бағытталған.