Жамбыл энергиясының жаңа дәуірі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жаңартылатын қуат көздерін пайдалануға ынталандыру қажет екенін атап өтіп: «Мен таза энергетиканы және жалпы жасыл технологияны жақтаймын. Жаңартылатын қуат көздерін пайдаланатын электр станцияларын салуды қолдаймын», – деді.
Еліміз соңғы онжылдықта энергетика саласында түбегейлі өзгерістер жасап, дәстүрлі отын түрлерінен біртіндеп таза және экологиялық қуат көздеріне көшу бағытын ұстанып келеді. Бұл – елдің «Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы» аясында іске асырылып жатқан стратегиялық міндеттердің бірі. 2013 жылы қабылданған «Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы» және «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңдар жаңартылатын энергия саласына құқықтық негіз қалады. Бұл құжат елдің энергетикалық саясатын түбегейлі өзгертті.
Негізгі мақсат – 2050 жылға қарай жалпы энергия өндіру құрылымындағы жаңартылатын энергия үлесін 50 пайызға дейін жеткізу. 2024 жылғы жағдай бойынша, Қазақстанда 150- ден астам жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Олардың ішінде күн, жел, су және биомасса энергиясын өндіретін станциялар бар. Олардың біразы облысымыздың аумағында шоғырланған. Себебі бұл өңірдің күн радиациясы жоғары, жер бедері тегіс, ал жел ағыны тұрақты болып келеді. Өз кезегінде бұл факторлар күн және жел энергетикасын дамытуға өте қолайлы жағдай туғызады.
Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметке сүйенсек, облыста жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша күн, жел және су арқылы электр энергиясын салуға барлық жағдай жасалған. Осы бағытта облысымыз инвестициялардың назарын көбірек аударады. Жаңартылатын энергия көздері нысандары облыста 2010 жылдан бері дамып келеді, атап айтсақ, 2010 жылы қуаты 2 МВт құрайтын 2 жаңартылған энергия нысаны пайдалануға берілсе, 2015 жылы қуаты 114 МВт құрайтын 9 нысан, 2021 жылы қуаты 387,8 МВт құрайтын 17 нысан және 2024 жылы қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 нысанға жеткізілді. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысан жұмыс істейді, оның ішінде қуаты 24,4 МВт 6 су электр станциясы, қуаты 275,65 МВт 10 жел электр станциясы мен қуаты 271,25 МВт-ны құрайтын 6 күн электр стансасы бар.
Қазақстанда барлығы 3 248,1 МВт қуаттылығымен 158 жаңартылатын энергия көздері нысандары жұмыс істейді. Бұл ретте, облысымыз жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарлардың бірінде. 2024 жылдың 10 айында 642,5 миллион кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Жоғарыда айтып өткендей, жаңартылатын энергия көзд рін дамыту нысандарының облыста өте жоғары қарқында дамып келеді. Соңғы 4 жылдың ішінде облыста бір қатар ірі және кіші қуаттағы жобалар іске асырылды.
Атап айтқанда, 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі құны 49 миллиард теңгені құрайтын қуаты 100 МВт «Жаңатас» жел электр стансаясы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 МВт құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр стансасының 2-ші кезегі іске қосылды. 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 МВт «AEC ASA» күн электр стансасы және Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт құрайтын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» 3 жел электр стансасы жобасы іске асырылды. Олардың әрқайсысының қуаты 4,5 МВт екендігін айтып өткен жөн.
2024 жылы Сарысу ауданында жалпы қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар ЖЭС» электр стансасы жобасының құрылысы аяқталды. Облыстың ЖЭК нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары облыста 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Ат ап айтқанда Мойынқұм ауданында Франциялық «Total Eren» ЖШС тарапынан қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасы, Сарысу және Талас ауданында Біріккен Араб әмірлігінің Masdar компаниясы тарапынан қуаты 1 ГВт жел электр стансасы жобаларын іске асыру көзделуде.
Сонымен қатар өңірде күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гигаватт қуатымен 24 нысанға дейін жеткізілетін болады. Жалпы алғанда, белгіленген барлық жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және облысты «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыстағы жаңартылатын энергия жобалары жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақ экономикасының дамуына оң әсерін тигізуде. Облысымыз бүгінде Қазақстандағы жасыл энергетиканың орталығына айналып отыр десе болады. Мұндағы табысты жобалар басқа өңірлерге үлгі болып, еліміздің жаңартылатын энергия көздерін дамыту стратегиясын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.
Жаңартылатын энергия көздерін дамыту – тек технологиялық мәселе емес, сонымен қатар экономикалық, экологиялық және әлеуметтік пайда әкелетін стратегиялық қадам. Қазақстан үшін бұл бірнеше негізгі артықшылық береді. Мәселен, күн мен желден алынатын жаңартылатын энергия көздері көмір, мұнай немесе газ сияқты дәстүрлі отындарды алмастырады. Сондықтан атмосфераға СО шығарындылары төмендейді. Сондай-ақ фосильді отындарды жағу кезінде шығатын улы газдар мен қалдықтар экожүйеге зиян келтіреді.
Жаңартылатын энергия көздері бұл зиянды азайтады. Және су мен жел энергиясының кейбір жобалары табиғи ортаны минималды зақымдайды. Ал экономикалық пайдасына тоқталатын болсақ, бастапқы инвестиция көп болса да, күн және жел энергиясы кейіннен тегін табиғи ресурстарға сүйенеді. Нәтижесінде энергияның өзіндік құны төмендейді. Сонымен қатар ел өз энергиясын өндіре отырып, импортқа тәуелділікті азайтады. Осы арқылы энергетикалық тәуелсіздікке ие болады. ЖЭК саласы жобалау, монтаж, техникалық қызмет көрсету саласында жұмыс орындарын ашады. Сондай-ақ Қазақстанда күн мен жел энергиясы мол болғандықтан, электр энергиясын көрші елдерге экспорттау мүмкіндігі бар. Сондықтан ЖЭК дамыту – бұл тек электр энергиясын өндіру емес, сонымен қатар экологиялық тұрақтылық, экономикалық тиімділік және стратегиялық тәуелсіздікке жетудің жолы. Қазақстан үшін бұл бағыт болашақ ұрпаққа таза, қауіпсіз және бай энергетикалық қорды қалдыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні елімізде қарапайым халық та жаңартылатын энергия көздерін өз тұрмысына кеңінен енгізе бастады. Күн панельдері мен шағын жел генераторлары ауылдық жерлерде жиі орнатылып, тұрғындарға үнемді әрі экологиялық таза энергия көзіне айналып отыр. Мәселен, Жамбыл және Түркістан облыстарының көптеген ауылдарында жеке тұрғындар мен шаруалар үйлерінің шатырларына күн батареяларын орнатуда. Бұл олардың электр қуатына кететін шығынын азайтып қана қоймай, энергияға тәуелсіз болуға мүмкіндік беріп отыр. Осы ретте күні кеше Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округінің тұрғыны, алпысты алқымдаған Елужан Момышевтың баламалы энергия көзін тиімді пайдаланып, өңірде алғашқы энергетика саласындағы жеке кәсіпкер атанғанын айта кеткен жөн.
Биыл көктемде өз бақшасына күн электр стансасын орнатып, өз кәсібіне тың серпін берген азамат бүгінде сағатына 52 кВт қуат өндіретін жүйені іске қосқан. Елужан Момышев шет елден арнайы әкелінген 100 панелін екі жақты орнатып, мамыр айынан бері 71 мың кВт электр энергиясын өндірген. Өндірілген электр қуатын кәсіпкер Тараз қаласындағы электр тоғы компаниясына өткізіп, ел экономикасына өз үлесін қосуда. Бүгінде 5000 тұрғыны бар Мыңбұлақ ауылдық округінде 131 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Солардың арасында Елужан Момышевтың тың бастамасы ауыл кәсіпкерлігінің жаңа бағытын айқындап, өңірдегі жас кәсіпкерлерге үлгі болып отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар елімізде «жасыл экономикаға» көшу бағытын қолдап, экологиялық мәдениетті арттыра түсуде.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан ЖЭК пайдалану ісін қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар мен субсидиялар қарастырылған. Бұл шаралардың басты мақсаты – экологиялық таза энергияны дамыту, энергия тиімділігін арттыру және көмірсутекке тәуелділікті азайту. Мысалы, энергия өндірушілерге арналған субсидиялар ЖЭК нысандарынан өндірілетін әрбір киловатт-сағат үшін арнайы тарифтер мен қаржылай қолдау қарастырылған. Солардың бір тобы – инвестициялық жеңілдіктер.
Күн, жел және биогаз қондырғыларын орнатуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін мемлекет өтейді немесе салықтық жеңілдіктер ұсынады. Сонымен қатар «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы мен Энергетика министрлігінің арнайы бағдарламалары арқылы жеке кәсіпкерлер мен тұрғындар да ЖЭК жобаларын жүзеге асыру үшін гранттар ала алады. «Жасыл қаржы» құралдары – халықаралық және отандық банктердің қатысуымен төмен пайызды несиелер мен «жасыл облигациялар» шығару жолдары тағы бар. Мұндай бағдарламалар кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, олардың экологиялық жауапкершілігін де күшейтеді. Энергияны таза көздерден өндіру – қоршаған ортаға қамқорлық пен тұрақты дамуға қосылған үлес. Сонымен қатар экологиялық өндіріс имиджі кәсіпорынның беделін арттырып, шетелдік серіктестер мен тұтынушылар сенімін нығайтады. Сондықтан мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан ЖЭК саласын қолдау бағдарламалары кәсіпкерлерге зор мүмкіндік береді. Бұл бастамалар ел экономикасын әртараптандыруға, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жасыл технологиялардың дамуына жол ашатын маңызды қадам екені даусыз.
Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі – қоршаған ортаны қорғау мен климаттың өзгеруіне қарсы күрес болып отыр. Адамзаттың өндірістік пен тұрмыстық қызметінің нәтижесінде табиғат ресурстары сарқылып, экологиялық тепе-теңдік бұзылуда. Осындай жағдайда жаңартылатын энергия көздерін дамыту – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты жолдарының бірі. ЖЭК-тің басты ерекшелігі – оның сарқылмайтын және табиғатқа зиян келтірмейтін энергия көздеріне негізделуі. Бұл өз кезегінде экологиялық тепетеңдікті сақтауға үлкен үлес қосады. Сонымен қатар баламалы энергия көздерін дамыту елдің экологиялық имиджін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Өйткені «Жасыл экономикаға» бет бұрған мемлекет халықаралық деңгейде сенімді серіктес ретінде қабылданады. Мұндай елдер экологиялық жауапкершілікті, инновация мен тұрақты дамуды басты құндылық ретінде ұстанады.
Қазақстан да бұл бағытта айтарлықтай қадамдар жасап келеді. Оған күн және жел электр стансаларының саны артып, өңірлерде экологиялық жобалардың жүзеге асырылуы дәлел болып отыр. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту – қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың ең тиімді жолы және экологиялық имиджді қалыптастырудың қуатты құралы. Табиғатты аялау мен таза энергияны пайдалану – әр елдің, әр азаматтың ортақ міндеті. Болашақ – экологиялық ойлауға, жасыл технологияға және тұрақты дамуға бағытталған қоғамның қолында.
Арна ЖҰМАТАЙ