Қыз ұзатардан бұрын құдалық шақыру қаншалықты дұрыс?
Халқымыздың ертеден жалғасып келе жатқан әрбір салт-дәстүрінің астарында ізгілікке негізделген мән бар. Әрбір әдеп-ғұрып тәрбиелік мағынасы мен ізгі тілекке құрылған. Сондай дәстүрдің бірі – құдалық. Бұл жаңадан шаңырақ көтерген жас отаудың қамын күйттеп, екі жастың тату-тәтті ғұмыр кешіп, қос елдің арасына алтын көпір салатын, ең қастерлі салт. Тіпті, ертедегі жаугершілік заманда араз екі елдің арасына татулық жолын салу үшін құдаласқан жайттар да болған. Осындай ізгі мақсаттағы құдалық дәстүрін қазір даңғойлықпен, енді бірде шығынды азайту үшін негізгі қалпынан өзгертіп өткізіліп жүр. Оның салдары мағыналы ғұрыптың құнын жоғалтуға апарады.
Ата-бабалар салған сара жол бойынша құдалық әуелі жігіт жақтың қызы бар үйге ең жақын 2-3 ағайынымен құда түсіп баруынан басталады. Егер сөздері жарасып, жігіт пен қыз бір-бірін ұғынысып, екі құда уәделессе, әуелі қыз ұзатылып, жігіттің ауылында үйлену тойы өткеннен кейін екі жақ бір-бірін шақырысып, құдалық жасалады. Енді кейінгі кездері қызға құда түсіп барған сәтте құдалық тойы бірге атқарылып жүр. Әлі қыз үйінен ұзатылып, қалыңдық атанып, ақ босағасын аттамай жатып, құдалық жасаған жөн бе? Әуелі қыз құтты орнына қонғаннан кейін екі жақ бір-біріне үйін көрсетіп, шақырыспаушы ма еді? Осы сұрақтарға жауап іздеп, құдалық дәстүрінің ертедегісі мен қазіргісін және еліміздің әр өңіріндегі салт турасында іздестіріп көрдік.
Халқымыздың дәстүрі мен өнерін дәріптеп, жоқ-жітігін түгендеп жүрген өңірдегі Ш. Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің қызметкерлерінен қозғаған ойымызды сұрадық. Бөлім меңгерушісі Назым Қожамар халқымыздың бастапқыдағы салты уақыт өте келе әр кезеңде түрлі себептермен өзгеріске ұшырағанын этнограф ғалымдардың тұжырымына сүйене отырып айтып берді.
Ал көпті көрген қариялардың бірі, еліміздің біраз өңірлеріне құда болып барып, әр аймақтың дәстүріне куә болған Сәрсенбай Мыңбаев сыйластықтың ең шыңы деуге тұрарлық құдалықты жас отбасының баянды бақытына бастаған жолын бұзуға болмайтынын айтады.
Мақаланы жазу барысында еліміздің шығыс, батыс, орталық, оңтүстік, солтүстік өңірлеріндегі құдаласу дәстүрін салыстырып көрдік. Барлық аймаққа ортақ салт – екі жастың шаңырақ көтеруі құда түсіп, қыз айттырып, сырға салудан басталатыны. Ал айырмашылық отау тігу тойында сый-сияпат беру және үйлену тойына қыздың жақындарынан кімдердің баратыны жағында ғана бар. Кейінгі кездері құда түсіп келгенде бірден құдалық тойын жасау – қазіргі нарық заманындағы шығынды азайтудан туса керек.
Алайда келер күнді болжау адамның қалауына берлімегенін ескеріп, әуелі ұзатылар қыздың аманесен өз жұртына барып, ақ босағасын аттап, келін атанғанын көргеннен кейін құдалық тойын жасаудың мәні зор. Ертедегі ата-әжелеріміз де «Қызымыз аман-есен өз жұртына барып, судай сіңіп, тастай батсын» деген ниетпен құдаларын тойдан соң шақырып, төрін көрсеткен болар. Уақыт ағымы қалай өзгерсе де, нарық қалай құбылса да астарында терең маңызы бар салтымызды сақтасақ, сүрінбейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА