Әлеумет

Жұмыссыздықпен күрес қалай жүріп жатыр?

Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудың бір тетігі – жұмыссыздықпен күрес. Бұл бағытта бірнеше бағдарламалармен түрлі іс-шаралар қолға алынып, біраз іс атқарылып жатыр. Облыста биыл халықты жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 65 мың жұмыс орындарын құру жоспарланған. Оның 48 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Биылғы 9 айдың ішінде 46501 адам жұмысқа орналасқан.

Өңірдегі халықты жұмыспен қамту мақсатында жүзеге асырылып жатқан істер туралы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов толығырақ айтып берді.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйеніп, жұмыс түрлері бойынша жолданған азаматтар турасында тарқата айтсақ, ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілген 1613 адамның 988-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 810 адам жұмысын аяқтап, 305 азамат тұрақты жұмысқа тұрған. Жастар практикасымен 458 жас өз міндеттерін аяқтап, олардың ішінде 240 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. «Күміс жас» жобасымен жолданған 150 адам берілген кезеңді аяқтап, тұрақты жұмысқа 88 адам қалған. «Алғашқы жұмыс орындарына» жіберілгендердің ішінде 118 адам өз міндетті кезеңін аяқтаған, олардың ішінде 70 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. «Ұрпақтар келісім шартына» жолданған 9 адам өз кезеңін аяқтап, бесеуі тұрақты жұмысқа тұрған.

Бұдан бөлек, аталған басқармаға қарасты Еңбек мобильділігі орталығы және Мансап орталықтарының ұйымдастыруымен жыл басынан бері бірнеше бос жұмыс орны жәрмеңкелері ұйымдастырылып жүр. Нәтижесінде бірқатар жұмыссыздар табыс көзі болар жұмыс орындарын тапқан.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА