Балаларға жалақы қалай төленеді?
Бүгінде баласының еңбек еткенін қаласа да, олардың қауіпсіздігі үшін алаңдайтын атааналар көп. Кәмелеттік жасқа дейін баланың барлық жағдайын қамтамасыз ету ата-ананың міндеті. Қазақстан Республикасы Еңбек туралы заңында мектеп жасындағы жасөспірімдердің де табыс табуына тосқауыл қойылмаған. Бірақ, барлық бала 22:00-06:00-ге дейін ата-анасының жанынан табылуы шарт.
14-16 жас аралығындағы балаларға аптасына 24 сағат, 16 жастан бастап, кәмелетке толғанға дейін аптасына 36 сағат жұмыс істеуге рұқсат етілген. Балалар киноға түсе алады. Театр қойылымдарына қатысуға мүмкіндігі бар. Циркте өнер көрсетуіне болады. Атқаратын істері санасының дамуына, денсаулығына зиянын тигізбеуі керек. Он үш жастан асса, оқудан бос кезде ақша таба алады. Он алтыдан асса, жұмысқа орналасып, біліктілігін арттыруына рұқсат.
Ел заңында балаларға рұқсат етілмеген жұмыстар бар. Олар түнгі клуб, ойын залдары, темекі, ішімдік, психотроптық заттар қолданылатын барлық орын. Қаржыға жауапты қызметтер, зиянды өндіріс орындары, вахтада еңбек етуге жол берілмейді. Балалардың жалақысы қалай төленеді? Еңбек шарты тек 15 жастан асқан балалармен жасалады.
Ақысына көрсетілген, белгіленген сома жоқ. Сондықтан, жұмыс берушімен келіскен жалақыны ала алады. Жалақы кемі ең төмен жалақы көлемінде болуы тиіс. 18 жасқа толмағандар да, кәмелетке толғандармен теңестіріледі, еңбек заңында белгіленген жеңілдіктерді пайдалануға құқылы.
«Aq jol»-Aqparat.