Әлеумет

Көркемдікті жаны сүйетін жан

Тараз қаласындағы облыстық музейге қарасты Көркемсурет галереясы бар. Мұнда елімізге танымал суретшілер мен кескіншілердің көрмелері жиі өтіп тұрады. Тіпті, кейде мұнда көрмеден бөлек әртүрлі мазмұндағы жиындар да жиі ұйымдастырылып, көпшілік көп келеді. Ал сондай өнер адамдары мен келушілерге мәдени қызмет көрсетіп, алғысын алып жүрген кейбір қызметкерлердің еңбегі еленбей жататыны тағы бар.

Жуырда ғана мұнда облысқа белгілі суретші, карикатурашы, кескіндемеші Қали Қораласбаевтың тамаша көрмесі ұйымдастырылды. Ал мұндай өнер иелерінің қоржынындағы туындылар, яғни портрет, кескіндеме, басқа да бұйымдарының мұртын бұзбай көрмеге қою бір бөлек, оны сақтау жауапкершілігі тағы бар. Бұрнағы күні көрме галереяда ауқымды жиын өтті. Оған атсалысып жүрген көркемсурет галереясының меңгерушісі Балнұр Райқұлованы кездестіріп, әңгімеге тартқан едік. Мәдениет саласында 11 жыл төңірегінде еңбек етіп жүрген Балнұр Сембекқызы меңгерушілікке келгеніне алты жыл толыпты. Мамандығы – тарихшы. Тараз Мемлекеттік университетінің түлегі.

Жоғарыда атап өткеніміздей мұнда көрмелерден бөлек саяси, әдеби, әлеуметтік маңызы бар жиындар да өтіп тұрады. Мысалы, галерея қызметкерлері көрме залынан бөлек, Алматыда Ә.Қастеев атындағы музейде, Астанадағы Ұлттық музейде және басқа да қалаларда көшпелі көрмелер өткізеді. Биыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің симпозиумы осы галереяда ұйымдастырылды. Әлемнің тоғыз мемлекетінен келген суретшілердің туындылары осында қойылды. Бұл өте үлкен жауапкершілікті талап ететін жиын болғаны анық. Бірақ, мәдени маңызы жоғары болғандықтан Балнұр Сембекқызы секілді өз ісінің кәнігі мамандары мұндай істі аса үлкен жауапкершілікпен алып шықты.

Ерман ӘБДИЕВ