ЖРВИ жұқтырғандар саны 30 мыңнан асты
Өңірде жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау бойынша эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты деңгейде сақталуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы жылы 1-30 қазан аралығында облыс бойынша 30046 науқас дәрігерге жүгінген. Олардың 18310-ы – 14 жасқа дейінгі балалар, 1679-ы – бір жасқа дейінгі сәбилер, ал 303 жағдай жүкті әйелдерге тиесілі. Зертханалық зерттеу нәтижесінде 12 науқастан тұмауға жатпайтын вирустар, ал 5 науқастан тұмау вирусы анықталған.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, өңірде ЖРВИ жұқтырғандар саны 8,5 пайызға артқан. Дегенмен, барлық науқастарға тиісті емдеу шаралары клиникалық хаттамаға сай жүргізіліп жатыр.
Маманның айтуынша, тұрғындардың көпшілігі емханаға бармай, бірден инфекциялық ауруханаға келіп жатыр. Бұл өз кезегінде жүктемені арттырып, кезек тудырып отыр.
Жедел респираторлық вирустық инфекциялар – әлем бойынша ең жиі таралатын аурулар тобы. Олар жоғарғы және төменгі тыныс жолдарын зақымдап, жөтел, қызу, мұрын бітелуі және ентігу сияқты белгілермен байқалады. Ауру адамнан сау адамға ауа-тамшылары және тұрмыстық жолмен жұғады. Асқынған жағдайда бронхит, пневмония, менингит сияқты ауыр дерттерге ұласуы мүмкін. Сол үшін де дәрігерлер алғашқы белгілер пайда болғанда өздігінен ем қабылдамай, дәрігерге жүгіну керегін ескертіп, антибиотиктерді өз бетінше қабылдауға қатаң тыйым салады. Сондай-ақ иммунитетті күшейту үшін дұрыс тамақтану, дәрумен қабылдау және жылы киіну маңызды.
ЖРВИ мен тұмаудың маусымы әлі аяқталған жоқ. Дегенмен, облыста эпидемиологиялық ахуал толық бақылауда. Дәрігерлер тұрғындарды сабыр сақтап, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Мақпал СҮЙІНБАЙ