Өмір мен өлім арасындағы күрес
Бұл күнде қоғамда кеңінен етек жайған дерттің бірі – суицид. Ал жасөспірімдер арасындағы өзөзіне қол салу – қазіргі қоғамның қасіреті. Бұл тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін жағдай десек те болады. Жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуына отбасылық мәселелер, мектептегі қиындықтар, психологиялық мәселелер, әлеуметтік қысым, жеке проблемалар мен оқиғалар түрткі болуы мүмкін. Осы орайда психолог, отбасылық психодиагностика және психокоррекция маманы Айымгүл Ерланқызымен қоғамның қорқынышына айналған жасөспірімдер арасындағы суицидке байланысты және бұл оқиғаның себептері мен алдын-алу шаралары бойынша ой өрбіттік.
Психолог маманның пайымдауынша, жасөспірімдер арасында суицид оқиғаларының жиiлеуiне көбінесе қаржы мәселесі, психикалық аурулар, қоршаған адамдармен түсініспеушілік отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы,зорлықзомбылық, есiрткi қолдану, әртүрлі компьютерлік ойындар, атыс-шабыс, қантөгіске толы фильмдердің тікелей әсері бар.
Сондай-ақ оның сөзінше әлеуметтік желілерде буллингтің алдын алу үшін, әлеуметтік желілерді бақылап отыру қажет. Әлеуметтік желілер арқылы суицид туралы ақпараттарды таратуға қарсы шаралар қабылдау маңызды.
Ол өз сөзінде мектептерде кәсіби психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істеуі тиістігін де алға тартты. Олар оқушылардың эмоционалдық жағдайын бақылап, қиындықтары туралы хабардар болуға көмектеседі. Бұдан бөлек балаларға суицид туралы дұрыс ақпарат беру және психологиялық көмек көрсету курстарын ұйымдастыру өте маңызды.
Бүлдіршіндердің өмірін сақтап қалуда қоғамның да рөлі айрықша. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін қоғам ең бірінші кезекте диагностика жүргізе алу керек дейді маман.
Қорыта айтқанда, суицидтің алдын алу – бұл тек кәсіби мамандардың ғана емес, атааналардың, мектептер мен қоғамның да бірлескен күшжігерін талап етеді. Ол тек бір адамның немесе отбасының мәселесі емес. Бұл бүкіл қоғамның жауапкершілігін талап ететін жағдай. Суицидтің алдын алу үшін ата-аналар, мектеп, қоғам және мемлекетте атсалысуы қажет. Өйткені қоғамдағы ең қымбат қазына – адам. Ал адам өмірін сақтау және оны қорғау мемелекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта суицид мәселесін қоғамда, әсіресе жеткіншектер арасында болдырмауға барынша күш салуымыз керек.
Есен ӨТЕУЛІ