Еңбек адамы

«Маған наубайханашы мамандығы ұнайды»

Облыс әкімдігінің білім басқармасы мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «JuniorSkills Jambyl-2025» облыстық чемпионаты өтті. Іс-шараның басты мақсаты – оқушыларға жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын көрсету, оларды еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылардың алуан түрлілігімен таныстыру және әрбір қатысушыға одан әрі кәсіби даму жолын таңдауға мүмкіндік беру, WorldSkills чемпионаты форматында және сол формат элементтерімен чемпионаттық қозғалысты дамыту болды.

Чемпионатқа облыс әкімдігі білім басқармасының өкілдері, облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен студенттері, мектеп оқушылары мен оқытушылары, әлеуметтік әріптестер қатысты.

«JuniorSkills Jambyl-2025» облыстық чемпионаты Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігі, Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінде «Наубайшы-шебер» құзыреттілігі, Жамбыл медициналық жоғары колледжінде «Химия-биология» құзыреттілігі бойынша өтті.

Биылғы чемпионатта 30-дан аса қатысушы бақтарын сынады. Олардың жұмыстарын бас сарапшы және өндіріс орындарының сарапшылары бағалады.

Жарысқа қатысушы Дастан Саржанов болашақ наубайханашы екен. Ол нан пісіру ісі бойынша шеберлігін көрсетті. Қалыптарды дайындау, пештер мен нан илеу диірмендерін әкеп сайысқа сақадай сай екенін айғақтады. «Наубайханашы мамандығы өзіме ұнайды. Нанның кез келген түрін жасай аламын. Ашыту процесінен бастап, көтерілу, илеу, қалыпқа салу дейсіз бе, бәрін игергенмін» деп отыр.

Жарыс қорытындысына сәйкес «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігі бойынша I орында Гүлім Нұргелді, II орында Үміт Бахыт, III орында Асылы Бурумтай мен Сандуғаш Оразбекқызы жеңімпаз атанды. Ал «Химия-биология» медицина құзыреттілігі бойынша I орынды Ұлдана Арманқызы, II орынды Нұра Дәуренқызы, III орынды Ақсезім Ерланқызы мен Мағжан Русланұлы ұтты.

«Наубайшы ісі» құзыреттілігі бойынша I орын Аруна Бахытқызына, II орын Жексенбек Інжуге, III орын Азима Қуатқызы мен Айлун Асқанбекқызына бұйырды. Чемпионат қорытындылары бойынша жеңімпаздар жүлделі І, ІІ, ІІІ орындар, Алғыс хатымен, сыйлықтармен марапатталды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА