Қоғам

Негізгі басымдық – су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсарту

Диқандар үшін ағын судың маңызы зор. Бүгінгі күні облыста жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінде ирригация жүйесіне қатысты жұмыстар жүйелі атқарылуда. Қазір егіс алқаптарына су беру кезеңі аяқталса да, алдағы жылға дайындық жұмыстары өңірде бүгіннен басталып кетті.

Бүгінгі күні облысымызда ирригациялық каналдарды жөндеу және реконструкциялау бойынша 3 жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, өңірде 23 суару каналын реконструкциялау жобасы аяқталуға жақын. Нәтижесінде 19746 гектар егістік алқапқа су беру жақсармақ. Жыл соңына дейін ұзындығы 103 шақырымнан асатын 5 каналды реконструкциялау жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Облысымызға арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, қазіргі таңда Ислам даму банкінің қолдауымен ұзындығы 415 шақырымды құрайтын 76 каналды жаңғырту жобасы әзірленуде. Бұл шара 24877 гектар алқапқа ағын су жеткізуді жақсарта түспек.

Бұдан бөлек, 2028 жылға дейінгі су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, облыста 10 жаңа су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 3 су қоймасы реконструкциядан өткізіледі. Сондай-ақ 45 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізу жоспарланған. Ал келесі жылы Ақмола және Қалғұты су қоймаларының құрылысын бастау жоспарланған. Сонымен қатар Теріс-Ащыбұлақ және Қарақоңыз су қоймалары реконструкциядан өткізу көзделген. Ал облыс әкімдігі тарапынан 7 жаңа су қоймасының жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.

Сонымен ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов облысымызға келген іссапары барысында «Өтеміс», «Сеңкібай» және «Белқожа» шаруашылықаралық су каналдары жүйелеріндегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жобалар аймақтың суару каналдары, дренаж жүйелері мен гидротехникалық нысандарын реконструкциялаудың екінші кезеңі аясында жүзеге асырылып жатыр.

«Өтеміс» каналы жүйесінде жалпы ұзындығы 28 шақырым болатын учаскелерде бетон төсеу, сондайақ гидротехникалық нысандарды жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 47 адам және 17 арнайы техника жұмылдырылған. Бүгінге дейін 15,7 шақырым каналға бетон төселген. Барлық жұмысты вегетация кезеңі басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда. Жоба іске асқаннан кейін осы жүйе арқылы ылғалдандырылатын алқап көлемі 5131 гектарға жетпек.

Қазір нысан 1626 гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етіп отыр. Ал «Сеңкібай» каналында ұзындығы 14, 2 шақырымды құрайтын учаскеде реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жалпы алғанда, жоба 21,8 шақырым каналды жаңартуды көздейді. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Қазір нысанда 13 арнайы техника мен 9 маман жұмыс істеуде.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 4075 гектар егістік алқапқа су жеткізілетін болады. «Белқожа» жүйесінде жалпы ұзындығы 19,215 шақырымды құрайтын учаскелерде бетондау жұмыстары жүргізілуде, оның 15,8 шақырымы бүгінде аяқталған. Сонымен қатар гидротехникалық нысандарды реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске асқан соң, жүйе арқылы суарылатын жер көлемі 2896 гектарға дейін ұлғая түспек.

Қазіргі таңда канал 1860 гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етуде. Мұнда да барлық жұмысты вегетация кезеңі басталғанға дейін аяқтау көзделген.

Осы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен жақынырақ танысқан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңір тұрғындарымен арнайы кездесті. Министр кездесуде аймақта атқарылып жатқан жұмыстар мен жергілікті су шаруашылығын дамытуға бағытталған алдағы жоспарлар туралы баяндады. Кездесу барысында тұрғындар министрге каналдарды салу және реконструкциялау, суару суына берілетін субсидиялар, судың «қара нарығымен» күрес және балық шаруашылығына бөлінетін сулимиттерін қайта қарау мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Жиында тұрғындар өңірдегі каналдарды жөндеуге қатысты сұрақтар қойды. Жалпы су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту – Мемлекет басшысы министрлікке жүктеген негізгі міндеттердің бірі. Министрдің айтуынша, ел бойынша гидротехникалық нысандарды салу және реконструкциялау жоспарын іске асыру үшін жеке инвестициялар тартылуда. Сонымен қатар су ресурстарын басқаруды автоматтандыру және цифрландыру саласында жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Дегенмен суды үнемдеуге тек мемлекет қана емес, тұтынушылардың өздері де үлес қосуы қажет. Ол үшін су үнемдейтін технологияларды енгізіп, ылғалды аз қажет ететін дақыл түрлерін өсіруге көшу маңызды.

Кездесуде диқандар мен шаруалар су үнемдеу технологияларын енгізу мен суды тиімді пайдалану мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Әрбір сұраққа министр мен сала мамандары тарапынан жан-жақты әрі нақты жауаптар берілді. Ведомство басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру шараларына баса тоқталды. Атап айтсақ, өткен жылы министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алу, орнату және инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу үлесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтқан болатын. Сонымен қатар суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді – егер су үнемдеу жүйелері қолданылса, субсидия көлемі 85 пайызға дейін артады.

Жалпы облыста 113 су қоймасы бар. Оларға 136,6 миллион текше метр су сыяды. Су қоймаларының 60-ы каналдар, 53-і еріген қар, жер асты сулары мен өзендер арқылы толтырылады. Биылғы вегетациялық кезеңде 91,2 миллион текше метр су жиналған. Жинақталған судың көлемі бекітілген 10 мың гектар алқапты тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Бүгінгі күні өңірдегі су қоймалары мен бөгеттерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл су нысандарын қалыпты жағдайда ұстауға ықпал етеді. Биыл 9 су қоймасын жөндеу жоспарланып, оның жетеуінде құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қалған екеуі жыл соңына дейін тапсырылады. Бұдан бөлек, 5 су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Кешенді жоспарға сәйкес 203 каналды қайта жаңғырту міндеті тұр. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, Ислам даму банкі, сондай-ақ бюджет есебінен жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылмақ. Ал «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ербол Әбдірахмановтың айтуынша, 4 мыңға жуық шаруамен келісімшарт жасалып, 90,078 гектар жерге 533,1 миллион текшеметр су берілген.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, өңірде су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдалану бойынша жұмыстар жоспарлы атқарылуда. Ал, ШуТалас бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сулайманов заңсыз су пайдаланушыларға қабылдаған шаралар туралы айтып өтті. Кездесуден кейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылды. Сондайақ министрліктің департаменттері мен комитеттері, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы және Шу-Талас бассейндік инспекциясы өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізіп, кездесуде облыс тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер талқыланды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ