Тоқыма тоқып табыс тапқан қайсар қыз
Оның жаны нәзік. Ешқандай кедергіге қарамастан кәсібін ашты. «Ажур» шығармашылық үйінің иесі. Спортты сүйеді. Паралимпиада ойындарының жеңімпазы. Ешуақытта шағым айтпайтын қайтпас қайсар қыз ол – Дилафруз Махмадуллаева.
Дилафруз кішкене күнінен бері қолынан жібі мен инесін тастамай, қолы қалт етсе ойыншықтар тоқумен айналысатын шебер. Алақанының жылуы сіңген дүниелеріне кішкентай бүлдіршіндермен қатар ересектер де қызығады. Қолөнершінің осы іспен айналысып жүргеніне біраз жылдың жүзі болған. Тоқуды оқушы кезінде анасынан үйреніп, бастапқыда шұлықтар тоқуды ермек қылыпты. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезден бастап әжесі мен анасы тоқуға үйреткен. Содан бері өнердің бұл түрінен қол үзген емес. Жеті жасынан қолөнерді серік еткен Дилафруз егер басқа шаруаларым болмаса бір тәулікте бір ойыншықты тоқып бітіре алатынын айтты.
Амигуруми – жапон стиліндегі тоқыма өнері. Жапондықтар осы тәсілмен тоқылған ойыншықтарды жақындарына сыйға тартады екен. Дилафруз да ойыншықтарын тек сатып қоймай, сонымен қатар көпшілігін сыйға тартқанын айтады. Ол қайырымдылықпен көп айналысады. Қарттар үйіне барып тоқылған шұлық, жылы киімдер сыйға тартады. Балалар үйіне ай сайын барып шала туылған нәрестелерге тоқыма киімдер апарып, жаңа босанған аналарды өз ойыншықтарымен қуантып тұрады. Ол балалардың сүйікті мультфильм кейіпкерлері мен жануарларын тоқи отырып, балалық шаққа қайта оралғандай болатынын айтады. Ол өмірде өз ісін тапқанына дән риза.
Дилафруз 2018 жылы «Ажур»шығармашылық орталығын ашты. Ол 2018 жылы Zhas project жобасы арқылы қайтарымсыз 1 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болды. «Ажур» шығармашылық студиясында оқушыларға және ерсектерге тоқыма бұйымдарын жасап үйретеді.
35 жасар кәсіпкердің болашаққа қойған мақсаты да айқын. Оны мүмкіндігі шектеулі жан деп айтуға ауыз бармайды. Десе де ол бірінші топтың мүгедегі. Жұмысына, күнделікті күйбең тіршілікке мүгедектік арбасымен барып келеді. Өздігінен жүріп, тұра алмайды. 2 жасынан бері осылай. Бұлшық ет жұлын тамырларына зақым келгендіктен оны әкесі мен анасы көтеріп жүреді немесе арбаға отырғызады. Үнемі күлімсіреп жүретін ол шаруадан, тірліктен қашпайтынын айтады. Адам баласының жанына жақын, сүйікті ісі болса, сол саланы кәсіпке айналдырған жөн деп есептейді.
Бүгінде ол қасына өзінің көмекшісі әрі оң қолы Зухра Компликова, Балжан Бейсебаева, Наргиза Ахметованы алып, команда жасақтап, грант ұтып алды. Қолынан өнері тамған осы қыздардың арқасында шығармашылық ұжым болып отырғанын алға тартты. Айтпақшы, бұл шеберлердің де мүгедектігі бар. Ол адам баласының қаласа қамал алатынына сенеді. Мүгедектігіне еш налымайтын, артық сөзге емес, атқарылар шаруаға мән беретін ол бастапқы алты айда жалғызбасты аналарды, зейнеткерлерді, жағдайы төмен отбасынан шыққан немесе көпбалалы жанұяның балаларын тоқуға тегін үйретті.
Бүгінде бұл ұжым үшін шағын ғана мәселе туындап тұр. Ол мәселе лайықты жалға берілетін ғимарат таппауында. Көп адамдар бізді аяп, жалға төлемейді деп ойлайды, біз уақытылы төлеп отырамыз, тек сол ғимаратта мүгедектерге арналған кіру тетігі, арбаға арналған жол болса деп айтып қалды.
Бар болғаны олар үшін қолжетімді орта құру қажет. Олардың кедергісіз кіріп-шығуына, жүріп тұруына жағдай жасалса екен деп үміттенеді өнерлі қыздар. Осындай халықтың қауқары аз топтарына қаламыздағы көптеген ғимараттарында жағдай жасалмаған екен. Әрбір мекеме, дүкен, әлеуметтік нысандар, ғимараттарда пандустар болуы шарт. Арбаға таңылған кәсіпкердің айтар мұңы осы. Тағы бір айтарлығы, бұл шығармашылық ұжым тек мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана қолөнерге баулымайды. Кәдімгі дені сау адамдар да мұнда келіп, тоқыма өнерін игеріп жүр. Үйренушілердің алды шәлі, кардиган, бас киім, шәркей тоқып, бүгінде өз кәсіптерін ашқан.
Дилафрузға омыртқа бұлшық ет артрафиясы диагнозы қойылған.
Он с аус ағынан өнер тамған Дилафруздың ісіне, «Ажур» шығармашылық орталығына табыс пен береке тілейміз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА