Әлеумет

Жастарды еңбек пен ерлікке баулу – басты мақсатымыз

«Ел болам десең, алдымен бесігіңді түзе» деп бекер айтылмаған. Әрине, бүгінгі бала – болашақта ел тұтқасын ұстар азамат. Сондықтан да бала тәрбиесінің маңызы зор. Бала бойына туған халқына ерінбей еңбек етіп, ел мүддесі үшін аянбай ерлік көрсетудің абыройлы міндет екенін сіңдіріп өсіру – кемел келешектің кепілі. Жеткіншектерді өз халқына адал қызмет етіп, еңбектенуге және Отан алдындағы перзенттік парызын ұғындыра тәрбиелеуді басты мақсат тұтқан Жамбыл ауданының Қ.Сартбаев атындағы орта мектебінің ұстаздары мектептен тыс жерлерге пайдалы экскурсиялар да ұйымдастырып тұрады.

Осындай мақсаттағы экскурсияны жақында осы мектептің алғашқы әскери және технологиялық пәнінің жетекшісі Жалғас Исақов 10 «А» сынып оқушыларымен ұйымдастырды. Жеткіншектерді М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің әскери кафедрасына алып барған мұғалім оқушыларын ондағы түрлі қару-жарақтармен, әскери тәртіппен таныстырды.

Айта кетелік, 10 «А» сынып оқушылары өнер-білімге құштар, еңбекқор, мектептің өзге де қоғамдық жұмыстарында өте белсенді. Олар әскери кафедрада өткен экскурсияда ондағы оқытушылардың берген мәліметтерінен біраз нәрсе үйреніп, тәжірибе алғандарын айтты. Бұл іс-шара мектеп ұжымының тәрбиелі де білімді тұлға жетілдіруде бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейтіндерін аңғартты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Жамбыл ауданы