Жасөспірімдерді қылмыс тұзағынан қалай құтқарамыз?
Қазір әлеуметтік желідегі неше түрлі ақпарат пен фото-видеоларды ашып қалсаңыз, өкінішке қарай 90-жылдардағы бұзақылар мен тентектер еске түседі. Бұл цифрлы технология дәурен құрған замандағы қаралым жинаудың амалы дерсіз. Әйтсе де, құзырлы органдар ұсынған қылмыс пен заңбұзушылық көрсеткіштері алаңдатады. Сонда мұның себебі неде? Жай ғана интернеттің әсері ме, әлде шешілмей келе жатқан әлеуметтік не тәрбиелік түйткіл ме?
Биыл ең резонансты істердің бірі – кәмелетке толмаған азамат «Telegram» мессенджері арқылы Тайландтан марихуана есірткі затын тапсырыспен алып, оны халықаралық пошта арқылы қабылдап, жалдамалы пәтерде сақтағаны болды. Тінту кезінде одан бір килограмға жуық есірткі тәркіленген. Бұл ел Үкіметінің қаулысына сәйкес «ірі мөлшер» деп саналған. Нәтижесінде, сот кәмелетке толмаған азаматты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Тағы бір ауыр қылмыс – былтыр мамыр айында тіркелді.
Кәмелетке толмаған бозбала қызға қызғаныштан шабуыл жасап, өміріне қауіп төндірген. Ол алдын ала аңшы пышағын және қолғап алып, бейнебақылауы жоқ алаңға қызды алдап шақырған. Сот шешімімен оған 5 жыл 7 ай жаза кесілді. Өкініштісі, бүгінде ұжымдық тонау фактілеріне, футбол алаңында ұялы телефон ұрлығына, мектепке «жарылғыш қойылды» деген жалған хабарлама жіберу сияқты өзге де қылмыстарға жасөспірім қыздардың да қатысы бар. Бұл мысалдар кәмелетке толмағандар арасында қылмысты саналы түрде жасау деңгейі өсіп отырғанын аңғартады. Еске салсақ, Бас прокурор Берік Асылов «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша өткізген кеңесте бірқатар өңірлерде жасөспірімдер қылмысы көбейгенін айтқан еді. Сол себепті қарамағындағыларға профилактикалық шараларды күшейтуді, антибуллинг бағдарламаларының тиімділігін зерделеуді тапсырды. Кейінгі жылдары елімізде кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы мұндай түйткілдер Мәжіліс депутаттарын да алаңдатып жүр. Мәселен, бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ардақ Назаров мәселе көтерді.
Сондай-ақ ол қоғамдағы құндылықтар жүйесінің әлсіреп бара жатқанын баса айтты.
Шын мәнінде, халық қалаулысы атап өткендей, жалпы ұлттық бағдарлама қажет-ақ. Өйткені психологтер де жас жеткіншектердің қылмыс жасауының басты себептерінің бірі – отбасылық қарымқатынастың әлсіреуі екенін жиі айтып жүр. Яғни, баланың немен айналысып, қайда барып жүргеніне атаананың назар аудармауы, әлеуметтік желілерге оңай қол жеткізу де елдегі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жиілеуіне себеп болып отыр. Негізі бейқамдыққа салынып, баласына қарамаған ата-аналарды жауапты органдар назарынан тыс қалдырмауға тырысады. Мәселен, биыл елімізде 29 мың ата-ана заң алдында жауапқа тартылған.
Бүгінде 5 іс тергелуде, ал балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етпеген 1 адамға қатысты тергеу басталған. Оның үстіне Ішкі істер министрлігі жасөспірімдер қылмысы бойынша құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жаңа заң жобасын әзірледі. Түптеп келгенде, жасөспірімдер қылмысы – тек құқық қорғау органдарына тиесілі мәселе емес. Бұл – бүкіл қоғамның проблемасы.
Отбасы мен мемлекеттік құрылымдар өзара әрекеттеспейінше, бала тәрбиесі жүйелі жүргізілмейді. Ал ертеңгі күніміз қауіпсіз әрі саналы болсын десек, бүгінгі тәртіп те, заң да мықты болуы керек.
Есен ӨТЕУЛІ