Әлеумет

Интернет алаяқтық – жаңа заманның індетіне айналды

Соңғы жылдары интернет алаяқтық қылмыстары ел көлемінде алаңдатарлық деңгейге жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені ерекше назарға алып, құқық қорғау органдарына азаматтарды қорғау және алдын алу шараларын күшейтуді тапсырған болатын. Осы бағытта өңірдегі Полиция департаменті бірқатар жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Облыстық Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Валихан Ағыбаевтың айтуынша, интернет алаяқтыққа қарсы іс-шаралар айтарлықтай кеңейтіліп, жаңа құрылымдар мен технологиялық мүмкіндіктер іске қосылған. Алайда бүгінде қылмыс саны үш есеге артқан.

Осы жылдың 10 айдағы қорытындысы бойынша облыста интернет алаяқтық дерегі өткен жылмен салыстырғанда 213-тен 644-ке дейін жеткен. Ауыр санаттағы істер саны да 71-ден 279-ға артқан. Бұл көрсеткіш тек аймақ емес, бүкіл республика көлемінде өсіп отырған күрделі үрдісті аңғартады. Дегенмен, полиция жұмысының нәтижесінде қылмыстарды ашу көрсеткіші де жақсарған.

Интернет алаяқтықтың жалпы ашылуы 23,4 пайыздан 48,1 пайызға, ауыр түрлері бойынша 30,2 пайыздан 68 пайызға дейін көтерілген. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы заманауи техникалармен және ақпараттық жүйелермен жабдықталған. Сонымен қатар облыс прокуратурасының бастамасымен әзірленген «CyberShekteuTaraz» Telegram-боты арқылы тұрғындардан 500-ге жуық жалған ақпарат пен күмәнді сілтемелер жөнінде хабар түскен.

Алаяқтық сипаттағы сайттар мен телефон нөмірлері бұғатталуда. Ұлттық Банктің «Антифрод-орталығы» базасы да белсенді пайдаланылып отыр: 4115 күмәнді банктік есепшоттың 2242-сі бұғатталған. Телефон арқылы жасалатын алаяқтық та өршіп тұр. Тұрғындарды алдау тәсілдерінің басым бөлігі телефон арқылы жүзеге асады. Осыған орай «Қазақтелеком» және байланыс операторларымен бірлесіп, «СИМ-бокс» құрылғыларын анықтау жұмысы жүргізілуде. Жақында Тараз қаласында 128 слоттық симбокс тәркіленіп, күдікті ұсталды. Бұл құрылғы қылмыскерлерге түрлі нөмірлерден қоңырау шалуға мүмкіндік беріп отырған.

Биыл 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске енгізілген 232-1-бап «банктік шотқа немесе төлем құралына заңсыз қолжетімділік беруге» жауаптылық қарастырады. Енді өз есепшотын басқаға пайдалануға берген азамат та 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл – интернет алаяқтарға көмектесетін делдалдар («дропперлер») санының азаюына бағытталған маңызды қадам.

2025 жылдың 30 қыркүйегінен бастап онлайн-қарыздарға арналған «салқындату кезеңі» енгізілді. Бұл қадам азаматтарға асығыс шешім қабылдамауға және алаяқтық схемалардан сақтануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыс тұрғындарының құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында полиция басқармасы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Аудиоескертпелер супермаркеттерде, қоғамдық көліктерде және базарларда айтылып, ақпараттық парақшалар мен бейнероликтер таратылуда. Тергеушілер мен жедел уәкілдер киберқылмыстарды ашу әдістері бойынша тұрақты түрде оқытылып, тәжірибелері талданады.

Бұдан бөлек, тұрғындардан күмәнді қоңыраулар немесе хабарламалар түскен жағдайда «Cyberpol» тобына 99-66-07 нөмірі арқылы хабарласу сұралады. Дегенмен, интернет алаяқтықтың күрт өсуі қоғамда әлі де ақпараттық және цифрлық сауаттылықтың төмен деңгейін көрсетеді. Азаматтар әлі күнге дейін бөтен адамдарға жеке деректерін беріп, өз есепшоттарын пайдаланып ақша аударуға келісіп жатады.

Бұл жерде тек полицияның емес, білім беру, банк, байланыс және БАҚ жүйелерінің де ортақ жауапкершілігі бар. Жалпы, облыста атқарылып жатқан шаралар нәтижелі болғанымен, интернет алаяқтықтың тамыры – адам сенгіштігі мен цифрлық сауаттың әлсіздігі екенін естен шығармау керек.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Киберқылмыспен күрес – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әр азамат өз дерегін қорғауды үйреніп, күмәнді сілтемелер мен хабарламаларға жауап бермеуді әдетке айналдырса, бұл індеттің таралуына жол бермес едік. «Бүгінгі таңда интернет алаяқтарымен күресте жетістіктер бар, бірақ алда әлі көп жұмыс тұр», – дейді полиция полковнигі Валихан Ағыбаев. Шынында да, цифрлық қауіпсіздік – XXI ғасырдағы ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ